Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында тағы бір беймәлім ұшқышсыз аппарат табылды. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық полициясы хабарлады.
Ұшқышсыз аппарат құлғаны туралы алғашқы ақпарат 24 наурызда тараған. 25 наурыз таңертең БҚО полициясы ақпаратты растап, дрон табылуына байланысты тексеріс жүріп жатқанын хабарлады.
«Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірге Жәнібек ауданында ұшқышсыз ұшатын аппарат қалдықтарына ұқсас зат табылуына байланысты тексеру жүргізіп жатыр. Нысан елді мекендерден қашықтан, шалғай ауданннан табылған» деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті.
Құлаған аппарат қайдан келгені әзірге нақты емес. Жәнібек ауданы Ресейдің Волгоград және Саратов облыстарымен шектеседі. Жақында Саратов облысын Украина дрондары шабуылдап, Энгельс қаласындағы аэродромды атқылаған.
Соңғы 1,5 айда облыс аумағында қайдан келгені белгісіз дрондар екі мәрте табылған. 18 наурызда Тасқала ауданында көлемі үш метрдей болатын ұшқышсыз аппарат құлаған. Онда да полиция тексеріс жүргізіп жатқаны айтылған.
Ал 18 ақпанда Батыс Қазақстанның Бөкей ордасы ауданында ұзындығы 120 сантиметрдей болатын дронды жергілікті тұрғын байқап, полицияға хабарлаған. Ол Ресейдің «Орлан-10» аппаратына ұқсас деген болжам айтылған. Бұл аудан Ресейдің «Капустин Яр» әскери полигонынан шамамен 250 шақырым жерде орналасқан. Батыс Қазақстан облысында шамамен 1 млн гектар жерді Ресей әскери сынақ алаңы ретінде жалға алып отыр. Полиция бұл оқиға бойынша әлі түсініктеме берген жоқ.