"ЕАЭО-дан шығу керек". Билік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала ма?

Көк базарда жеміс-жидек, көкөніс сатып тұрған адамдар мен сатушы. Алматы, 2 наурыз 2022 жыл.

Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы салдарынан туындаған азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі Қазақстан үкіметін төтенше шаралар қабылдауға мәжбүрледі. Қымбатшылыққа қарсылықтан туындаған Қаңтар оқиғасын өткерген билік бағаның өсуін тоқтата алмады. Сарапшылар азық-түлік қауіпсіздігінде жемқорлық, латифундистер, субсидияны дұрыс пайдаланбау, үкіметтің сылбыр жұмысы қауіп төндіріп тұр деп санайды.

Ақпанда Ресей әскерінің Украина аумағына басып кіруінің соңы Мәскеуге қарсы халықаралық санкциялар легіне ұласты. Тиісінше, Ресеймен жақын байланыстағы елдердің ұлттық валюталары құнсызданып, азық-түлік бағасы шарықтап кетті. Бұл, әсіресе, Ресеймен бірге Еуразия экономикалық одағына мүше (ЕАЭО) елдерге (Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан) ауыр сын болды. Өйткені санкцияға дейін де осы елдер үшін одаққа мүшелік пайдалы жағынан таныла қоймаған еді. ЕАЭО негізінен Ресейге тиімді болып келген. Сондықтан да болса керек, Мәскеуге қарсы санкциялар күшейгенде ЕАЭО елдерінде одақтан шығу жайы жиі айтылатын болды. Одақ елдері үкіметтері азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету үшін кеңестер мен жұмыс тобын құрып, дағдарысты реттеу жолын қарастыра бастады.

САНКЦИЯ САЛДАРЫ

Қазақстанда наурыздағы тұтыну бағасы 12 пайызға өскен соң ел үкіметі дағдарысқа қарсы жоспарды бекітті. Азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз етудің ортамерзімдік жоспары деп аталған шара 2022-2024 жылдар аралығындағы жағдайды реттеуге бағытталған. Бұл шаралар азық-түлік нарығын нақты өніммен қамтып, азық-түліктің физикалық қолжетімділігін, керек кезінде азық-түлікті алып келу мүмкіндігін қарастыратын азық-түліктің экономикалық қолжетімділігін және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.

Билік Қазақстанда жеткілікті азық-түлік қоры бар деп есептейді. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қоры 1,4 млн тонна шамасында екендігі жарияланған. Ал бидайдың қоры 6,4 млн тонна шамасында деп есептеледі. Азық-түлік қоры күн сайын толықтырылып, жаңартылып отыратыны да хабарланған.

Наурызда үкімет кәсіпкерлердің ұсынысымен дағдарысқа қарсы шаралармен айналысатын шұғыл штаб құрған. Штаб Ресейге қарсы санкцияның Қазақстанға әсерін азайтумен айналысуы тиіс.

Әлемдік банктің есебінше, былтыр Қазақстан жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсімі 4 пайызды құраса, биылғы өсім 1,8 пайыздан аспайды деп болжанған. Тиісінше инфляция мөлшері былтыр 8 пайыз болса, биыл бұл көрсеткіш 10,5 пайызды құрауы мүмкін.

Ал өткен айда Ресейдің бидай экспортын тоқтатуы салдарынан Қазақстан да бидай мен ұн экспортына квота енгізді. Сәуірден бастап Қазақстан сыртқа 1 млн тоннадан аспайтын бидай мен 300 мың тоннадан аспайтын ғана ұн экспорттай алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Экспорт шектеудегі мүдделер қайшылығы. Қазақстан бидайы қай диірменге барады?

Әлемдік банк Ресейдің Украинаға қарсы соғысы салдарынан көптеген елдердің азық-түлік экспортын шектеуіне алаңдаушылық білдіріп, оның соңы бағаның қымбаттауына апарып соғатыныны айтып, алаңдаушылық білдірген. Сондайда Еуропа Одағы, АҚШ және Канада тәрізді елдер азық-түлік экспортына тыйым салмауы керегін және оған басқа да елдерді қосылуға шақырған. БҰҰ есебінше, Ресейдің Украинаға басқыншылығы әлемдегі азық-түлік бағасын 22 пайызға дейін өсіруі мүмкін. Ал мамандар ғаламдық азық-түлік дағдарысы салдарынан кедей елдерде ондаған миллион адамның аштыққа ұшырауы ықтимал деп санайды. Украина мен Ресей әлемдік нарықта бидайдың үштен бірін және жүгерінің бестен бірін қамтамасыз етіп келген болатын.

"КҮН КҮРКІРЕМЕЙ КІСІ ШОҚЫНБАЙДЫ"

Экономист Мақсат Халық қазіргі жағдайда қымбатшылықтан құтылу қиынға соғып тұр деп есептейді. "Үкімет азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз етумен қатар қымбатшылық екпінін бәсеңдете алады, бірақ қарқынды әрекеттерге барып отырған жоқ" дейді ол.

Экономист биыл астықтың сапалы тұқымын шетелден сатып алу мәселесі кідіріп жатқанын айтады. Сөзінше, былтырғы қуаңшылықтан кейін Қазақстан астығының тұқымы құрғақшылыққа төтеп бере алмайтыны анықталған.

– Ресей бидай экспортына тыйым салғаннан кейін Әзербайжан тәрізді елдер де Қазақстан бидайына сұрау салып отыр. Бұл бір жағы мүмкіндік. Егістікті қазір молынан ексек, рекордтық дәрежеде өнім алсақ, артылғанын көрші елдерге сата аламыз, – дейді Мақсат Халық Азаттыққа.

Экономистің айтуынша, азық-түлік саласында Қазақстан өзін-өзі қамтамасыз етеді деп есептелгенімен, май, қант, сүт өнімдерін көбіне Ресейден алады. Жеміс-жидек мәселесінде де проблема көп.

Мақсат Халық дағдарысқа қарсы шаралармен айналысатын шұғыл штабтың нақты немен айналысып жатқаны белгісіз дейді. Штабтың құрылғаны жарияланғанымен, оның күнделікті атқарып жатқан шараларынан қоғам хабарсыз қалып отыр.

Экономист Қазақстан үкіметінің алдын-ала туындауы мүмкін қатерлерге дайын емес екенін айтады.

– Мысалы, былтыр картоп пен сәбіз бағасы аяқ астынан қымбаттағанда, үкімет соны алдын-ала бағамдай алмады. Былтыр қаншама мал қырылды, қанша егіс аз шықты. Жем-шөп қымбаттағандықтан, жұмыртқа және ет бағасы да өсті, – дейді Мақсат Халық. – Ықтимал қауіптен қорғайтын стратегиялық жоспардың жоқтығы – үкіметтің ең үлкен кемшілігі. Билік мәселе туындағанда ғана тыпырлайды. Мұның соңы қаншама артық шығынға соқтырады, қаншама ресурс зая кетеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Доллар арзандаса да, азық-түлік қымбаттап барады

Осындай көріністің қалыптаcқанын Public Policy Research Center директоры, экономист Меруерт Махмұтова да қуаттайды. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясы басталған кезде шекаралар жабылып, азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз етуде айтарлықтай қиындықтар туындаған еді. Махмұтова осындай дағдарыстан биліктің жеткілікті сабақ алмағанын айтады. Ол үкіметтің кешенді шаралардан гөрі орта жолда қалыптасқан кезекші шараларға бұрылып кететінін айтып, сынайды.–

– Пандемия тұсында үкімет азық-түлік қорын сақтау үшін сауда-тарату орталықтары қоймасын салумен айналысып кетті. Бұл да керек шығар, бірақ оған әлдебір олигархтардың қатысы бары айтылды. Ал пандемияға дейін де, одан кейін де үкіметтің әрекеті орыс халқының мақалында айтылатын "күн күркіремей, кісі шоқынбайды" дегенге саяды, – дейді Меруерт Махмұтова.

"АУЫЛДА ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ОРЫНЫ ҚАЛЫПТАСПАДЫ"

Экономист Меруерт Махмұтова Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігі жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеген деп есептейді. Оны ол ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылық өнімдері үлесінің аздығымен байланыстырады.

- Ауыл шаруашылық өнімдері 1991 жылы ЖІӨ-нің 34 пайызын құрайтын еді. Қазір оның мөлшері 4,7-5 пайыздан аспайтын болды. Бұл 30 жылдың ішінде ауыл шаруашылығы өнімдері жеті есе құлдырағанын көрсетеді. Осы аралықта үкімет мұнай өндіруді басты мақсат ретінде таныды. Мұнайдан түскен қаржыны импортқа пайдаландық. Импорттың ішінде азық-түлік те бар. Мұның дұрыс еместігі, әсіресе, пандемия кезінде, шекаралар жабылған тұста анық білінді, - дейді ол.

Экономистің айтуынша, шекаралар жабылған кезде, Қазақстан дайын капустасын экспортқа жібере алмай, 50 теңгеге сатқан. Ал кейбір өнімдерді, айталық, картопты Египет пен Пәкістаннан әкелуге тура келген.

– Азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығының экономиканың саласы ретінде дамуына және оның ЖІӨ-ге қосатын үлесіне байланысты шешіледі. Ал ауылда ауыл шаруашылығынан басқа экономиканың өзге саласы мүлдем жоқ, – дейді Меруерт Махмұтова Азаттыққа.

Оның айтуынша, Қазақстанда ауыл шаруашылығында тұрақты жұмыс орындары қалыптаспаған. Өйткені бұл салада атқарылатын жұмыстардың дені маусымдық болып келеді.

Қуаңшылық салдары: жем-шөп қымбат, мал арзан

Меруерт Махмұтова қазіргі жағдайда ауылдарда мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және жем-шөп әзірлеу салаларын тиімді пайдалануға болады деп санайды.

– Мал шаруашылығы өнімдерінің – 66 пайызы, жем-шөп әзірлеудің 25 пайызы жеке шаруа қожалықтарына тиесілі. Қожалықтар жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің 41 пайызын өндіреді. Жер бөліп, қолжетімді қаржыландыруды ұйымдастырса, халық өзі тіршілік жасайды, – дейді экономист Меруерт Махмұтова Азаттыққа.

"АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ІРІЛЕНДІРУ КЕРЕК"

Ал саясаткер, экономист Петр Своик азық-түлік қауіпсіздігімен жеткілікті қамтамасыз ету үшін ұсақ шаруа қожалықтарының уақыты өтті деп санайды. Ол шағын фермерлік шаруашылықтан ірі өнім өндіретін ауыл шаруашылығы өнеркәсібіне өту керек және диқаншылар қажетті деңгейдегі несиемен қамтамасыз етілуі тиіс деп санайды.

– Қазір елдің саяси басшылығы тарапынан осыны түсіну жетіспей жатыр. Қазақстанның қазіргі жағдайында шаруа қожалықтары заманға сай агроөнеркәсіп құра алмай келеді, – дейді ол.

Петр Своиктің айтуынша, барлық облыс орталықтары мен аудан орталықтарының, ірі ауылдар маңынан ірі агроөнеркәсіп жобаларын жасап, оны мақсатты түрдегі қаржыландырумен қамтамасыз ету керек.

Шымкент базары. 14 наурыз 2022 жыл.

– Ауыл шаруашылығын мынандай екі параметр аясында ірілендіру керек. Бірінші параметр – ауыл тұрғындарын толықтай жұмыспен қамтамасыз ету. Және сол тұрғындардың саны өседі деген есеппен қимылдау керек. Ауылдан қалаға көшу кері бағытқа бұрылуы керек. Адамдар ауылға дайын жұмыс орнына ризашылықпен баратындай жағдай жасалуы керек. Екіншіден, жер мен суды барынша оптимальды пайдалану қажет, – дейді Петр Своик Азаттыққа.

Сарапшының айтуынша, қазіргі мемлекеттік бағдарламалар ауыл шаруашылығы құрылымын ғана қаржыландыруды көздейді.

– Негізінен осы бағдарламалар арқылы шағын қожалықтар, фермерлік шаруашылықтар және жекелеген латифундия қаржыландырылады. Үкімет пен ауыл шаруашылығы министрлігі осы бағытта ғана жұмыс жасап отыр. Оны қаржыландыру жылдан жылға өзгеріп жатса да тиімсіз болып тұр. Ірі өнімді өнеркәсіп орнаса, оның тиісті қуаты артса, сонда айтарлықтай азық-түлік қауіпсіздігін талап етуге болады, – дейді Петр Своик Азаттыққа.

"ЕУРАЗИЯ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҒЫНАН ШЫҒУ КЕРЕК"

Қоғамдық белсенді, экономист Мұхтар Тайжан азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін жемқорлықпен күресті күшейту керек деп санайды.

– Өйтпеген жағдайда мемлекеттік субсидияның нәтижесі болмайды. Бұл сала менің ойымша жемқорлыққа әбден батқан, – дейді ол.

Мұхтар Тайжан коррупцияға қарсы күрес агенттігінің мәліметіне сүйеніп, ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияның жартысына жуығы ауаға кетіп жатыр деп есептейді. Ол мұндайда Қазақстандағы 75 млн га жайылымдық жердің 40 млн га астамы латифундистердің қолында пайдаланылмай жатқанына мән береді.

– Жерді қайтадан мемлекет меншігіне қайтару керек. Жергілікті халық оны өзі пайдалана алатындай болуы керек. Бүгін үйсіз-күйсіз жүрген жергілікті халыққа жерді қолжетімді қылатын болсақ, жайылымдарда мал көбейеді. Сонда азық-түлік қауіпсіздігі күшейеді, – дейді экономист.

Мұхтар Тайжан азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың тағы бір жолы Қазақстан Еуразия экономикалық одағынан шығуы керек деп санайды.

– Одақтан шықпасақ, экономикалық ахуал мен азық-түлік қауіпсіздігі әлсіз күйде қала береді. Себебі қазір кез-келген дүкенге барсаңыз, Ресейдің және Беларусьтің өнімдерін көресіз. Соның орнында біздің фермерлердің өнімі тұрсын десек, одақтан шығу керек, – дейді Мұхтар Тайжан Азаттыққа.

Соңғы кезде әлеуметтік желіде де ресейлік өнімді сатып алудан бас тартуға шақырған жазбалар да пайда болжы. Пікір жазушылардың кейбірі ресейлік өнімді сатып алу соғысқа демеушілік жасау деп есептейтінін айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Нан орнына картоп жейміз". Ұн неге қымбаттады?