22 қарашада Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы көпқабатты үйдегі пәтерде өрт шығып, екі бала терезеден секірді. Олар қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Бұл туралы "Мой Город" сайты жазды. 22 қарашада әлеуметтік желіде өрт орнынан түсірілген видео тарады. Онда кішкентай екі баланың төртінші қабаттағы терезеден төмен қарай секіргені көрінеді, оларды төменде ер адамдардың мата керіп қағып алғаны байқалады. Өкінішке қарай, екінші бала құлаған кезде матаның шеті жыртылып кетті деп жазды "Мой Город".
БҚО денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен үш адам Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізілді деп хабарлады.
"4 және 8 жастағы екі бала, сондай-ақ 43 жастағы әйел реанимацияда жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалады. Олар емделіп жатыр" деді басқарма.
БҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, пәтер ішіндегі жиһаз бен басқа заттар жанып кеткен. Өрт сөндірушілер 12 адамды эвакуациялады деді департамент.
Өрт таңертеңгі 9:47-де сөндірілген. Өрттің неден шыққаны белгісіз. Жергілікті әкімдік зардап шеккендердің отбасына көмектесуге уәде берген.