Еуропа одағы санкция салынған Беларусь шенеуніктерінің тізімін жариялады. 15 адамнан тұратын тізімді Александр Лукашенко бастап тұр. Бұл ақпарат Еуроодақтың ресми жүрналында жарық көрді.
Тізімде Александр Лукашенко, оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Виктор Лукашенко, президент әкімшілігінің басшысы Игорь Сергеенко, ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Иван Тертель, ақпарат министрінің орынбасары Игорь Бузовский, конституциялық сот төрағасы Петр Миклашевич, президенттің баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонт, ішкі істер министрлігінің лауазымды тұлғалары және басқа да шенеуніктер бар.
Жақында Еуроодақ мүшелерінің тұрақты өкілдері Беларусьте сайлауды бұрмалауға және бейбіт тұрғындарға қарсы күш қолдануға қатысы бар деген 15 шенеунікке санкция салу туралы уағдаласқан. Олардың Еуроодаққа кіруіне тыйым салынады және активтері бұғатталады.
Бүгін, 7 қараша – президент сайлауының нәтижесіне наразылықтың 90-күні. 9 тамызда өткен президент сайлауында алтыншы рет президенттікке түскен Александр Лукашенко жеңімпаз деп жарияланған. Оппозиция сайлау нәтижесімен келіспей, Лукашенкодан орнынан кетуді талап етумен келеді.
Минскідегі кей наразылық шараларына 100 мыңдап адам қатысқан. Оппозицияның шетелде тұратын жетекшісі, президенттіктен экс-үміткер Светлана Тихановская 26 қазаннан елде жаппай ереуіл бастауға шақырған.
Билік бейбіт шеруге шыққандарға күш қолданып келеді. Ереуілге қатысқан адамдарды жұмыстан, оқудан шығару фактілері көп тіркеліп жатыр.
7 қарашада Беларусь қалаларында кезекті әйелдер маршы өтіп жатыр. Минскідегі 1 аурухана қасында микроавтобустар мен автозактар тұр. Полиция ереуілге қолдау білдіріп шыққан 20 медицина қызметкерін қамады.
Музыканттар, видеооператорлар, режиссерлар және телеарналардың жүргізушілері мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне арналған видеоүндеу таратты. Түрлі мамандық иелері «күшпен жұмыс істетуге болмайды», «алдау-арбаудың көмегімен даму мүмкін емес» деп Лукашенко билігін ашық сынап, жұртты жұмыссыз қалудан қорықпауға, ынтымақ, бірлік танытуға шақырды.