Саясаттанушы Асқар Исатай — осылайша наразылық білдіргендердің бірі. Оның айтуынша, бүгінгі парламент сайлауымен салысырғанда алдыңғы жылы болған "президент сайлауы – Қазақстандағы демократияның салтанат құруы" деуге болады.
— 2021 жылғы бұл сайлау – Ақордадағы Тоқаев пен "кітапханадағы" Назарбаев бастаған қазіргі билік ұйымдастырған екіжүзділіктің, заңсыздық пен бассыздықтың шарықтау шегі! Мен өзім де саясаттанушы ретінде 2019 жылғы президент сайлауында Алматыда бақылаушы болдым. Бүгінгі масқарамен салыстырғанда президент сайлауы Қазақстандағы демократияның салтанат құруы десе болады. Ел азаматтарының заңды таңдау мүмкіндігі қалмағанда көзқарасыңды осылай білдіруге тура келеді, — деді Асқар Исатай.
Оппозициялық "Дат" газетінің редакторы Ермұрат Бапи да бюллетеньді "бүлдіргендердің" бірі. "Азаматтық ерік-жігердің парызын орындадық!... Ал сіздің қалауыңыз басқа болуы мүмкін. Бірақ қалай болғанда да, бізге билік тықпалаған ойын ережесі елдің көсегесін көгертпейтіні – көпшілікке ортақ түйсік!" деп жазды ол Facook-тегі парақшасында.
Кейбіреулер сайлау учаскесіне келіп, бюллетень алып, онда өз "кандидатының" есімін жазып кеткен. Мәселен бір сайлаушы АҚШ-тың биліктен кетіп бара жатқан президенті Дональд Трамптың есімін жазып қойған. Мұны да наразылық деп атауға болатын шығар.
Куәлігінің фотосы кабинадағы шам жарығынан шағылысып тұрғаны үшін кешірім сұраған белсенді Даная Қалиева биліктегі "Нұр Отан" партиясының тұсына "алаяқтар мен ұрылар партиясы" деп жазып қойған.
Бұған қоса, қазақстандықтар бюллетеньді саяси ұран айтатын транспарант ретінде пайдаланған. Бірі "Қазақстанға автократия мен жемқорлықтан бостандық" деп жазса, енді бірі "Аронға бостандық!" деп жазған (Арон Атабек – 15 жылға жуық түрмеде отырған ақын әрі диссидент).
Сайлау саласының маманы, "Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" (МИСК) қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ирина Медникованың айтуынша, көзқарасын бұлай білдірудің де тиімді жағы бар. Оның айтуынша, "ақылмен дауыс беру" әдісі (бюллетеньді бүлдіру) қазіргі жағдаймен келіспейтін адам санын білдіруі мүмкін.
— Наразылық білдіріп дауыс беретіндердің немесе бюллетеньді әдейі бүлдіретіндердің санын қосымша есептеу үшін бұл – өте жақсы әдіс, себебі ол наразылықтың шынайы ауқымын білуге мүмкіндік береді. Бүлінген бюллетеньдер учаскелік сайлау комиссияларының хаттамаларында көрсетіледі, барлық хаттамалардың көмегімен наразылардың санын білуге болады, — дейді Ирина Медникова.
Оның айтуынша, сайлау комиссиялары бүлінген бюллетень санын азайтып не көбейтіп көрсетпесе ғана наразы жұрттың санын білуге болады. Осы тұста тәуелсіз бақылаушының рөлі өте зор дейді маман.
Сарапшылардың айтуынша, бюллетеньде "барлығына қарсымын" деген нұсқаның болуы наразылықты "заңдастырған болар еді". Олардың айтуынша, биліктің тізімге мұндай нұсқаны қоспауы – наразы халықтың ауқымын көрсетуден қорыққанын білдіреді.
10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті өкілдік орган – мәслихаттар сайлауы өтті. Мәжіліске де, мәслихаттарға да депутаттар пропорционал сайлау жүйесі бойынша таңдалады, яғни тәуелсіз кандидаттар өз бетімен үміткер бола алмады. Додаға оппозициялық күштер жіберілген жоқ, оған тек елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі "Нұр Отан" партиясы және билікшіл төрт партия қатысты.
Сайлау алдында елдің әр аймағында сайлауды бақылағысы келген ондаған белсенді мен тәуелсіз бақылаушы ұсталып, жазаланды. Олардың арасында 5-10 күнге қамалғандары да бар.
Осыған дейін сайлаудың әділ өтетініне күмән келтірген белсенділер мен ұйымдардың кейбірі сайлауға белсенді бойкот жариялауға үндесе, кейбірі "Нұр Отаннан" басқа партияға дауыс беруге шақырған.
Сайлау күні елдің түкпір-түкпірінде билікке қарсы наразылық шаралары өтіп, 100-ден астам адам ұсталды.