Болатбек Біләлов. Құқық қорғаушыдан құрылысшыға айналған белсенді

Азаматтық белсенді Болатбек Біләлов құрылысшы ретінде жұмыс істеп жүр. Астана түбіндегі Қосшы қаласы. 14 шілде 2023 жыл.

Болатбек Біләлов – қазақстандық құқық қорғаушы, билікке қарсы азамат, "Антигептил" экологиялық қозғалысының негізін қалаушылардың бірі. 2016 жылы интернеттегі жазбалары үшін Қылмыстық кодекстің "экстремистік бап" деген атқа ие болған 174-бабы бойынша сотталған. Оған "әлеуметтік араздық туғызды" деген айып тағылды. Содан бері белсенді қоғамдық қызметпен, құқық қорғаумен айналыса алмайды. Қазір Болатбек отбасын асырау үшін құрылыста істеп жүр. Бірақ бұрынғы көзқарасы мен принциптері өзгермеген. Азаттық белсендінің бір жұмыс күнінен репортаж ұсынады.

– Мастерок ал, – дейді Болатбекке құрылыста бірге істейтін кісілер.

– Мен тас қалаушы емеспін ғой, олай десем, өтірік айтқан боламын, – дейді ол.

Сол күнгі әңгімемізден кейін Болатбек үшін әділдік пен шындық бәрінен жоғары тұратынын түсіндік.

Болатбек – өзі айтқандай, тас қалаушы емес. Құрылысқа да аса икемі жоқ. Қара жұмыс істеп жүргеніне бірнеше жыл болса да, құрылыстың қыр-сырын меңгеріп кете алмаған. Біләловтің мамандығы – тарихшы, мұғалім. Сүйікті ісі – құқық қорғау.

Your browser doesn’t support HTML5

"Құрылысшы болуыма жол ашқан — КНБ". Белсенді Болатбек Біләловтің жолы

Бірақ "экстремистік баппен" сотталғаннан кейін өмірі күрт өзгерген. Қазақстанда қылмыстық кодекстің 174-бабымен (Тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу) сотталған азаматтарды "терроризм және экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар" тізіміне қосады. Бұл тізімге кіргеннің тіршілігі бұрынғыдай болмайды.

2016 жылғы соттан кейін Біләловке өзі нәпақа тауып, отбасын асырап отырған салаларда (құқық қорғау, заңгерлік, қоғамдық қызмет) жұмыс істеуге тыйым салынды.

Болатбекпен Қосшыдағы құрылыс алаңында тұрмыз. Біләлов үлкен күрекпен дамылсыз құрылыстан шыққан қоқысты жинап жатыр.

– Үкімнен кейін бұл менің жеп отырған наным ғой дедім. Азаматтық істер бойынша сотта өкіл болатынмын. Содан тапқан ақшама өмір сүрдім. Бұл қалай сонда? "Құрылысқа бар" деді. Келістім. Өлмеймін, құрылысқа барамын дедім. Былайша айтқанда, кнбщниктер (Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері) құрылысқа жол ашып берді, – дейді Біләлов сынған кірпіштерді төменге тастап жатып.

Қазір Болатбектің бригадасы бесқабатты үйдің құрылысын аяқтауға жақын қалған. Осы жылдар ішінде Болатбек ондаған үй салды.

– Өзімізді "жабайы бригада" деп айтамыз, – дейді ол. – Өйткені ешқандай статус жоқ. Тас қалаушы дейміз, былай айтқанда, өзімізді өзіміз асырап отырмыз. Жұмысты да өзіміз іздейміз. Тапсақ, табамыз, таппасақ, жүреміз жұмыс іздеп.

БӘРІ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

Біләлов билікке қарсылығын 2000-жылдары бастаған. Ол колледжде тарих пәнінен сабақ беріп жүрген жерінен жаңадан құрылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) ұйымына саясаттанушы болып жұмысқа тұрған.

2003 жылы Біләловты бірінші рет ҚДТ мен оның басшылары Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әблязов туралы парақша таратты деп жауапқа тартпақ болады. Бірақ судья оның әрекетін заңға қайшы деп таппаған.

Болатбек Біләлов жұмыс істейтін құрылыс алаңы.

10 жылдан кейін Біләлов өзімен көзқарасы ортақ азаматтармен бірге "Антигептил" экологиялық қозғалысын құрды. Ұйым мүшелері Байқоңырдан ұшатын, улы отын пайдаланатын ресейлік "Протон" зымыранын ұшыруға қарсылық білдірді. Болатбек әртүрлі акциялар өткізіп, тіпті Қазақстан аэроғарыш комитетінің сол кездегі төрағасы Талғат Мұсабаевты жекпе-жекке шақырған.

Осыдан кейін тіркелмеген қозғалыс белсенділері қудалауға ұшырады. Біләлов үш рет қамалып, бірнеше рет айыппұл төледі. Болатбек сол кезден бастап құқық қорғаушы ретінде таныла бастады. Ол Астана іргесіндегі билік үйлерін сүріп тастамақ болған "Щебсклад" саяжай кешені тұрғындарының құқығын қорғады.

Халық сүрілетін үйлерінің орнына басқа баспана беруді талап етіп, Болатбектен құқықтық көмек сұраған. Ол сотта тұрғындардың мүддесін қорғап, бірнеше істі жеңіп шыққан. Кейін әкімдік құрған комиссияға мүше болып, билікті халықтың талабын орындауға шақырды.

Осы кезде Болатбекті қудалау күшейді. 2015 жылы қазанда интернеттегі жазбасы мен видеосы үшін "әлеуметтік араздық туғызды" деген айыппен ұсталды. Біләлов өзіне тағылған айыптарды мойындамады, істің саяси астары барын айтты.

Бірақ 2016 жылы қаңтарда өткен сотта кінәсін мойындады. Үш жылға бостандығы шектеліп, сот залынан босап шықты.

Азаматтық белсенді Болатбек Біләлов Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) әкімдігіне қарсы шағымы жөніндегі сот тыңдауында. Әкімдік белсендіге митинг өткізуге рұқсат етпеген. 21 мамыр 2019 жыл.

"МЫНА ОППОЗИЦИОНЕРДІ АЛЫП ТАСТАҢДАР"

– Мына билікті неге жек көретінімді білесіз бе? Өйткені ол істемеген нәрсені мойындауға мәжбүрледі. Маған өтірік айтқызды. Шындығында, мен ондай қылмыс істемедім ғой. Алдауға мәжбүр болдым. "Қылмысымды" мойындап, ар-ұжданыма қарсы шықтым. Мен мұны кешірмеймін..., – дейді ол күрекке сүйенген қалпы ашына сөйлеп.

Құрылысшылар түскі асқа жиналып, үстел басына отырды. Әркім үйден әкелгенін ортаға қойды. Тамақ ішіп отырып, халықтың әлеуметтік жағдайын сөз етті. Үй салып жүрген жұмысшылардың көбінің баспанасы жоқ. Жағдайы нашар.

– Ибрахим аға қанша жылдан бері құрылыста жүріп, өзіне үйді жақында ғана салды. Бірақ жарығы жоқ, суы жоқ, автобус жоқ, – деді Болатбек жанында отырған жұмысшылардың бірін таныстырып.

Біләлов үстел басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның айналасындағылардың саясатын сынады.

– Қаңтарда халыққа оқ атты, "Жаңа Қазақстан" орнаған жоқ, – деді ол.

Қызық диалог басталды. Болатбектен қанша рет сотталғанын сұрадық.

– Шынын айтқанда, санаған жоқпын. 10, 12 реттен көп-ау.

– Кешір, Була. Білуімше, сен үнемі сол жақта жүресің: 15 тәулік, 5 тәулік, – деді әңгімеге араласқан жұмысшылардың бірі.

– Иә, – деді Біләлов. – Мен он бес күнге кетем, келсем, жігіттер үйдің екі қабатын қалап тастайды.

– Бір күні жұмыстан кейін алып кетті. Үйінің қасынан тосып алып кеткен ғой, – деді тағы бір құрылысшы.

– Қолымда ағаш бар еді. Жұмыстан ағаш алып кетемін ғой, үйдің қасына келгенде полиция ұстады. "Үйім міне тұр ғой. Қолымдағыны кіргізейін" дедім. Жоқ, мұрша бермей, алып кетті. Ол кезде Аблязовтар митингіге шақырайын деп жатқан. Кейін Әлтаев митинг жасағысы келді. Олардың шеруіне қатыспаймын дедім. Сонда да профилактика үшін деп... – дейді Болатбек күліп.

Түскі астан кейін Болатбектің бригадасы жаңа жұмыс алды. Бірақ тапсырыс беруші "жұмысшылардың арасында сотталғандар болмасын" деген талап қойды. Болатбек пен оның бригадасы мұндай талапты бірінші рет естіп отырған жоқ. 8 жыл бұрын шығарылған үкім Болатбекті әлі күнге аяқтан шалып отыр. Бірақ құрылысшылар оны жанынан тастамайды.

– Бізді сол жоқшылық біріктіреді, – дейді Болатбектің әріптесі Қайрат Үсенов. – Бір-бірімізге көмектесіп жүреміз. Жалақы бермей қалса, біреуінің пәтерақысы, біреуінің несиесі келіп қалады. Көпшілікпен бір-бірімізді қолдап отырамыз. Болатбекті басқа еш жерге жұмысқа алмайды ғой. Шақырмайды. Қазір міне 7 жылдан бері бірге істеп келе жатырмыз. Түрмеден шыққалы біздің қасымызда бір нанды бөлісіп жеп жүр. Жаңа маған хабарласып жатыр. "Жұмысшылардың жеке куәліктерін жіберіңіз, сотталмаған адамдар болсын" дейді. Қазір осы 15 адаммен кіріп барсам, Болатбек өтпей, жұмыссыз қалуы мүмкін. Біз оған жол бермейміз. Осындай жағдай неше рет болды ... Әуежайда тікұшақ тұратын жерді салмақ болғанбыз. Сонда "Мына кісіні алып тастаңдар, шығарып жіберіңдер. Мына оппозиционерді алып тастаңдар да, ары қарай жұмыс істей беріңдер" деді ғой. "Бастарың істей ме? Ондай жұмыстарыңды өздерің істеңдер" дедім.

Болатбек Біләлов пен оның құрылыстағы серігі Қайрат Үсенов. Астана түбіндегі Қосшы қаласы. 14 шілде 2023 жыл.

Болатбектің көзқарасы өзгермеген. 2019 жылы сәуірде Ресей технологиясы бойынша атом электр станциясы салынады деген хабар тарағанда қазақстандықтарды митингіге шығуға шақырған. Сол үшін тағы 15 тәулікке қамалды. Болатбекке Қазақстан билігінің Мәскеудің ықпалынан шыға алмай отырғаны ұнамайды.

– Орыс православ шіркеуі Александр Невскийге ескерткіш қойды. Невский деген кім? Оның Қазақстанға не қатысы бар? Неге Алматыда оған ескерткіш қойылуы керек? Біздің билік Ресей не қаласа, соны істейді. Бүкіл әлем Ресейді агрессор деп танып, бас тартып жатқанда, [президент Тоқаев 9 мамырға орай] парадқа қатысуға арнайы барады, – дейді Біләлов.

Бірақ Болатбек өзін белсенді не саясаткер санамайды.

– Саясатта болу – билікке ұмтылу деген сөз. Ал мен өзім келіспейтін тұстарын ғана сынаймын, – дейді ол.

Болатбекке құқық қорғау саласы жақын. Қазір ол үш қыз тәрбиелеп отыр. Біреуіне церебралды сал ауруы диагнозы қойылған. Сондықтан кейінгі жылдары елдегі жүздеген ата-анамен бірге мүгедектігі бар балаларға берілетін жәрдемақы көлемін өсіруді талап етіп келеді.

Құрылысшылардың ұзақ әрі ауыр жұмыс күні аяқталды. Болатбек жуынып, киімін ауыстырып, үйіне қайтты. Ертең осы жерге қайта келеді.

– Басыңа не іс түсерін білмейсің деп жатады ғой. Құрылысшы боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Кезінде құқық қорғаушы болып жақсы жалақы алдым. Ал қазір құрылыста істеп, отбасымды керек-жарағымен толық қамти алмай отырмын. Шынымды айтсам, билік бізге, белсенділерге, осылай қысым көрсетеміз деп ойлайтын шығар. Менің жоғалтқан ештеңем жоқ. Керісінше, мемлекет мені жоғалтты. Қазір құрылыста істеп жүрмін. Оның орнына жүздеген, мыңдаған адамға көмектесер едім, – дейді Болатбек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сылбыр репрессия", "Кремльдің қолтаңбасы". Қазақстанда белсенділерді қудалау неге жиілеп кетті?