ШЕКАРА ЖӘНЕ СУ ЖАЙЛЫ КЕЛІСІМДЕР
Қырғызстанның биыл жаңадан сайланған президенті Сооронбай Жээнбеков бүгін екі күндік ресми сапармен Өзбекстанға барды. Ташкентте ол Тәуелсіздік пен гуманизм ескерткішіне, сонымен бірге Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің ескерткішіне гүл қойды деп хабарлады Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі.
Бұл жолғы сапар барысында екіжақты бірқатар, оның ішінде қаржы саласындағы ынтымақтастық, ұлттық ғылым академиялары арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық, төтенше жағдайлар министрліктері, жастар, кеден мәселелері бойынша құжаттарға қол қою жоспарланған. Келіссөз қорытындылары бойынша ел басшылары бірлескен мәлімдеме жасайды.
Ресми дерекке сәйкес, Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасының жалпы ұзындығы 1378 километрді құрайды, оның 1170 километрі немесе 85 пайызы айқындалған. Бұған дейін шекараның қалған 208 километрі немесе 15 пайызы биылғы жылдың соңына дейін айқындалады деп хабарланған.
Екі ел шекарасының бірнеше даулы тұсы бар, оның біреуі – Үңгіртау. Былтыр осы қырат пен Орто-Токой су қоймасына қатысты дау тіпті жанжалға ұласқан болатын.
Биыл қазанда Ташкентте Қырғызстанның сол кездегі президенті Алмазбек Атамбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Алабұқа ауданындағы Орто-Токой су қоймасын бірлесіп пайдалану жөнінде мерзімі шектеусіз келісімге қол қойған. Қырғызстан парламентінің салалық екі комитеті – Аграрлық саясат, су ресурстары, экология және аймақтық даму комитеті мен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті құжатты үш оқылымда бірден ратификациялаған.
Бұл мәселе парламент комитеттерінде талқыланған кезде Қырғызстан Ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрі Нұрбек Мурашев су қоймасын басқару министрлікке қарасты су шаруашылығы департаменті құзырына өтеді, ал суды пайдалану тәртібін екіжақты комиссия шешетін болады деп түсіндірген.
- Келісім Орто-Токой (Қасаңсай) су қоймасын мемлекетаралық пайдалану тәртібін және оны пайдалануға қажет қаржы және техникалық тұрғыдан жабдықтау мәселелерін реттейді. Бұған қоса, келісімде су қоймасының жұмыс режимін, су ресурстарын пайдалану лимитін, нысанның жұмысын қамтамасыз етуі тиіс техникалық жабдықтар көлемін белгілеу қарастырылған. Бұдан бөлек, құжатта тұрақты комиссия құру жағы да көрсетілген, - деді министр.
Су қоймасын пайдаланғаны үшін Өзбекстан жыл сайын 16 миллион сом төлеп тұруға міндеттеме алғаны парламенттегі талқылау кезінде мәлім болды.
Орто-Токой су қоймасының аумағы – 860 гектар, көлемі – 165 миллион текше метр. Судың 92 пайызын Өзбекстан жағы, қалғанын Қырғызстан пайдаланады.
Аграрлық саясат, су ресурстары, экология және аймақтық даму комитетінің мүшесі, парламенттегі «Онугуу-Прогресс» фракциясының депутаты Мирдан Бакиев келісім заңды күшіне енгеннен кейін нысанға қатысты даудың бәрі тыйылатынына сенімді.
- Ең бастысы, су қоймасын басқару бүтіндей Қырғызстан қарауына өтеді. Егер қателеспесем, оны біздің ІІМ күзететін болады, бұл жағын нақты білмеймін. Нысан Қырғызстан жағының бақылауында болады, сондықтан біз үшін тиімді деген есептен кейін келісімді мақұлдадық, - дейді ол.
Сапар кезінде шекара мәселесі талқыланбайды деген деректі президент аппаратының сыртқы саясат бөлімі меңгерушісі Айзада Субакожоева растады.
- Мемлекеттік шекараның қалған бөлігін делимитациялауға қатысты құжаттар әлі дайын емес. Мұнымен екі елдің үкіметтері құрған жұмыс топтары айналысып жатқанын білесіздер. Келісімге қол қойылған қыркүйектен бері үш ай өтті. 40 километрден көп шекара айқындалды. Бұл жолы делимитация бойынша жеке құжатқа қол қойылмайды, - дейді ол.
ҮҢГІРТАУДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Жалал-Абад облысы Ақсый ауданындағы Үңгіртау – әлі күнге дейін екі ел шекарасындағы ең даулы учаскелердің бірі.
Аудан әкімі Масалбек Мырзамамытовтың сөзінше, қыратқа қатысты мәселе екіжақты келіссөздерде әзірше қозғалмаған. Оның айтуынша, таудағы телестанциялар ешқайда көшірілмеген.
- Менің білуімше, станция әлі жұмыс істеп тұр. Бұл мәселе бойынша қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Оны екінші кезеңде қарау ұйғарылған. Біз шекараның 88 пайызын сипаттап, айқындадық, тағы 12 пайызы қалды. Біздің аудан арқылы өтетін шекараның жалпы ұзындығы 139 километр, оның 122-сі келісілген, енді бар-жоғы 17 километр ғана қалды. Ақсый ауданында екінші кезеңде қаралатын бес даулы учаске бар, - дейді ол.
Үкіметтің шекараны делимитациялау мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Құрбанбай Искандаровтан Үңгіртау учаскесіне қатысты келіссөздер жайды толығырақ ақпарат алу мүмкін болмады.
Былтырғы жанжалдан кейін Ташкент тауды өз территориясының бір бөлігі деп атаған. Қырғыз-өзбек шекарасы туралы келісімге 5 қыркүйекте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің Бішкекке сапары кезінде қол қойылған.
(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Элеонора Бейшенбек кызының мақаласы.)