The National Interest басылымының жазуынша, әлемдік державалардың Орталық Азиядағы бәсекелестігі жыл санап күшейіп келеді. «Қазақстанның Қорғас кеденіндегі дағдарыс - соның айқын көрінісі» дейді мақала авторлары.
Орталық Азиядағы ірі державалардың стратегиялық тартыстары туралы бұл мақаланы әлеуметтанушы Рафаэлло Пантучи мен Еуразиядағы саяси ахуалды зерттеуші ғалым Александрос Петерсен бірігіп жазған.
Авторлар мақаланы Қазақстанның Қытаймен шекаралас Қорғас кеденінде қытай тауарлары артылған үлкен жүк көліктері қазақ шекарасынан өте алмай ұзын-сонар кезекте тұрғанынан бастайды.
«Жүк көліктері Еуразия құрлығын көктей өту үшін әуелі Қытайдың, одан соң Қазақстан кеденшілерінің рұқсатын алу керек. Тауардың көбі негізінен «Дордой», «Барахолка», «Қара Су» сияқты Орталық Азияның үлкен базарларына тасымалданады. Кейбір көліктер Еуропаға дейін барады. Қазір көліктердің барлығы Қытай жаңадан салған кішігірім кеден терминалында тұр» дейді олар.
«ШАХМАТ АЛАҢЫ»
Авторлардың пайымдауынша, бұл дағдарыс Орталық Азиядағы саяси һәм әлеуметтік ахуалды реттеуге мұрша бермейтін стратегиялық тартыстардан туындаған.
Мақалада «Орталық Азиядағы ықпалдарын нығайту үшін бәсекелес державалар бұл аймақтан бірін бірі ығыстыруға тырысады. Олар бұл аймақты буферлік зона ретінде немесе табиғи қазба байлық көзі ретінде пайдаланғысы келеді» деген пікір айтады.
«Орталық Азияны қоршап жатқан қуатты елдер бұл аймаққа ұзақ уақыт бойы пешкаларды ғана қозғалтып қойып, ойынды бақылап отыратын шахмат алаңы сияқты қарап келген еді» деп жазады сарапшылар.
Сарапшылардың болжауынша, әлемдік державалардың бұл аймаққа қатысты жоспарлары қазір біршама өзгерген. Бүгінгі мақсат - аймаққа ықпалды сырттай күшейту емес, оны іштей игеріп, дамыту.
Аймақты дамыту жобалары көбінесе Қытай, Ресей, АҚШ сияқты қуатты мемлекеттердің мүддесімен байланысты. Олардың барлығы да осы территорияға тұрақтылық орнатып, Орталық Азияның қауіпсіздігіне кепіл болғысы келеді дейді мақала авторлары.
«МҮДДЕЛЕР ҚАЙШЫЛЫҒЫ»
The National Interest басымына жарияланған мақалада осы мәселеге орай держава басшыларының пікірлері берілген. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Үндістанның Ченнай қаласында жаңа Жібек жолын жасап, халықаралық байланыстар мен экономикалық қарым-қатынастарды жиілету үшін бірлесіп жұмыс жасау туралы ұсыныс білдірген. Мақала авторлары АҚШ-тың бұл аймақты не себепті тұтас дамытуға мүдделі екендігіне тоқталыпты. Олардың ойынша, «АҚШ Орталық Азияны тұрақтандыру арқылы өз ықпалындағы Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартқысы келеді».
Мақалада Қытай мүддесі де талданған. Орталық Азияның дамуына ықпал ету арқылы Қытай өзінің батысындағы оқтын-оқтын толқу боп тұратын Шыңжаң өлкесіндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартқысы келеді.
1994 жылы елдің премьер-министрі Ли Пэн Жібек жолының жаңа жобасын жасаудың маңыздылығы жайында мәлімдеме жасаған. Ал 2004 жылы China Daily басылымы бұл жобаның болашағы жайында мақала басты. Ондағы деректер бойынша, Қытай Еуропаға жалғасатын, ұзындығы жағынан теңіз жолдарымен бәсекеге түсетін «Темір жібек жолын» салуға кіріскен. Содан бері бұл ел өзінің батысындағы теміржол инфрақұрылымын дамытып, Орталық Азиямен жалғасатын жолдарға айрықша көңіл бөліп отыр. Қазір Қазақстандағы кейбір теміржол құрылыстары уақытша тоқтап тұрғанымен, Өзбекстан, Қырғызстан территориясындағы теміржол төсеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Екі алып держава - Ресей мен Қытай арасындағы текетіресті Қорғастағы жағдайға қарап білуге болады
Авторлар Орталық Азиядағы Ресей ықпалының басымдығына да мән берген. Оған дәлел ретінде 2009 жылы Ресей, Беларусь, Қазақстан мемлекеттерінің кедендік одақ құрғанын айтқан. Мақалада «Тіпті Ресей президенті Путин былтыр Еуразиялық одақ құрып, болашақта «ортақ экономикалық кеңістікте ортақ валюта енгізу» туралы ұсыныс айтты. Ресей президентінің ойынша, ол одаққа бұрынғы Совет Одағының кез келген республикасы кіре алады. Путин одақтың пайдасы жайында «Экономикалық пайдадан бөлек, Еуразиялық одаққа кірудің тағы бір тиімді жағы – мүше елдер Еуропаға жақындасып, әлдеқайда қуатты бола түседі» деген еді».
Мақала авторларының зерттеуінше, Ресейдің бұл жобасы Қытай мүддесіне қайшы. «Екі алып державаның арасындағы текетіресті Қорғастағы жағдайға қарап білуге болады» дейді автор.
2011 жылы желтоқсанда ашылған Қазақстанмен шекарадағы Қытай кеден терминалы жұмысын жалғастыра алмай, қазір тоқтап тұр.