Черногория соты құқық қорғаушы Дина Смайылованы босатты

Құқық қорғаушы Дина Смайылованың сот ғимаратынан шыққан сәті. Подгорица, 15 сәуір, 2025 жыл.

Құқық қорғаушы Дина Смайылованың сот ғимаратынан шыққан сәті. Подгорица, 15 сәуір, 2025 жыл.

Черногория соты қазақстандық құқық қорғаушы Дина Смайылованы (Дина Таңсәрі) қамаудан босатты. Оны ұстауға Қазақстан билігі өтініш берген. Елде оның үстінен бірнеше іс қозғалып, іздеу жарияланған.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге құқықтық көмек көрсететінін "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі 14 сәуірде Черногорияның Будва қаласында қамауға алынған. Оны Қазақстанға экстрадициялау жайы 15 сәуір күні сотта қаралатыны айтылған.

Сот отырысынан соң Дина Смайылова сыртқа шығып, Азаттықтың Балқан қызметі тілшісіне сұхбат берді. Құқық қорғаушының айтуынша, оны қолына кісен салып уақытша қамау изоляторына қамап, бір тәуліктей ұстаған.

Подгорица Жоғарғы сотында Дина Смайыловаға қатысты бұлтартпау шарасы анықталған. Өзінің айтуынша, сот оның және адвокатының уәжін тыңдап, ісі қаралып жатқанда "паспортын алып қою туралы" шешім шығарған.

Адвокат Долибор Томовичтің айтуынша, Смайылова Черногориядан саяси баспана сұрап, 2023 жылы қазанда арыз берген. Онымен екі бірдей сұхбат өткен, бірақ арызы әлі қаралып жатыр. Бұл бойынша бірнеше айда шешім шығуы тиіс.

Өзін қолдаған жұртқа алғыс айтқан Дина Смайылова Қазақстан билігі өзін әйел құқықтарын белсенді түрде қорғағаны үшін қудалап жатқанын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мені полиция зорлады". Қарағандылық қыз жәбірленгенін бір жылдан бері дәлелдей алмай жүр

"Саяси баспана туралы өтініш Қазақстан үкіметі [Смайылованы] экстрадициялау және ұстау туралы өтініш берерден бұрын жазылған. Сондықтан ол Қазақстанға экстрадицияланған жағдайда қудалануы мүмкін деген күдік орынды" деді адвокат.

Бұл оқиға бойынша Қазақстан билігі әзірге ешқандай комментарий бермеді.

Смайылова құрған "НеМолчи.kz" қоғамдық қоры Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің құқығын қорғаумен айналысады. Қор анықтаған зорлық-зомбылық оқиғалары Қазақстанда резонанс тудырған. "НеМолчи.kz" тұрмыстық және жыныстық зорлық көрген әйелдерге мыңдаған онлайн кеңес берген. Қор жұмысы нәтижесінде жыныстық зорлық көрсетті деп айып тағылған ондаған адам сотталды. Ондаған полицей әрекетсіздік және жұмысқа немқұрайлы қарағаны үшін жауапқа тартылып, 200-ден астам полицей тәртіптік жазаға тартылды.

Your browser doesn’t support HTML5

"НеМолчи" қорына жарна аударған әйел полиция тергеуіне наразы

Қазақстанның ішкі істер министрлігі 2023 жылдың соңында Дина Смайылованың үстінен алты қылмыстық іс қозғалғанын, олардың арасында "алаяқтық", "көрінеу жалған ақпарат тарату" мен "жеке өмірге қол сұқпау құқығын бұзу" баптары барын мәлімдеген. Прокуратура қор мен Смайылованың есепшоттарын бұғаттаған.

Смайылова үш жылдан аса уақыттан бері отбасымен бірге шетелде тұрып жатыр. Қазақстан оған халықаралық іздеу жариялаған еді.

Смайылова бұған дейін әлеуметтік желіде "НеМолчи.kz" қорына ақша аударған қазақстандықтарды полиция тергеуге шақырып, алаяқтық туралы арыз жазуға көндіруге тырысып жатқанын айтқан. Оның ойынша, билік тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтерген қорды жапқысы келеді.

Your browser doesn’t support HTML5

"НеМолчи.kz" жетекшісін неге соттамақ?

Ал Human Right Watch ұйымы "Биліктің Смайыловаға қарсы белсенді іс-қимылға көшуі − қылмыстық әрекетті жоюдан гөрі оның ұйымының заңды жұмысын қаралау әрекетіне көбірек ұқсайды" деп, істі әділ тергеуге шақырған.