ЖАҚСЫ ҰШҚЫШ, НАШАР БАСШЫ
Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик) дереккөздерінің айтуынша, Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов қайтыс болған соң көп ұзамай 71 жастағы Валерий Тян зейнет демалысына кетуге рұқсат сұрап, президент Шавкат Мирзияевке өтініш білдірген. Бірақ, мемлекеттің жаңа басшысы "Өзбекстан әуе жолдары" компаниясының бас директорынан қызметін біраз атқара тұруын сұраған.
"Өзбекстан әуе жолдары" компаниясына жақын дереккөздің Азаттыққа айтуынша, Валерий Тян өзі құрған жас ұшқыштарды оқу-жаттықтыру орталығының басшысы болып тағайындалуы мүмкін.
Валерий Тян Ресейдің Приморье өлкесінің тумасы, этникалық кәріс Николай Тян мен Ленинград қаласының тумасы, неміс қызы Тереза Икерттің отбасында қазақ даласында дүниеге келіп, Өзбекстанның Сырдария облысында өскен. Ол ұшуды жұрт "кукурузник" атап кеткен Ан-2 ұшағында бастаған. Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы Валерий Тян бастаған алғашқы өзбекстандық экипаж ИЛ-62 ұшағымен мұхит асып, Нью-Йоркке ұшқан.
Кезінде азаматтық авиация сарапшылары ресейлік БАҚ-тарға берген сұхбаттарында Тянды постсоветтік кеңістіктегі ең үздік ұшқыш-командирлердің бірі ретінде сипаттаған.
- Валерий Николаевич шынымен тамаша ұшқыш. Қарапайым тілмен айтқанда, жақсы жүргізуші болды. Бірақ ол әуе бизнесінде "Өзбекстан әуе жолдарын" құрған Арслан Рузметов тәрізді жақсы ұйымдастырушы және білікті басқарушы болған жоқ. Тян тапсырманы орындаушы болды, шынын айтқанда, онша жақсы орындаушы емес. Сізге бір мысал келтірейін. Оған Самарқандағы әуежайды бүкіл Еуразия кеңістігінің азаматтық және жүк таситын авиация хабына айналдыруды ұсынған.
Алайда ол транспорт хабын Навоиде құруды ұйғарды, бірақ онысынан түк шықпады. Ол тіпті Өзбекстанға кореялық компанияларды да шақырып көрді, бірақ одан да түк шықпады. Өйткені Навоиде хаб құру әу бастан сәтсіз идея болатын. Инфраструктурадан жұрдай, мекиен даланың ортасында орналасқан, туристер мүлде білмейтін Навоиде қалай хаб құруға болады? Ал Самарқанда хаб құру идеясының жөні бөлек болатын, бірақ Тян оны іске асырмады, - дейді "Өзбекстан әуе жолдары" компаниясына жақын адамдардың бірі.
Өзбекстан әуежайлары, мысалы Ташкент халықаралық әуежайы жылдар бойы әлемдегі ең нашар әуежайлар тізімінде болған. Бақылаушылардың пікірінше, бұл да Валерий Тянның онша білікті басқарушы болмағанын дәлелдейді.
ҚАРЫЗҒА БАТҚАН ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ
"Өзбекстан әуе жолдары" ұлттық әуе компаниясының сайтында келтірілген дерекке сәйкес, қазір компанияның әуе паркінде Boeing-757/767, Boeing-787-8 Dreamliner, А320, A310, Rj-85, отандық Ил-114-100 ұшақтары және Boeing 767-300BCF жүк таситын ұшақ бар. Қазіргі кезде "Өзбекстан әуе жолдары" ұшақтары әлемнің 40-тан аса еліне қатынайды, 25 елде компанияның өкілдіктері жұмыс істейді.
Бірақ "Өзбекстан әуе жолдары" компаниясындағы жағдайды жақсы білетін дереккөздің сөзінше, әуе компаниясының қазіргі қаржы-экономикалық жағдайы мүшкіл.
Әуежайды жаңартып, әуе паркін жөндеу үшін мемлекеттен алған ақша талан-таражға түскен. Президент Мирзияев мұны жақсы білген.
- Қазір ҰӘК-да бар-жоғы екі Ил-76 ұшағы (жолаушы ұшағы – ред.) ғана қалды, өзгелері жарамсыз күйде тұр – олардың моторы, қозғалтқышы жоқ, қаңқасы ғана қалған. Boeing және А-320 ұшақтары несие мен лизингке сатып алынған. "Өзбекстан әуе жолдары" компаниясының мойнындағы қарыз 1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Әуежайды жаңартып, әуе паркін жөндеу үшін мемлекеттен алған ақша талан-таражға түскен. Президент Мирзияев мұны жақсы білген. Бірақ ұлттық әуе компаниясын реформалайтын мезгіл енді ғана жетті, - дейді Азаттық дереккөзі.
2013 жылы "Өзбекстан әуе жолдары" ҰӘК жолаушы тасымалдаушы үш Airbus A-310 пен үш RJ-85 әуе лайнерін сатылымға шығарған. Ол кезде әуе компаниясының баспасөз қызметі лайнерлер ұшақ-мотор паркін бірегейлендіруге байланысты сатылды деп хабарлаған болатын. Ал мамандар компания әуе паркін техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ болғандықтан және Батыс елдерінен алған лизингті төлеу үшін осындай қадамға барды деген еді.
Бірақ "Өзбекстан әуе жолдары" ҰӘК қоғамға материалдық-экономикалық жағдайының қиын екенін бір рет те хабарламаған.
"ӨЗБЕКСТАН ӘУЕ ЖОЛДАРЫ" САТЫЛЫМҒА ҚОЙЫЛМАҚ
Озодлик әңгімелескен өзбекстандық шенеуніктердің бірі Улугбек Розукулов "Өзбекстан әуе жолдары" компаниясы басшылығына ұлттық әуе компаниясында құрылымдық реформалар жүргізу үшін тағайындалды деп хабарлайды.
- "Өзбекстан әуе жолдары" ұлттық әуе компаниясын жекешелендіру үшін мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр. Әуежайлар, ұшақтар, бүкіл қызмет түрлері жеке меншік компанияларға сатылады. Ташкент халықаралық әуежайы әлемдегі ең нашар әуежайлар тізімінде тұр, ал жағдайды жақсартуға ақша жоқ. Сондықтан үкімет қазіргі жағдайдан шығудың жалғыз амалы – ұлттық әуе компаниясын жекешелендіру деп ұйғарды.
Егер монополия болмағанда Өзбекстанда 10-15 шағын әуе компаниясы баяғыдан бері жұмыс істеп, әуежайымыз әлемдегі ең нашар әуежайлар тізіміне енбес еді, ал әуе тасымалы мұншалықты қымбат болмас еді.
"Госавианадзор" ("Әуе желісін мемлекеттік қадағалау" қызметі. - Азаттық) мекемесі "Өзбекстан әуе жолдары" ҰӘК бақылауына берілген, олар ойына келгенін істеді. Енді "Госавианадзорды" "Өзбекстан әуе жолдары" компаниясы бақылауынан алу туралы ұсыныс бар. Ұлттық әуе компаниясы әуе тасымалына да, әуежайларға да, әуе қауіпсіздігі қызметіне де монополия орнатып алған. "Абу Сахий" компаниясынан өзге компанияларда жолаушы немесе жүк тасымалдау құқығы болған жоқ. Егер ондай монополия болмағанда Өзбекстанда 10-15 шағын әуе компаниясы баяғыдан бері жұмыс істеп, әуежайымыз әлемдегі ең нашар әуежайлар тізіміне енбес еді, жолаушылар бұлай қиналмас еді, ал әуе тасымалы мұншалықты қымбат болмас еді.
Халықаралық аренадағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Билік шетелдік әуе компаниялардың Өзбекстанға ұшуын әдейі тиімсіз етті. Оларды билетті сумға сатуға мәжбүрледі, бірақ кейін ұлттық валютаны конвертациялаудан бас тартты. Ұшақтардың қонып, ұшу бағасын қымбаттатып жіберді. Ақыры Lufthansa мен Czech Airlines компаниялары Өзбекстанға ұшуды тоқтатты. Арзан әуе компаниялары Өзбекстанға ұшудан мүлде бас тартты. Енді мұның бәрін реттеп, реформа жүргізуге тура келеді. Әйтеуір қазір сондай ұсыныс, кеңестер түсіп жатыр. Бірақ олар қалай орындалады, бұл - бөлек мәселе, - дейді "Өзбекстан әуе жолдары" ұлттық әуе компаниясындағы жағдайдан хабардар өзбекстандық шенеуніктердің бірі Азаттыққа.