Ұлыбритания жақында Украинаға ондаған Storm Shadow қанатты зымыранын берген. Ұлыбритания үкіметіндегі дереккөздеріне сүйенген Bloomberg агенттігі осылай деп хабарлады.
Зымырандар бірнеше апта бұрын, Украина қарулы күштері арсеналында алыс қашыққа жететін зымыран тапшы екені жайлы ақпарат шыққаннан кейін жіберілген. Бұл – Кир Стармер кабинетінің мұндай зымырандар жеткізу бойынша қабылдаған алғашқы шешімі. Зымырандар Украинаға оны Ресей аумағындағы нысандарды атқылауға қойылған шектеуге дейін жіберілген.
Ұлыбритания шенеуніктері бұл ақпаратқа пікір беруден бас тартты, бірақ Bloomberg агенттігінің жазуынша, Украина армиясы өткен аптада Storm Shadow зымырандарымен Ресей аумағын алғаш рет атқылаған. Украина оларды бұған дейін Қырымдағы нысандарға қарсы қолданған.
Бразилиядағы G20 саммиті кезінде Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер өзі басқаратын үкімет Украинаға көмекті ұлғайтуға ниетті екенін мәлімдеген.
- 25 қарашада АҚШ президентінің әкімшілігі Украинаға Ресей аумағындағы нысаналарға америкалық ATACMS баллистикалық зымырандарын қолдануға қойылған шектеуді алып тастағанын алғаш рет ресми түрде растады.
- Ресей қорғаныс министрлігі 19 қарашаға қараған түні Брянск облысындағы нысанға алты ATACMS зымыраны түсті деп хабарлады. Мәскеу Ақ үйдің шешімін Батыс елдерімен тікелей қақтығыс деп қарастыратынын мәлімдеді.
- 20 қарашада Украина Курск облысындағы президент әкімшілігі шипажайын нысанаға алып, Storm Shadow зымырандарын қолданған болуы мүмкін. Әртүрлі дереккөздің мәліметінше, шипажай астында орналасқан командалық бункер жойылған.