Тәжік-ауған шекарасындағы ахуал екі елді де алаңдатады

Тәжік-ауған шекрасын күзетіп жүрген Ресей әскері. Пяндж, 25 қыркүйек 2001 жыл. (Көрнекі сурет)

Тәжік-ауған шекарасының ұзындығы – 1206 километр (кейде 1344 километр деп те айтылад). Бірақ ортақ шекараның ең шеткі шығыс нүктесінен батыс нүктесіне қарай тік сызық жүргізсеңіз, бұл санның километрдің жартысы ғана шығады.

Шығыстан басталған шекара Памир таулары арқылы өтіп, Пяндж (кейінгі Әмудария) өзенінің жоғарғы жағына жеткенше ирек сызық тәрізді, бұдан соң шекараға айналатын өзен де бұралаңдап ағады. Тәжік-ауған шекарасының басым бөлігі Памир таулары арқылы өтеді, соңғы бірнеше жүздеген километрі ғана – жазық дала.

ТӘЖІКТЕР БАСҚАРАТЫН «ЖУНДАЛЛАХ»

Шығыстан батысқа дейін Тәжікстанмен шектесетін ауған провинциялары – Бадахшан, Тахар және Құндыз. Бұл провинцияларда «Талибан» әскерилерімен қоса «Жундаллах» деп аталатын ауған ресми өкілдерінен құралған топ бар.Бұл әскери топ Орталық Азияда құрылған, алғаш рет 1990 жылдары «Өзбекстанның ислам қозғалысы» (ӨИҚ) деген атпен шыққан, «Талибан» және «Әл-Каидамен» одақтас болған. 2001 жылдың соңында АҚШ әскери операцияларын бастаған кезде ӨИҚ «Талибанмен» бірге Пәкістанның тайпалар аудандарын паналап жүрді.

ӨИҚ жауынгерлері оншақты жыл бұрын «Талибан» топтарына қосылу үшін солтүстік-шығыс Ауғанстанға қайтуды көздеді. Осы кезде Пәкістан тайпаларымен болған қақтығыстар және биліктің әскери операциялары оларды Ауғанстанға оралуға мәжбүрледі.

Ауған әскері мен "Талибан" атысып жатқан маңнан шыққан өрт түтіні. Кабул, 1 наурыз 2017 жыл.

Соңғы жылдары ӨИҚ-нің тәжіктерден құралған бөлігі «Жамаат Ансаруллах» тобына қосылып, сіңіп кетті. Басында өзбектерден жасақталған топта қазір бірнеше ұлт өкілдері бар, тәжіктер басшылық етеді. Ауғанстанның солтүстік-батысындағы ӨИҚ мүшелерінен бұлардың бір ерекшелігі – «Талибанмен» байланысын үзбеді.

Қыркүйек айының соңында «Талибан» мен «Жундаллах» жасағы провинциялық астана Құндызға шабуыл жасап, бір жыл бұрынғыдай біраз уақыт ол жерде билік жүргізді. «Талибан» біраз уақыт Құндыздың Тәжікстанмен шектес Кала-и Зал ауданын басып алды. Осы ауданда және Тәжікстанмен шектесетін тағы бір аудан – Имам Сахибта соғыс әлі жүріп жатыр.

Қыркүйектің соңында содырлар көрші Тахар және Бадахшан провинцияларына да шабуылдады. Олар Тахар провинциясының төрт ауданын басып алды, олардың екеуі – Хважа Гар мен Янги Гала – Тәжікстанмен шектеседі.

Тахар провинциясының ең шеткі солтүстік-батыс бөлігінде тұрған ауданы – Даркадты біраз уақыттан бері «Талибан» басқарып отыр. Наурыздың басында ауған күштері дронмен соққы беріп, «Талибанның» 15 жауынгерін өлтіргенін мәлімдеді.

Ауғанстанмен арадағы шекарада жүрген тәжік әскері. 7 наурыз 2016 жыл.

Ауған билігі ақпанның соңында Даркадқа әуе шабуылын жасаған еді. Даркад – Ауғанстан, Тәжікстан және Ресей үкіметтері арасында елеулі мәселе тудырып отырған аудан. Қыркүйектің соңында болған шабуыл кезінде «Талибан» Бадахшанның екі ауданы – Вардой мен Бахаракты уақытша басып алды. 2009 жылдан бері Вардой ауданы үкімет пен содырлардың билігіне кезек-кезек өтумен келеді.

Қазір үкімет «осы аудандардың басым бөлігін бақылап отырмыз» дейді. Бірақаталған үш провинцияда шабуыл мен адам өлімі жиі болады. Ауған үкіметінің жауынгерлері бір атыс-шабыс орнынан екіншісіне көшіп жүр. Наурыздың басында Құндыздың губернаторы Ассадулла Амархел «Талибан» Құндызға қайтадан шабуылдамақ» деп мәлімдеді.

Бадахшан губернаторы Ахмад Фейсал наурыздың басында өзіне қарасты Ямган және Вардой аудандарын қайтарып алу үшін әскери операция бастауды күтіп отырғанын айтты. Ақпанның соңында ауған ұлттық армиясы Тахар провинциясының үш ауданындағы 14 ауылды қайтарып алғандарын мәлімдеді.

Әрине, бұның бәрі Тәжікстан үкіметін мазалайды. Бірақ Душанбе «Талибан» шекараны кесіп өтеді» деп қауіптене қоймайды. Тәжікстанда ресейлік әскери база тұр. Тәжік билігі Ресей жауынгерлерімен бірге ауған шекарасы маңына үш деңгейлі қорғаныс орнатқан.

Бірақ тәжіктер басқаратын «Жундаллах» тобы (олардың арасында Тәжікстан азаматтары да бар) тәжік үкіметін алаңдатады. Оған халықтың билікке наразы екені де ықпал етеді. Душанбе мен Мәскеуге солтүстік-шығыста «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының өкілдері жүргені ұнамайды.

"Жундаллах" тобының содырлары. (Көрнекі сурет)

«РЕСЕЙ МЕН ТӘЖІКСТАН ТАЛИБАНМЕН ОДАҚТАС»

Ал Ауғанстан «Ресей мен Тәжікстан үкіметтері «Талибанмен» байланыс жасап отыр» деп күмәнданады.

2015 жылдың соңында «Азия-Плюс» тәуелсіз ақпарат агенттігі «Ресей шенеуніктері 201-дивизион орналасқан Куляб әскери базасында «Талибан» өкілдерімен кездесті» деп хабарлады. Ол ақпаратқа қарағанда, «Талибан» өкілдерінің бірі – Тахар провинциясының Даркад ауданын бақылауда ұстаған Кари Динмухаммад Ханиф.

Содан бері Ресейдің «Талибанмен» байланысты екені белгілі болды. Ауғанстанның шығысында ИМ пайда болғаннан бері Мәскеу «Талибанмен» келіссөз жүргізе бастады, себебі Ауғанстанда ИМ-мен соғысып жатқан үкімет жасағына қарағанда «Талибан» тиімдірек көрінген.

Тәжік-ауған шекарасындағы өткізу піункті.

Бадахшан, Тахар және Құндыз провинцияларының шенеуніктері «Ресей жергілікті «Талибан» топтарын қару-жарақпен қамтамасыз етіп жатыр» деп айыптады.

Ақпанның 28-і күні «Ауғанстанның бірінші арнасы» «Ресей Құндыздың Кала-и Зал, Имам Сахиб және Дашт-и Арчи аудандарындағы «Талибан» жасақтарына қару жеткізді» деп хабарлады. Ауған үкіметінің жасағы Тахар провинциясының Даркад ауданын қайтара алмаған кезде де осылай ақталды.

Кейбір ауған ресми тұлғалары «Тәжікстан «Талибан» көліктерін елге кіргізіп, жөндеп береді, жараланған тәліптер елдегі ауруханаларда емделеді», «тіпті Пяндж өзенінің тоғайлы аралдарында тығылып жатқан содырларға тәжік үкіметі көз жұма қарайды» десті.

Тәжік билігі бұл айыптың ешбірін мойындамады, Ресей де «Талибанға» қару бермегенін айтады. Бірақ сенімсіздік күшейген сайын жағдай ушығып барады.

Брюс Панниердің материалын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.