Былтыр 9 тамызда Беларусьте өткен сайлауда авторитар президент Александр Лукашенконың жеңіске жеткені хабарланып, жаппай дауыс ұрланғанын алға тартқан миллиондаған адам наразылық акцияларына шықты. Азаттық радиосы елде содан бері не өзгергенін зерттеп көрді.
Еуропа жеріндегі Беларусьте маңызды оқиға жиі болса да, мемлекеттің өзі көзге сирек түсетін. Бірақ 2020 жылғы 9 тамыздағы сайлаудан соң елде наразылық өршіп, Беларусь бір жыл ішінде адам танымастай өзгерді.
БЕЛАРУСЬТЕ НЕ БОЛДЫ?
Былтыр президент сайлауында Совет одағының шекпенінен шыққан авторитар президент Александр Лукашенконың үлкен басымдықпен жеңіске жеткені хабарланды. Осылайша елді 1994 жылдан бері басқаратын адам алтыншы мерзімге бармақ болды. Бірақ ресми нәтижеге сенбеген халық бірнеше ай бойы көшеге шығып, биліктің жойқын қатыгездігіне тап болды. Полиция мен қауіпсіздік күштері наразылыққа шыққандарды аяусыз басып-жаншыды: 33 мыңнан астам адамды ұстап, мыңдаған адамды ұрып-соғып, азаптады. Ал Минскідегі Окрестина түрмесіндегі зорлық-зомбылық қалыпты жағдайға айналды.
Билік оппозиция лидерлерінің көбін қамауға алды. Ал тағы біразы елден кетуге мәжбүр болды. Олардың қатарында Беларусь режимі сайлау алдында қоғамдық тәртіпті бұзды деп қамауға алған видеоблогер Сергей Тихановскийдің әйелі Светлана Тихановская бар. Жұрт күйеуінің орнына сайлауға түскен Тихановская саяси додада жеңді деп санайды.
Содан бері белорус оппозициясының ең белді өкіліне айналған Светлана Тихановская Еуропадағы бірқатар лауазымды тұлғамен, өткен айда АҚШ президенті Джо Байденмен кездесті.
Билік сайлаудан кейін демократиялық топтарды басып-жаншыды. Ал репрессиядан үрейленген халық наразылық акцияларын тоқтатуға мәжбүр болды. Лукашенко режимі азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-ты толықтай бақылауға көшті. Литва Лукашенконы көші-қон дағдарысын әдейі ұйымдастырып, Батыстан кек алу үшін мигранттарды Беларусь арқылы Еуропаға заңсыз өткізіп жатыр деп айыптады.
Кейінгі бір жылда консервативті елде Лукашенко әлсіз көретін әйелдер сайлауға түсіп, оппозициялық қозғалыстың алдыңғы шебінен көріне бастады. Бұл үміт отын тұтатқандай болды. Совет одағына дейінгі тарихқа қызықпаған белорустердің көбі бұрынғы символдарына қайта орала бастады. Мамандар ұлттың оянып жатқанын айтады. Бір жылда тағы не өзгерді?
БАСПАСӨЗ ҚҰРАЛДАРЫН БҰҒАТТАУ
Даулы сайлаудан кейін Александр Лукашенко ақпарат құралдарын бақылауға көшті. Мемлекеттік БАҚ өзгеше ойлайтындарды көтере алмай қалды. Билікке бағынғысы келмейтін журналистерді жұмысынан шығарып, кейбірінің орнына Ресей мемлекеттік баспасөз құралдарының редакторлары келді.
Мемлекет пропагандасынан тыс ақпарат алғысы келген белорустер үшін тәуелсіз медианың орны ерекше болды. Олардың көбі әлеуметтік желілерден, әсіресе, Телеграмдағы Nexta-Live арнасынан ақпарат алды.
Лукашенко режимі бұл арналардың да соңына түсті. Парламент қылмыстық кодексті өзгертіп, рұқсатсыз митинг өткізуді қылмысқа теңестірді. Осылайша журналистерге айыппұл салынып, тіпті, қамауға алынатын болды.
Тәуелсіз БАҚ-ты басып-жаншу былтыр шілдеде күшейді. Билік 11 журналисті қамап, 20-дан астам іздеу операциясын өткізді. 8 шілдеде жаңалық тарататын 3 веб-сайтты бұғаттады. Минск алғашқылардың бірі болып елдегі ең танымал және бұрыннан келе жатқан "Наша Нива" газетін жапты. Басылым қазір тек интернетте хабар таратады. Сонымен қатар билік Tut.by интернет-дүкенін, Азаттық радиосының Беларусь қызметін де нысанаға алды.
Сондай-ақ Лукашенко Беларусь журналистерінің ассоциациясын жабу туралы шешім қабылдады. Құқық қорғаушы топтар халықаралық қауымдастықтан тиісті шара қабылдауды сұрады.
"Беларусьтегі тәуелсіз журналистер ел тарихындағы зұлмат кезеңдердегідей қудалауға түсті" дейді "Шекарасыз тілшілер" ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бөлімінің басшысы Жанна Кавелье.
Беларусь – Еуропадағы журналистер үшін ең қауіпті ел. 2021 жылғы баспасөз бостандығы индексінде ол 180 мемлекеттің ішінде 158-орында тұр.
МИГРАНТТАР АРҚЫЛЫ КҮРЕСУ
23 мамырда Беларусь Грекияның Афина қаласынан Литва астанасы Вильнюске бара жатқан жолаушы ұшағын Минскіге мәжбүрлеп қондырып, ұшақтағы журналисті алып қалды. Александр Лукашенко жолаушы ұшағын Минскіге бұру үшін әскери ұшақ пайдалануды бұйырған. Одан кейін билік Nexta-Live арнасының бұрынғы редакторы Роман Протасевич пен оның ресейлік құрбысы София Сапеганы ұстаған.
Your browser doesn’t support HTML5
Бұған ашуланған Еуроодақ, АҚШ және басқа да елдер Белавиа компаниясының рейстерін қабылдамай, осы елдердің рейстерінің көбі Беларусь әуе кеңістігінен өтпейтін болды. Александр Лукашенко бұған жауап ретінде Еуропаға мигранттар мен есірткі жіберетінін айтты. Содан кейін Тихановская мен басқа да белорустерге баспана берген Литвадағы жауапты тұлғалар Беларусьпен шекараны кесіп өткен мигранттар легі артқанын байқаған.
Беларусь пен Литва шекарасы 680 шақырымға созылады. Оның көп бөлігі Еуроодақтың сыртқы шекарасы саналып, 40 пайызға дейінгі жері электронды құралдар арқылы бақыланады.
Азаттықтың Беларусь қызметі сол жерде болып, Ирактан Беларуське ұшып келген жүзге жуық адамға Oscartur және JoodLand туристік агенттіктері көмектескенін көрген. Вильнюс дерегінше, бүгінге дейін Литва-Беларусь шекарасын 3800-ден астам мигрант заңсыз кесіп өткен.
"Бұл оппозиция режимін қолдайтын елдерді қорқытудың тағы бір амалы. Лукашенко режимін жауапсыз және қауіпті әрекетті тоқтатуға шақырамыз" деді Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының АҚШ миссиясы 5 тамыздағы мәлімдемесінде.
Сол күні Польша шенеунігі Беларусь өз шекарасы арқылы мигранттарды әдейі жіберіп жатыр деп айыптап, Минск "Еуроодақпен гибридті соғыс жүргізіп жатыр" деп мәлімдеді.
ӘЙЕЛДЕРДІҢ РӨЛІ
Светлана Тихановская былтыр мамырда күйеуі Youtube-те "Страна для жизни" (Өмір сүруге қолайлы ел) арнасында жемқорлықты әшкерелейтін влогер Сергей Тихановский қамауға алынғаннан кейін таныла бастады. Аса құлшынбаса да, ол күйеуінің орнына сайлауға түсуге келіскен. Тағы бірнеше ер адам кандидат болғысы келгенімен, сайлау бюллетеньдеріне тек Светлана Тихановскаяның аты түсті. Мұның бір себебі – әйелдерді "байғұстар" деп атайтын Александр Лукашенко оны қарсылас санамады.
Сайлауалды кампания кезінде қоғамға танылып, митингілерде сөйлегендер қатарында Светлана Тихановская, Минскідегі Hi-Tech Park-тің негізін қалаған Валерий Цепкалоның сайлауалды науқанын жүргізген Вероника Цепкало, Белгазпромбанктің бұрынғы басқарма төрағасы Виктор Бабариконың кампаниясын жүргізген Мария Колесникова бар.
Былтыр Светлана Тихановская жұдырығын түйіп тұрған, ал Вероника Цепкало жеңіс символы саналатын V әрпін, Мария Колесникова қолымен жүрек формасын көрсетіп тұрған сурет кең тарап, сайлаудың символына айналған еді.
"Бұл үштік Лукашенкоға мүлдем қарама-қайшы келеді, дейді Азаттықтың белорус қызметіне АҚШ-тағы Атлант кеңесінің журналисі Любакова. "Олар мейірімді еді, адамдарға жаны ашитын, тыңдайтын. Жаңа, әділ сайлау өткізгісі келді. Адамдарға шынайы сайлау мүмкіндігін беруді мақсат етті. Олар ерлердің орнына алға шығып, тәуекелге барды. Қоғам да мұны бағалаған тәрізді".
Қазір Светлана Тихановская Литвада тұрады. Валерия Цепкало да отбасымен елден кеткен. Ал шілдеде Виктор Бабарико 14 жылға түрмеге қамалды. Оған жемқорлық айыбы саяси астармен тағылғаны күмән туғызбайды.
Ал 7 шілдеде Мария Колесникованы Минск орталығында маска таққан адамдар ұстап, бір күннен соң Украина шекарасына жеткізген. Колесникова шекарадан өту бұйрығын орындамай, паспортын жыртып тастаған. Содан кейін оны Минскіге апарып, түрмеге қамаған.
4 тамызда Мария Колесникова мен тағы бір оппозиционер Максим Знакқа "төңкеріс жасап, экстремистік ұйым құрмақ болды" деген айып тағылып, сот отырысы өтті. Жабық сот отырысы басталмас бұрын Мария Колесникова билеп тұрған.
Наразылық акциялары енді басталғанда да Беларусь көшелеріне әйелдер шығып, ниеттестік тізбегін ұйымдастырды.
"Солардың арқасында қоғамда әйелдерге деген көзқарас өзгеріп жатыр" дейді Любакова.
ҰЛТТЫҢ ОЯНУЫ
Митингілер мен наразылықтар кезінде Лукашенконың қарсыластарының символына айналған ақ-қызыл-ақ ту еркіндіктің белгісі болды. Александр Лукашенко 1995 жылы даулы референдум кезінде бұл тудан бас тартып, оның орнына Совет кезіндегі республикалық туға ұқсайтын жаңа ту бекіткен еді.
Кейінгі бір жылда бұл ту ерекше назарда болды. 74 жастағы Нина Багинскаяның туды тартып алмақ болған полицияға қарсы шығуы наразылықтардың символына айналды. Ақ-қызыл түс шұлықтан бастап балкондарға дейін тұрды.
Александр Лукашенко режимі оппозиция туын "фашист жалшыларының белгісі" деп атап, ақ-қызыл түсті нәрсе ұстағанның бәрін қудалауға көшті. Тіпті, ақ-қызыл түсті шұлық кигендерге айыппұл салып, сюрреалистік жағдайға жетті.
Сонымен қатар наразылар Беларусь жерінде ғасырлар бойы қолданылған елтаңбаны биікке көтерумен болды. Онда қызыл фонда ақ түсті салт атты адам бейнеленген.
Бұл символдар арқылы белорустер елдің советтік кезеңге дейінгі тарихын еске түсіреді. 14-18 ғасырларда Беларусь Польшамен бірге Еуропадағы ең ірі держава болған Литовский княздігінің құрамына кірген дейді британ тарихшысы Норман Дэвис.
"Тарихи туда Польшада ақ бүркіт, ал Литовский князьдігінде салт атты бейнеленді" дейді Еуропа тарихы туралы ондаған кітап жазған Дэвис Азаттық радиосына берген сұхбатында.
Гербті ұстаған наразылар "Біз орыс емеспіз, ата-бабамыз ұлы Литовский княздігінен шыққан" деумен болған.
1940 жылы жазылып, 1993 жылы елдің әнұраны ретінде ұсынылған "Магутны Божа" да былтырғы наразылықтар кезінде демократиялық қозғалыс символына айналды. Халық әнді метрода, сауда орындарында айтумен болды.
Белорустер ешқашан ақ-қызыл түсті ту мен "Пагония" гербін осылай қабылдаған емес дейді сарапшы Ханна Барабан.
"Қоғамның белорус тіліне, тарихына, музыкасына қызығушылығы артты. Мысалы, Минск көшелерінде белорус музыканттары көп концерт өткізді. Бұл олардың бір ұлт екенін танытатын әлеуметтік спектрдің не екенін түсініп жатқанын көрсетеді" деді Барабан Азаттық радиосына.
"Белорустер бұған дейін тарихына, тіліне, өнеріне қызықпады. Ұлттық идея туралы айтудың өзі артық. Былтыр тамыздағы жағдайларды "ұлттың оянуы" деп атауға да болады" дейді Барабан. "Меніңше, азаматтық қоғамға, тәуелсіз БАҚ-қа, үкіметтік емес ұйымға деген қатал репрессиядан кейін әртүрлі наразы топтар әлемде өз орны бар бір ұлт ретінде бір-біріне жақындай түсті".
Мақала Азаттық радиосы Беларусь қызметімен бірге жазылды.