Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановтың әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалды деп жазды Қазақстан ІІМ жауабына сүйенген ҚазТАГ агенттігі.
"Сауалда көрсетілген факт бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 389-бабы (өзінше билік ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде тергеп-тексеру мақсатында тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр" деп жазылған ресми жауапта.
Бұған дейін кәсіпкер Қанат Амиркин Нұржан Нұрлановты өзінен "Алатаудорстрой" компаниясын тартып алып, ақша бопсалады деп айыптаған. Кәсіпкердің өзі 1 сәуірде агенттікке тергеу жүріп жатқанын растаған.
"Тергеу жүріп жатыр. Компанияны қайта рәсімдеу фактісі бойынша әзірге осындай бап ("Өзінше билік ету"), бірақ бұл іс компания мәселесі ("Алатаудорстрой" - ҚазТАГ) бойынша рейдерлікке ауыстырылатын шығар деп отырмын. Бұған қоса, шығыс айналма жолы бойындағы жер телімін иеліктен шығару бойынша алаяқтық бабы болуы әбден мүмкін" деді Амиркин.
Мәжілістің экс-спикерінің ұлы Нұржан Нұрланов Қаңтар оқиғасына дейін 2019 жылдың ақпан айынан бері "ҚазМұнайГаз-Аэро" компаниясының бас директоры болған. Ол бұл қызметтен 2022 жылы мамырда кетті. 2014 жылдың ортасында нарықта пайда болған "Қазмұнайгаз-Аэро" үкімет қаулысымен қарулы күштер мен ҰҚК шекара қызметіне, ұлттық гвардияға, төтенше жағдай министрлігіне бензин, дизель, мазут, авиация отынын тасымалдайтын бірыңғай оператор ретінде бекітілген еді.
"ҚазМұнайГаз-Аэроға" дейін Нұрланов 2018 жылдың қаңтарынан бері "Бәйтерек" ұлттық холдингі басқармасының мүшесі болды. Ол бұдан да басқа лауазымды орындарда отырған.
Нұржан Нұрлановтың өзі бұған дейін өзіне қатысты шыққан ақпараттарға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Оның қазір қайда екені белгісіз. Жуырда оппозициялық "Бәсе" арнасы оның Қазақстан азаматтығынан бас тартып, Дубайда тұрып жатқанын жазған.
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдардың бірі саналатын оның әкесі Нұрлан Нығматулин 2022 жылы ақпанда мәжіліс спикері қызметінен кеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дубайдағы Қазақстан: қазіргі және бұрынғы депутаттар