Беларусьтің тиын ақшасына балалар қақалып жатыр

Тиын жұтқан баланың рентген суреті. Минск, 13 тамыз 2016 жыл.

Беларусь шілде айында темір ақшаны валюта айналымына қайта енгізді. Содан бері копейкаға (тиынға) қақалған балалар көбейген.

Беларусь темір ақшаны қайта енгізді, ал дәрігерлер тиын жұтқан балалардың өмірін сақтап қалуға тырысып жатыр. Совет Одағы тараған соң тек қағаз ақшаны қолданып келген белорус халқы балалар тиынға қақалады деген уайымды ұмытқан еді. Бірақ шілденің 1-інен бастап айналымға енген жылтыр әрі ұсақ темір ақшалар қолына тигенді аузына салатын сәбилерге қауіпті болып тұр.

Темір ақшаның сегіз түрі қолданысқа енгеннен бастап Минскідегі ғылыми-тәжірибелік балалар орталығының дәрігерлері оның шынымен қауіпті зат екенін түсінді. Шілденің бастапқы екі аптасында күніне 10-нан астам тиын жұтқан бала хирургтер жәрдеміне жүгінген.

Олардың жартысына анестезия көмегімен операция жасаған. Баланың аузына эндоскоп аталатын түтік аспап салынады, сонымен жұтқыншақ, асқазан және жоғарғы ішекті қарап шығады. Медициналық мекемедегі балалар хирургиясы бөлімінің жетекшісі Александр Свирский Азаттық радиосына тиын жұтатындар негізінен 2-5 жас аралығындағы балалар екенін айтады.

Свирский «Біз екіден бес жасқа дейін баланың ақпаратты көп қабылдайтынын білеміз. Олар әлемді көзбен ғана емес, дәм арқылы да таниды. Балалар, әсіресе, жылтырап тұрған, сыңғырлаған дауыс шығаратын заттарды аузына салуға әуес болады» дейді.

Дәрігер Александр Свирский.

Свирский басқаратын бөлім жаңа ақша қолданысқа кірмей тұрып «мұндай жағдайдың болатынын болжаған», тіпті хирургиялық құрал сатып алған. «Біздің елде тұтас бір буын тиын көрмей өсті. Сондықтан біз темір ақша жұтатын балалар саны көп болатынын шамаладық» дейді ол.

Свирский қызметкерлері шілденің 1-іне дейін де копейка жұтқан балаларға көмектескен, бірақ олар шетелдік тиындар еді және ондай оқиғалар саны да аз болатын.

Минскідегі педиатриялық хирургия орталығының эндоскопист маманы Олег Паталета ауруханада «нумизматикалық коллекция» бар екенін айтады, оның ішінде Украина, Әзербайжан мен Біріккен Араб Әмірлігі елдерінің тиындары, еуро пайда болғанға дейінгі француздардың франкі мен немістердің тиыны бар екенін баяндады. Шілденің ортасынан бастап Беларусь ақпарат құралдары тиын жұту оқиғасының көбейгені туралы ескертті, ата-аналар да балаларға мұқият қарай бастаған тәрізді.

Шілдеде енгізілген жаңа тиындар.

Шілденің соңында медициналық орталыққа бұндай шағыммен күніне бір-екі бала келетін болды. Свирский қыркүйектің 1-і күні оқу жылы басталғанда оқиға қайталануы мүмкін екенін айтады. «Ата-аналар бұл мәселеге көңіл бөлгенді азайтады, бірақ балалардың қызығушылығы азаймайды» дейді ол.

Балалар хирургия бөлімінің жетекшісі ата-аналардың барынша сақ болып, ұсақ заттарды балалардың қолы жетпейтін жерге қою керек екенін ескертеді. «Үйдің ішіндегі баланың көзі мен қолы жететін жерлерді мұқият зерттеңіз» дейді ол. Маманның айтуынша, балалар үшін темір ақшадан да қауіпті заттар бар.

Сағат, ойыншық, жарқылдаған әшекей бұйымдар, есту аппараттары және түймедей батареялар өте қатерлі. Тіпті батареяның қуаты бітсе де ол бөлетін гидроксид баланың ішін күйдіріп кетеді.

Антон Трофимович пен Рон Синовицтің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.