"Арандатудың қажеті жоқ". БҚО-ға құлаған дрон жайлы сұраққа қорғаныс вице-министрінің жауабы

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында табылған дрон тәрізді белгісіз зат. 18 наурыз, 2025 жыл. "Уральская неделя" басылымынан алынған скриншот.

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында табылған дрон тәрізді белгісіз зат. 18 наурыз, 2025 жыл. "Уральская неделя" басылымынан алынған скриншот.

Батыс Қазақстан облысы Жанібек ауданы аумағынан "дронға ұқсас зат" табылғанына байланысты тергеу жүргізіліп жатыр. Мұны 26 наурызда парламент үйінде журналистер сұрағына жауап берген Қазақстанның қорғаныс министрінің орынбасары Хасан Жазықбаев айтқан.

Оның сөзінше, тергеуден әуе қорғаныс күштері тыс қалмаған, шенеунік басқа мәлімет берген жоқ.

Қазақстан аумағына әскери дрон құлауы бірінші рет емес екені және оның себебі жайлы сұрақ қойған журналиске Жазықбаев: «Арандатудың қажеті жоқ» деп жауап берген.

"Бөкей ордасы ауданында не бар екенін білу керек қой. Мүмкін ол сыртқа шыққан техникалық ақау шығар. Барлығын тергеу [нәтижесі] көрсетеді", – деген вице-министр. Ол Қазақстанның әуе кеңістігі ҰҚШҰ елдерімен біртұтас жүйеге енетінін айтқан.

Ел-жұрт алаңдап отыр және әскери дрон құлаған сайын қорғаныс министрлігі неге үнсіз қалады деген сұраққа Жазықбаев «халықты алаңдамауға шақырамын» деп жауап қатты. Тергеу нәтижесі қашан жарияланады деген сұраққа жауап бермеді.

24 наурызда Жанібек ауданы аумағынан дрон бөлшектеріне ұқсас заттар табылған. Биылғы ақпан айынан бері Батыс Қазақстан облысында осымен үшінші рет осындай оқиға болып отыр.

18 ақпанда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылының маңына ұшатын аппарат құлаған.

18 наурызда тағы бір дрон Тасқала ауданы аумағына құлағанын Атамекен ауылының тұрғындары хабарлаған. Заттың ұзындығы – 300 см.

Құзырлы орындар бұл үш оқиға бойынша да әлі күнге дейін қоғамға толымды ақпарат бермей отыр. 26 наурызда Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Азаттық Азия агенттігінің сұрағына берген жауабында "барлық фактілер бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын" ғана айтты.

BES.media басылымы Ұялыда табылған дронның пішіні Ресейдің "Орлан-10" дронына ұқсас деп жазды. "Рособоронэкспорт" сайтының мәліметінше, мұндай дрон жер мен су бетін қашықтан бақылауға, GSM базалық станциялары мен ұялы байланыс желілерін анықтауға арналған.

Батыс Қазақстан облысы аумағына 18 ақпан мен 18 наурызда құлаған екі заттың фотолары әлеуметтік желіде жарияланған. Ал 24 наурызда табылған заттың суреті әзірге жарияланған жоқ.

Қазақстанның Ресеймен шекаралас аудандарында бұрын әскери зымыран қалдықтары бірнеше рет табылған. Ресейдің Астрахан облысында Капустин Яр әскери полигоны орналасқан. 2018 жылы жазда Батыс Қазақстан өңіріне құлаған зат сол полигоннан ұшырылған зымыранның бөлшегі екені анықталған.