Каннда «Майдан» фильмі көрсетілді

«Майдан» деректі фильмінің режиссері Сергей Лозница.

Украинадағы үкіметке қарсы шеруді бейнелейтін «Майдан» деректі фильмі Канн кинофестивалінде көрсетілді. Оның режиссері Сергей Лозница ресейлік ақпарат құралдарына сұхбат беруден бас тартты.
«Майдан» деректі фильмі Канн кинофестивалінде 21 мамыр күні көрсетілді. Әйгілі беларустық-украиналық кинорежиссер Сергей Лозница өзінің бұл кинотуындысын президент Виктор Януковичті тақтан тайдырған Киевтегі наразылық шараларының «эпикалық» портреті деп атады. Фильмде Азаттық радиосы Украин қызметі түсірген бейнекадрлер де пайдаланылған. Лозница Канн кинофестиваліндегі «Алтын пальма бұтағын» алудан үміткер болып отырған алғашқы украин кинорежиссері. Мұның алдында ол 2010 жылы осы фестивальға «Менің бақытым» фильмімен қатысқан. Режиссер Сергей Лозница Азаттыққа сұхбат берді.

ЭПИКАЛЫҚ ФИЛЬМ

Азаттық: – Сіздің фильміңізде жеке кейіпкерлер, жекелеген адамдардың оқиғалары жоқ. Камера тек алаңға жиналған адамдарға, қалың топқа бағытталған. Киевтегі наразылық шерулері туралы оқиғаны баяндау үшін неліктен дәл осындай форматты таңдадыңыз?

Сергей Лозница: – Бұл оқиғаны басқаша жолмен баяндай алмадым Белгілі бір кейіпкердің басындағы жағдайды айтсаң, оның жеке өміріне қол сұғасың, бұл кедергі жасайды. Нақты көру үшін бірнеше қадам артқа шегіну керек. Камераны туралағанда кадрда бір ғана адамның бейнесі басым болып кетпеуіне назар аудардым, оның әрбір эпизодында түрлі композициялар тоғысады, ондағы әрбір элемент бір деңгейде тұрады. Осы тұрғыдан алғанда бұл – эпикалық фильм.

Азаттық: – Бір сөзіңізде фильмнің алғашы секундтары шешуші рөл атқарады дедіңіз. «Тұманда» деп аталатын фильміңіздің алғашқы үш минутын монтаждауға бірнеше ай уақыт жұмсапсыз. «Майдан» фильмінің алғашқы кадрі – наразылық білдіруге шыққан топтың украин әнұранын айтуы өте маңызды рөл атқарып тұрған сияқты. Сіз бұл кадрді тіпті екі рет көрсетесіз.

Сергей Лозница: – Иә, себебі оның мән-мағынасы тереңде жатыр. Бұл – өте күшті көрініс. Ол көрерменді таңқалдырып, үлкен әсерге бөлейді. Операторға бүкіл кадрды қалың адаммен, нөпір халықпен толтыр деп тапсырма бердім.

«Майдан» деректі фильмінен үзінді:

«ХАЛЫҚ БЕЙНЕСІН СОМДАДЫМ»

Азаттық: – Бұл көрініс әсіресе ресейлік көрерменге қатты әсер ететін сияқты. Мыңдаған ресейліктің бір мезетте бас киімдерін шешіп, қолдарын жүрек тұсына қойып, ұлттық гимнді айтып тұрғанын көзге елестетудің өзі қиын. Бұл тұрғыдан алғанша Украина Ресейден мүлде өзгеше.

Сергей Лозница: – Ол рас. Майдандағы халық үнемі ән айтумен болды, осыған қайран қалдым. Мәскеуде дәл осындай көріністің болғанын көзіме елестете алмаймын. Гимн туралы ештеңе айта алмаймын, ал фольклор әндерінің мәдениеті өшіп барады. Ұлттың төл өнері, халықтың өзіне ғана тән ерекшелігі

«Майдан» деректі фильмінен көірініс.

жоғалып барады. Украинада бұл сақталып қалған. Қаншама ақын ортаға шығып, өз өлеңдерін оқыды, олардың қалай шабыттанғанын көрсеңіз, сөз деген ағылып жатты! Оларға қосылуға жұрттың бәрі ынтық болды. Украиндардың әйгілі әні «Червона Рута» онша жақсы жазылмай қалыпты, Вильнюсте болған кезімізде оның екінші аудионұсқасын жаздық. Біз Украинаның елшілігіне қолқа салдық. Елшілік қызметкерлері тұра қалып, бәрі бірге шырқай жөнелді, өте керемет орындады. Жоқ, бұл Ресей емес. Бұл – мүлде басқа ел.

Азаттық: – Конфликтіге қатысқан келесі тарап – Виктор Янукович, оның одақтастары, «Беркут» жасағы туралы не айтасыз? Фильміңізде олар туралы мүлде жоқ. Олардың бейнесін жасағыңыз келмеді ме?

Сергей Лозница: – Жоқ, оларға мүлде қызықпадым. Мен тек халықтың бейнесін сомдадым.

Азаттық: – «Майдан» фильмінде сіз үшін өте маңызды кадрлар бар ма?

Сергей Лозница: – Атыстан кейін жасақтарды алаң ортасынан ысырған жері бар.Алаңды қоқыстан, қалдықтардан тазалап, баррикада құрып, доңғалақтар әкеліп, ауыз су таратып жатқан қарақұрым халыққа қарап таңданбау мүмкін емес. Бұл көрініс керемет әсер қалдырады. Халық үлкен алапатты бастан кешірді, мұның олардың бет-әлпетінен байқауға болады. Оларға ешкімнің бұйрық беріп тұрмағаны белгілі, халықтың өздігінен ұйымдасуы таңқалдырады. Қаза тапқандарды жоқтап жатқан жұрттың көрінісі де әсерлі. Мен әдейі сахнаны алмай, тек халықты түсірдім.

«ХАЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮШ ҚОЛДАНУҒА БОЛМАЙДЫ»

Азаттық: – Тәуелсіздік алаңы туралы не айтасыз? Оның «жыры» бітті ме?

Сергей Лозница: – Мифологиялық әңгіме ретінде оның жыры бітті. Биліктегілер тағы қиыс кетсе, ол тағы да жалғасуы мүмкін. Бірақ бұқараның ел басшысына,
Ең бастысы – қауіпсіздік күштерін халыққа қарсы қолдануға болмайтынын жұрттың бәрі түсінді.
мемлекеттік жүйеге деген ашу-ызасын көрсетіп, елді олардан азат етуін бейнелейтін тарихи сәт аяқталды. Бұдан әрі қарай жағдай қалай өрбиді, бұл енді саясаткерлерге емес, халыққа байланысты болмақ. Халық саясатқа қаншалық ықпал ете алатынын дәлелдеді.

Саясаткерлер оңтайлы сәтті өз мақсаттарына пайдаланып қалуға тырысты. Бұлары кейде сәтті, кейде сәтсіз шықты. Меніңше, Украинаның келесі президенті кім болатыны маңызды емес. Майданның елесі әлі де кезіп жүр, егер саясат бұрыс кетсе не болатынын бәрі біледі. Ең бастысы – қауіпсіздік күштерін халыққа қарсы қолдануға болмайтынын жұрттың бәрі түсінді.

Азаттық: – Сіз Канн фестивалінде ресейлік журналистерге сұхбат беруден бас тартып жүр дейді. Бұл рас па әлде жұрт асыра айтып жүр ме?

Сергей Лозница: – Асыра айтып жүрген жоқ. Ресей ақпарат құралдарында Украина туралы айтылып жатқанның бәрі шылғи өтірік, осы өтіріктің құрамдас бөлігі болғым келмейді. Ақпараттық соғыс жүріп жатыр, ал бұқаралық ақпарат құралдарыy қару ретінде пайдаланып отыр. Меніңше, бұл соғыс сәтті жүріп жатыр.

Азаттық: – Сіздің фильміңіз Ресейде көрсетіле ме?

Сергей Лозница: – Иә, белгілі бір деңгейде көрсетіледі. Бұл туындыны тағылымдық фильм деп санаймын, сондықтан, оны Интернетте жариялаймын. Оны халық көруі тиіс.

Дмитрий Волчектің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.