Bloomberg: "Қазмұнайгаз" ресейлік "Лукойлға" тиесілі мұнай өңдеу зауытын сатып алуы мүмкін

"Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы ресейлік "Лукойлға" тиесілі Болгариядағы мұнай өңдеу зауытын салып алуды жоспарлап отыр. Келісім мұнай саудасына маманданған Vitol Group холдингінің қатысуымен өтуі мүмкін деп жазды бірнеше дереккөзге сүйенген Bloomberg агенттігі.

Басылым дереккөзінің хабарлауынша, Lukoil Neftohim Burgas AD кәсіпорнының негізгі акционері Litasco SA және оған еншілес компания зауытты сатып алғысы келетін бірнеше компаниядан ұсыныс қабылдаған. Арасында "Қазмұнайгаз" да бар.

"Қазмұнайгаз", "Лукойл" және Болгария энергетика министрлігі ақпарат агенттігіне түсініктеме бермеген. Vitol өкілі де комментарийден бас тартқан.

Ақпаратқа қарағанда, сату процесі шамамен бір айға созылады, ал активтің құны шамамен 1 млрд доллар болуы мүмкін. Litasco Батыс санкциясына ілінбеген, алайда сатушылар ақшаны Ресейден аудармау туралы шарт қойған.

Bloomberg-тің жазуынша, "Қазмұнайгаз" Болгария үкіметінің зауытты сатып алуға рұқсат бергенін қалайды. Компанияның мәліметінше, зауыт ресейлік мұнайды өңдеуге бейімделіп жасалған. Ал Қазақстан мұнайының сапасы да Ресей мұнайына ұқсас. Мақала авторының жазуынша, ҚМГ ұсынысы қабылданған жағдайда ол өте қолайлы шартпен зауытты қазақстандық мұнайымен қамтамасыз етуге уәде берген.

Дегенмен Report басылымы аты-жөні көрсетілмеген қазақстандық шенеунікке сүйене отырып, ҚМГ-да Болгариядағы зауытты толық қамтамасыз ететіндей соншалықты көп мұнай жоқ деп айтқан.

"Бұрындары Болгариядағы мұнай өңдеу зауытын сатып алу бойынша келіссөз жүргені есімде. Біздікілер осы мәселені қарастырған. Алайда одан бас тартты, себебі соншалықты шикізат көлемі жоқ" деді дереккөз.

Былтыр қарашада ҚМГ жергілікті "Курсив" басылымына "Лукойлға" тиесілі Болгариядағы мұнай өңдеу зауытын сатып алатыны жөнінде ақпаратты жоққа шығарған. Қараша басында Financial Times болгариялық мұнай өңдеу зауыты жыл соңына дейін катар-британдық консорциум сатылатынын жазған еді.

Мұнай өңдеу зауытының ҚМГ-ға сатылатыны жөнінде ақпарат 2023 жылы Болгария Украинадағы соғысқа байланысты Ресей мұнайына тыйым салу жөнінде шешім қабылдағаннан кейін айтыла бастаған. Осыдан кейін Болгария Қазақстан мұнайын тасымалдауды күрт арттырған деп жазды басылымдар.