Бұрынғы күйеуі бензин құйып өртеген әйелдің шағымы бойынша іс: алдын ала сот тыңдауы басталды

Күйеуі бензин құйып өртеген Индира Тергеубаева және адвокаттар Гүлнара Жуаспаева, Айнара Айдархан. Алматы, 20 қараша 2024 жыл.

Алматыда бұрынғы күйеуі бензин құйып өртеген әйелдің арызы бойынша істе алдын ала сот басталды. Бұл жөнінде адвокат Айнара Айдархан Азаттыққа хабарлады.

Сот басталмай тұрып өткен баспасөз жиынында жәбірленуші Индира Тергеубаева мен адвокаттары құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі салдарынан бір адам өліп (жәбірленушінің бензин құйып, өртеген бұрынғы күйеуі өрт кезінде қаза болған), бір адам мүгедек болып қалғанын айтып, "істе бір ғана адам күдікті танылған, біз мұнымен келіспейміз, кемінде төрт адам жауапқа тартылуы керек" деп мәлімдеді. Олар "сот кінәлілерді жазалауы тиіс, сот әділ өтеді" деп үміттенеміз деді. Олардың сөзінше, өрттен кейін бес операцияны бастан кешірген Индира Тергеубаева прокуратураның табалдырығын тоздырып жүріп, 20 айдан кейін әрең "жәбірленуші" статусына ие болған. Іс төрт рет жабылып, жәбірленуші жақ президент пен ішкі істер министрінің қабылдауына жеткен кезде ғана жылжи бастаған.

Адвокат Айнара Айдарханның Азаттыққа айтуынша, 21 қарашада өткен алдын ала сот тыңдауы кезінде жәбірленуші тарап істі Алмалы емес, Жетісу аудандық сотында қарауды өтінген. Сот өтінішті мақұлдаған.

"Қаза болған адам Жетісу ауданында тұрғандықтан және полицейлердің немқұрайлығы да осы жерде болғандықтан соттылық бұзылды деп санайтынымызды жеткіздік. Сот келісіп, істі Жетісу аудандық сотына берді. Біз өзге де өтініштер түсірдік. Егер ешкім шағым түсірмесе, 15 күннен кейін іс басқа сотта қаралады" деді адвокат Айнара Айдархан.

Алматыда бұрынғы күйеуі бензин құйып өртеген, соның салдарынан мүгедек болып қалған Индира Тергеубаеваның бастан кешіргені бұған дейін ақпарат құралдарында жазылған. Бір күн бұрын ол The Qazaq Times басылымына берген сұхбатында бұрынғы күйеуінен көрген құқай мен өрттен кейінгі көрген азабын айтып, тауыса алмаған еді.

Айтуынша, бұрынғы күйеуі оны аңдып, мазасын ала бергеннен кейін көші-қон полициясына шағымданған. Полиция сот арқылы оны елден депортациялап, бес жыл бойы Қазақстанға кіруіне тыйым салу туралы шешім шығарған. Алайда сот шешімі орындалмаған. Құзырлы органдар шешімді орындауға да күш салмаған дейді Тергеубаева.

Ақыры Тергеубаева ашқан дүкенге бұрынғы күйеуі 2022 жылы желтоқсанда барып, "бәрібір менімен бірге боласың, мына дүниеде болмасаң да, ана дүниеде бірге боламыз" деп дүкенге от қойған. Күйеуінің өзіне бензин шашып өртегенін сұхбатта ол былайша баяндайды.

"Бірінші шашқан бензин оң көзіме құйылып кетті. Көзім ашып, оң көзімді аша алмадым. Сол арада "мен сені өлтіруге келдім, бүгін екеуіміз өлеміз, бұл дүниеде менімен бірге болғың келмесе, о дүниеде менімен бірге боласың"деп мені өлтірмекші болды. Жүгіріп барып терезені қағуға ғана шамам жетті....Ол мені дүкеннің ішінде қуалап жүріп, үстіме бензин құйып жүрді. Сонан кейін сөмкесін ашып, бір нәрсені ала бастады. Жанына барып қарасам, кесілген мылтығы бар екен. Сол мылтықты алмақшы болып еді, құдай оңдап замок ашылмай қалды. Сол кезде бар күшіммен оны итеріп жібердім. Ол жығылып барып "жарайды, олай болмаса былай өлесің деп қолындағы автомататты оттықты (горелкасын) қосты. Сол кезде жарылыс болды..." дейді Индира Тергеубаева сұхбатта.

Оның сөзінше, бірнеше рет жарылыс болған. Жарылыстың қуатынан ол бірнеше метр жерге ұшып кеткен.

"Құдықтың түбіне екі қолыммен, тіземмен құладым. Шаштарым өртеніп, жерге түсіп жатыр. Екі қолым әппақ болып кеткен. Терім сыпырылып, қаным араласып түсіп жатыр. Қарасам, жан жақта полиция қызметкерлері жүр, бірақ маған жолаған жоқ. Тек біреуі ғана келіп, екі қолы қалтасында, "іште тағы кім бар?" деп сұрады. Бұрынғы күйеуімнен басқа ешкім жоқ дедім. Ол бұрылды да кетіп қалды" дейді Индира Тергеубаева.

Осы өрттің салдарынан ол ауруханада 50 күннен астам жатып, бес операцияны бастан кешірген. Екінші топ мүгедектігін алған.

Жәбірленуші жақтың сөзінше, Тергеубаева '"Немолчи" қорына хабарласып, журналистерге шығып, прокуратураның табалдырығын тоздырып жүріп, 20 ай өткенде ғана жәбірленуші статусына ие болған. Осы уақыт аралығында іс төрт рет жабылған. Президент пен ішкі істер министрінің жеке қабылдауына жазылдық дегенде ғана іс жылжыды дейді олар.

Олардың пікірінше, "құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі салдарынан бір адам өліп, бір адам мүгедек болып отыр. Егер депортация туралы шешім орындалғанда жағдай бұлай ушықпас еді" деп санайды. Олар істе бір емес, төрт күдікті болуы керек деп есептейді.

"Бір ғана күдікті бар. Мұнымен толық келіспейміз. Біздің ойымызша, төрт күдікті болуы керек. Екеуі көші-қон қызметінің өкілдері, екеуі - учаскелік полицей. Бірақ неге екені белгісіз, прокуратура полиция департаментімен бірге тек бір адамға қатысты шешім шығарған. Немқұрайлықтың соңы қандай ауыр жағдайға келіп отырғанын олар түсінбейтін сияқты" деді 20 қараша күнгі баспасөз жиынында Айнара Айдархан.

"Біз шындыққа жеткенше тынбаймыз. Шындық шындық болып қалуы керек" деді Индира Тергеубаева жиында.

Алматы қаласының прокуратурасы әзірге бұл іс бойынша түсініктеме берген жоқ