30 жылдан кейінгі Чернобыль
Апат болған Чернобыль атом электр станциясының (АЭС) 30 жылдан кейінгі көрінісі.
Апат болған ядролық реакторға жақын маңдағы иен қалған қалалар мен селоларға қазір туристер келіп, ол маңды суретке түсіреді.
Чернобыльдегі жолбасшы Владимир Егоровтың айтуынша, шашылып жатқан бұл газтұтқыны қуыршаққа апаттың қорқынышты кейпін суреттегісі келген бір "суретші" кигізіп кеткен.
Иен қалған балалар лагерінің қаңқасы.
Бұл үйде Чернобыльге апат болған соң қоныстанған 160 адамның бірі Василий Сокиренко тұрады.
Бұрынғы милиционер Василий Сокиренко Чернобыльге әуелі 1990 жылы келген. Ол мұндағы екі есе көп айлыққа қызыққан.
"Бесінші қабаттағы пәтерде көшенің шуын естіп отырдым" дейді Василий Сокиренко. Ол "ішу мен теледидар көруден өзге жұмысы болмаған соң" Чернобыльге қайтып келгенін, содан кете алмағанын айтады.
Ол қаладағы таныстары мен биліктегі адамдардың арқасында бұл жерге оралуға рұқсат алған. Бірақ қазіргі тұрып жатқан үйі өзінікі болмаған.
Василий Сокиренко иесіз қалған үйлерді аралап жүріп, көкөніс пен гүл егетін және ара бағатын ауқымды жері бар осы үйді таңдаған.
Василий үйдің қазір Қырымда тұратын иелері бірде ескі қоныстарын көруге келгенін айтады. "Ешбір дау-дамай болған жоқ. Олар керісінше менің тұрып жатқаныма қуанды" дейді Василий. Өзі болмаса, үйдің бұған дейін қирап қаларын айтқан ол омартасын тексеріп жүр.
Василий радиация туралы ойлай бермейді. "Аумақты тексердік, бәрі таза. Жеген нәрсемді тексеремін, бір дұрыс" дейді ол.
Бірақ оның даладағы ваннада өсірген балығын тексеретін ештеңе жоқ.
"Мен мұнда еркінмін. Жаз шыға бақша гүлдеп, менің бұл жерге не үшін оралғаным айдан анық болады" дейді Василий. Біз онымен қоштасып, апат аймағынан кетер кезге дейін оның бұл сөзі нанымды естіледі.
Чернобыльге келген әр адамның қорқатын сәті - осы. Жолбасшы Дмитрий Кольчинскийді (сол жақта) радиация жұқтырған-жұқтырмағанын тексерген кезде дабыл белгісі қосылды. Жыпылықтап тұрған қызыл шам оның кеуде тұсында радиация барын хабарлады. Ол кеудесіне таққан белгіні шешіп тастап еді, дабыл да тыйылды. Бірақ Дмитрий үрейленіп, қайтар жолда әйеліне телефон соғып, "жаңа киім дайындап қойшы, баламның жанында мұндай нәрсе болмасын" деді. Василий сияқты адамдар қаншама қауіпсіз деп иландырып бақса да, Чернобыль радиациядан әлі айықпаған.