Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы Орал қаласы әкімдігінің екі азаматқа митинг өткізуге келісім бермеу туралы шешімін заңсыз деп таныды. Жергілікті "Уральская неделя" басылымы осылай деп жазды.
Бұған қоса сот судьялары қала әкіміне қатысты жеке қаулы шығарды. Онда әкімдіктен алдағы уақытта қазақстандықтардың бейбіт митинг өткізу құқығын бұзуға жол бермеу туралы талап айтылған.
Орал қаласы әкімінің митинг өткізуге рұқсат бермеу туралы шешімін заңсыз деп тануды сұраған талап арызды сотқа жергілікті азаматтық белсенді Марат Тұрымбетов берген еді. Қалалық сот оның арызын қанағаттандырмады. Ал 6 наурызда облыстық сот Тұрымбетовтің апелляциялық шағымын қарап, әкімдіктің іс-әрекеті заңсыз деп шешім шығарды.
Облыстық соттың апелляция алқасы әкімдіктің заңға томпақ іс-әрекеттерін атап жазған: митинг өткізуге рұқсат бермеуінің себебі көрсетілмеген; әкімдік қаулыны Марат Тұрымбетовке бейбіт жиын болатын жерді және (немесе) уақытын өзгерту туралы ұсыныс жасамай, оның келісімін (келіспеушілігін) алмай, бейбіт митингіні ұйымдастырушыға басқа орын ұсынбай қабылдай салған.
Сот Орал қаласы әкімдігін заң бұзуға себеп болған олқылықтарды бір айдың ішінде жоюды міндеттеді.
Былтыр жазда Марат Тұрымбетов пен Ренат Нұрымов 10 тамызда бейбіт митинг өткізгісі келетіні жөнінде Орал қаласы әкімдігін жазбаша хабардар еткен. Митинг тақырыбы – көлік құралдарын қайта өңдеу алымы ("утиль алымы") мен алғашқы тіркеуді жою мәселесі. Олар өтініште қалада өздері ұйымдастыратын митингті өткізуге болатын үш орын барын атап көрсеткен: Жайық өзенінің жағалауы, "Қазақ халқының даңқты қыздары" алаңы жанындағы сквер, мұнайшылар мен геологтар сквері.
Шараны ұйымдастырушылар әкімдіктен егер өздері таңдап отырған жерлер әлдебір себеппен бос болмаса, онда басқа арнайы орын ұсынуын сұраған. Алайда әкімдік оларға митинг өткізуге келісім беруден бас тартты, әрі басқа орын ұсынған жоқ.
Бұдан кейін Тұрымбетов қалада бейбіт митинг өткізу үшін орын беруін сұрап Орал әкімдігіне тағы 12 рет өтініш білдірген. Әкімдік оның бірде-бір өтінішін қанағаттандырмаған.
Наурыз айының басында Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік соты Өскемен қаласы әкімдігінің бейбіт жиын өткізу туралы берілген бірнеше өтінішті қанағаттандырмай тастаған әрекетін заңсыз деп таныды. Бұл істе жергілікті тұрғын Леонид Карташев жеңіске жеткен. Үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешіміне қарсы шыққан Карташев өзіне митинг өткізуге рұқсат етпеген қала әкімдігін сотқа берген. Бұл сот ісі үш айға созылды.
Қазақстан билігі митингтер туралы заңды қалай түсіндіреді?
Қазақстан билігі 2020 жылы қабылданған "Бейбіт жиындар туралы" заң митинг өткізу үшін бұрынғыдай рұқсат сұраудың орнына, тек бес күн бұрын жергілікті атқарушы органды хабардар ету жеткілікті болатынын айтқан. Алайда белсенділер жергілікті әкімдіктер түрлі сылтау-себепті алға тартып, митинг өткізуге рұқсат бермей, әлгіндей өтінішті орындаудан жиі бас тартады деп шағынады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Qaharman Kz: 12 қалада белсенділердің АЭС бойынша митинг өткізу туралы 45 өтініші қабылданбады