Қытай компаниялары АҚШ пен Еуропаға дронға арналған негізгі компоненттерді жеткізуді азайтты. Бұл туралы дереккөздеріне сүйенген Bloomberg агенттігі жазды.
Агенттік сөйлескен дереккөздердің айтуынша, Қытай компаниялары қозғалтқыш, батарея және ұшатын аппарат контроллерін экспорттауды шектеген я мүлде тоқтатқан. Бұл америкалық және еуропалық компанияларға, соның ішінде Украинаға дрон шығаратын кәсіпорындарға әсер еткен.
Bloomberg дерегінше, Қытай коммерциялық дрон нарығының шамамен 80 пайызын бақылайды. Көптеген кәсіпорын арзан және тиімді қару жасауға Қытай бөлшектерін пайдаланады, олар Ресей мен Украина соғысында маңызды рөл атқарады. Батыс елдері енді жеткізу тізбегін сақтау үшін дрондар шығаруды және оны құрастыруды Қытайдан тыс жерге шығаруға тырыспақ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейге чип пен дрон жеткізген Орталық Азия. Түркі елдерінің "әскери ынтымақтастығы"Bloomberg сөйлескен дереккөздер Қытайдың экспортқа қоятын шектеуі артып, күшейеді деп болжайды. Агенттіктің жазуынша, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысы одан әрі шиеленісуі мүмкін. Вашингтон осы айда Қытайға жад чиптері мен жартылай өткізгіштерге қатысты қосымша жабдық сатуға жаңа шектеу енгізген. Bloomberg мәліметінше, Пекин бұған жауап ретінде екі мақсатта пайдаланылатын әрі жоғары технологиялық және әскери мақсатта қолданылатын бірқатар тауарды америкалық компанияларға сатуға тыйым салды.
Биыл жазда Қытай әскери мақсатта пайдаланылатын дрон мен оның бөлшектерін экспорттауға тыйым салды. Пекин Ресейге де, Украинаға да қару беріп жатқан жоқпыз деп мәлімдейді. Бірақ екі мақсатта қолданылатын тауарлар экспорты осы уақытқа дейін шектелмеген.
АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп сайлауда жеңіске жеткеннен кейін көп ұзамай Мексика мен Канададан келген барлық тауарға жоғары импорт баж салығын, ал Қытай импортына қосымша тарифтер енгізетінін айтты. Трамп мұндай жарлыққа қызметіне кіріскен күні қол қоятынын мәлімдеді.
Your browser doesn’t support HTML5