Ресейдегі Рязань мұнай өңдеу зауытына бір жылда үшінші рет дрон шабуылдаған. Ресейлік telegram-арналар кәсіпорын аумағында өрт болып жатқаны көрінетін видеолар жариялады.
Мұнай өңдеу зауытындағы өрт туралы әзірге ресми ақпарат жоқ. Зардап шеккендер туралы дерек берген жоқ. Ресей қорғаныс министрлігі дрон шабуылына тойтарыс бергені туралы жаңа ақпаратында Рязань облысын да атаған, ол жақта екі дронды атып түсіргенін айтты.
Ресей Орлов облысында – 16 дронды, Брянск облысында – үш дронды, аннекcияланған Қырымда бір дронды атып түсіргенін хабарлады.
Бұған дейін Рязань зауытына 24 қаңтарда және 26 қаңтарда шабуыл жасалғаны хабарланған. Бірінші жолы мұнай өңдеу зауытының өзі шабуылға ұшыраған, ол Ново-Рязань жылу электр орталығы маңында орналасқан.
26 қаңтардағы екінші шабуылды Украина қарулы күштерінің бас штабы растап, нысанаға алынған кәсіпорын Ресей армиясына қажет дизель және реактивті отын өндіреді деп мәлімдеген, зауыт аумағында жарылыс және өрт болғанын хабарлаған.
ASTRA басылымының есебінше, Украина қарулы күштері бір жылда Ресейдегі 27 отын-энергетика нысанына шабуыл жасаған. Көбіне дрон ұшырған, зымыран да қолданған. Рязань мұнай өңдеу зауыты мен Воронеж облысындағы мұнай базасы бірнеше рет шабуылға ұшырады.
Рязань мұнай өңдеу зауыты 1960 жылы пайдалануға берілген, қазір ол "Роснефть" бақылауында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Самара облысындағы "Роснефть" құрамындағы мұнай өңдеу зауытына дрон шабуылдады