Өзбекстан астанасындағы Le Grand Plaza атты қымбат қонақүйде өткен баспасөз мәслихатында жақында түрмеден босап шыққан танымал кәсіпкер Ахмед Әлиев осыдан сегіз жыл бұрын "мемлекеттік төңкеріс жасауды жоспарлаған" генералдар туралы сенсациялық мәлімдеме жасады.
"Менің ойымша, 2011-2012 жылдары [президент] Ислам Әбдіғаниұлы Каримовті, оған қоса, атап айтатыным, сол кездегі премьер-министр, халқымыздың қазіргі президенті Шавкат Миромонұлы Мирзияевтің көзін жою мақсатымен мемлекеттік төңкеріске дайындық жасалған" деп мәлімдеді Gold Center зергерлік бұйымдар компаниясының негізін қалаған Ахмед Әлиев.
Le Grand Plaza қонақүйіндегі жиын туралы видео:
53 жастағы Әлиев қастандық жоспарының артында сол кездегі қауіпсіздік қызметінің бастығы генерал Шухрат Гулямовтың "нақ өзі" тұрған дейді.
Ахмед Әлиев сегіз жыл бұрынғы "қастандық" жайлы бұдан өзге мәлімет бермеді және Гулямовтан басқа ешкімнің аты-жөнін атамады, алайда бұл туралы билікке хабарлағанын айтты.
2017 жылы Гулямов сот үкімімен өмір бойына бас еркіндігінен айырылып, түрмеге қамалды, бірақ Орталық Азиядағы авторитарлы елдің билігі оған қандай айып тағылғанын көпшілікке жариялаған жоқ.
Өзбекстан билігі кәсіпкердің мәлімдемесіне байланысты әзірге ешқандай реакция білдірмей отыр.
Биыл қыркүйекте түрмеден босап шыққан Ахмед Әлиев "қастандықтан хабардар болғаны" қуғын көріп, тұтқындалуына басты себеп болғанын айтты.
"Экономикалық астары - Ташкенттің орталығында өзім құрған Gold Center компаниясын тартып алғылары келді. Бірақ бұл жанама себеп болатын" деді Әлиев қазанның 21-і күні журналистерге.
Этникалық әзербайжан Ахмед Әлиев 20 жасында зергерлік компания құрып, зор табысқа жеткен. Әлиев, оның әйелі мен компаниясының тоғыз қызметкері 2012 жылы тұтқындалған. 2013 жылы Ташкент соты Әлиевті "қылмыстық топ құрды" деген айып бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырған. Әлиев өзіне тағылған айыпты терістеген. Оның компаниясының тоғыз қызметкері түрлі мерзімге түрмеге қамалған. Сот Әлиевтің әйеліне шартты жаза кескен.
Ахмед Әлиев 2014 жылы атышулы "Жаслық" түрмесінде отырған кезде билікке, мысалы, Мирзияевқа әлгіндей қастандық жоспары болғанын растайтын кей құжаттарды берудің сәті түскенін айтады.
2017 жылы құқық қорғаушылар тұтқын Әлиевтің түрмеде өзіне қатыгездікпен қарайтыны туралы шағым айтқанын хабарлаған. 2019 жылы қыркүйекте Ташкент соты түрмеде отырған Әлиевтің ісін қайта қарап, оған тағылған айыптарды алып тастағаннан кейін кәсіпкер бостандыққа шықты.
Алайда, Ташкенттің орталығындағы қымбат қонақүйдегі әдеттен тыс баспасөз мәслихатының, бірқатар реформа жасағанына қарамастан елдегі БАҚ пен осындай кез келген шараны әлі күнге қатаң бақылауында ұстайтын биліктің назарынан тыс өтуі неғайбіл дейді бақылаушылар.
Ташкенттегі баспасөз мәслихатына қатысқан жергілікті журналист Алексей Волосевич Азаттыққа берген сұхбатында ол шара биліктің рұқсатымен өткен деп санайды.
- Әлиев өзін "Жаслық" колониясындағы азаптан құтқарған Мирзияевқа шексіз разы. Баспасөз мәслихаты кезінде Әлиев Мирзияевті мақтады. Мирзияевқа ондай мадақтан зиян келмейтіні даусыз, - дейді Волосевич.
Өзбекстанды 1989 жылдан басқарып, кез келген өзгеше ой-пікірді тұншықтыруымен танылған авторитарлы билік режимін қалыптастырған президент Ислам Каримовтің тұсында оның сеніміне ие болған Шавкат Мирзияев едәуір уақыт (2003-2016 жылдар аралығында) үкімет жетекшісі болып қызмет атқарды. 2016 жылы қыркүйекте Каримов қайтыс болғаннан кейін Мирзияев президент болып сайланды.
Мирзияевтің билікке келгеннен кейін Өзбекстан Орталық Азиядағы көрші елдермен қарым-қатынасын жақсартып, бірнеше саяси тұтқынды түрмеден босатып, діни көзқарасына байланысты ерекше бақылаудағы мыңдаған адамды қауіпсіздікке жауапты мекеменің "қара тізімінен" шығарғанын батыс елдері құптаған.