Бішкекте "билікті басып алуға үндеу" ісі бойынша сотта айыпталушы өзін жарақаттады

Имамидин Ташов

Бішкекте "билікті басып алуға жария түрде үндеді" деп айыпталған KG Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы Имамидин Ташов сотта өзін жарақаттады. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады. Ташовты қарауылдар тоқтатқан.

Оқиға орнына жедел жәрдем көлігі шақырылып, Ташов ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оны қарап тексергеннен кейін ол тергеу изоляторына әкетілген.

6 желтоқсан күнгі сот отырысында судья айыпталушы Имамидин Ташовтың қамау мерзімін 2025 жылдың 8 ақпанына дейін ұзартқан.

Ташовтың адвокаты, қазір өзі де қамауда отырған Самат Матцаков судьяға өзін сот процесіне қатыстыру туралы өтініш жазған. Оның өтінішін адвокат Нұрсұлтан Жаныбеков те қолдаған. Ал прокурор өтінішке қарсы шыққан. Ақыры сот Матцаковты сотқа жібермеген.

Имамидин Ташов 2024 жылдың сәуір айында ұсталған. Содан бері ол тергеу изоляторында отыр. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) мәліметінше, кәсіпкер "билікті күштеп басып алуға оқталғаны үшін" іздеуге ілініп, Шу облысында ұсталған.

Кейін оған "билікті күшпен басып алу", "билікті күшпен басып алуға үндеу", "мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту" баптары бойынша айып тағылды.

Оған дейін кәсіпкер 2024 жылдың қаңтар айынан бері іздеуде болған. Шетелде жүрген белсенді Тілекмат Күренов оның алдында кәсіпкердің мәлімдемесін жариялаған. Онда Ташов 2023 жылы 27 желтоқсанда ҰҚМК қызметкерлері деп таныстырған белгісіз топ өзін ұстағанын айтқан. Ол сонымен бірге өзін сегіз күн бойы босатпай, компаниясын тартып аламыз деп қорқытқанын да айтқан. Ташовтың сөзінше, "бопсалаушылар" одан миллиондаған сом ақша талап еткен.