Қытай мен Үндістан Ираннан мұнай ала бермек

Парсы шығанағындағы Иранның мұнай өндіру зауыты. Көрнекі сурет

Тегеранға қатысты Вашингтон салған санкциялар бірнеше күннен соң күшіне енгелі жатқанда Пекин мен Дели Иранның мұнайынан бас тарта алмайтындарын білдірді.

Қарашаның 5-інде АҚШ-тың Ирандағы мұнай саласына қатысты салған санкциялары күшіне енеді. Бірақ Тегеранның ең ірі екі мұнай сатып алушысы - Үндістан мен Қытай Вашингтонның мұнай импортын тоқтату туралы талабын орындауға құлықсыз. Дели мен Пекин Иран мұнайының орнын жабатын басқа ешкім жоқ екенін айтып бағып жатыр.

Вашингтон Батыс елдері Иранмен 2015 жылы жасаған ядролық бағдарламаны дамытпау келісімінен шығып кеткен соң бұрынғы санкцияларды қайта салыпжатыр. Бірақ Тегеранның ең ірі клиенті саналатын Қытай ашық түрде келісімді бұзбайтынын мәлімдеді. АҚШ мұндай жағдайда Қытайдың америкалық нарықтағы бизнес компанияларының қызметіне шектеу салатынын ескертті.

Иран мұнайының Азиядағы және екі ірі тұтынушысы Жапония мен Оңтүстік Корея импорттауды дереу тоқтатқан еді. Ал Қытай мен Үндістанның санкция ережелерін орындамау ниеті Тегеранға батылдық бітірді.

Иранның вице-президенті Эсхак Джахангир қазанның 28-інде Иранның мұнай экспорты күніне бір миллион баррель көрсеткіштен азаймайды деп жариялады. Әйткенмен АҚШ санкция жарияламай тұрып биылғы сәуір айында Тегеран күніне екі жарым миллион баррель мұнай сатып келген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ TAPI газ құбыры желісі Ауғанстанға жетті



Қытайдың сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин өткен аптада журналистерге Қытайдың Иранмен жасалған әуелгі ядролық келісімге қатысты позициясы сол күйінше қалғанын айтқан.

Қытай Ираннан күніне 500-800 мың баррель мұнай сатып алып отыр. Сол себепті Пекин АҚШ-пен Тегеранға салынған санкцияға қатысты тәжікелесуден тартынбайды. Әлемдегі екінші ірі экономикалы ел Вашингтонмен онсыз да сауда соғысын бастан кешіп жатыр.

Қытай Иранмен ядролық келісімге қол қойған Еуропа елдерімен жеке келіссөз жүргізіп, Иран мұнайын үшінші тарап арқылы АҚШ долларын қолданбай және санкцияны бұзбай сатып алу жайын қарастырып жатыр. Әлемдік мұнай саудасы көбіне АҚШ долларымен жасалады.

Қытай өзінің юань атты ұлттық валютасын долларға балама ақша ретінде ұсынып келеді. АҚШ-тың санкциясы кезінде юаньға деген ықылас күшейеді деп үміттенеді.

Иран - Қытайдың Еуразия мен Африкада сауда қатынасын дамытуды көздейтін "Бір жол - бір белдеу" жобасның стратегиялық тұрғыдан маңызды қатысушысы.

Үндістан премьері Нарендра Моди (сол жақта) АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп отыр.

Үндістан Иран мұнайының екінші ірі сатып алушысы ретінде Тегеранмен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Дели БҰҰ-ның санкцияларын ғана мойындайтынын, қандай да бір жеке мемлекет енгізген санкцияны заңды деп танымайтынын мәлімдеген.

Бірақ Үндістан АҚШ-пен арасын ушықтырмай үшін жуырда Ираннан алып отырған мұнай көлемін сәл азайтуға мәжбүр болды. Тұтынатын мұнайының 80 пайызын шеттен сатып алып отырған Үндістанның жағдайы қиынырақ.

Үндістан үкіметінің өкілі Reuters агенттігіне Делидің Вашингтонға мұнай бағасы шарықтап тұрған шақта Ираннан шикізат импорттауды тоқтату мүмкін емес екенін ескерткенін хабарлаған.

"Балама тасымал бағасы қымбат болып тұрғанда Ираннан мұнай импорттауды тоқтата алмаймыз" деген Үндістан үкіметінің өкілі.

Reuters сілтеме жасаған аты-жөні аталмаған АҚШ дипломаты Вашингтонның Делимен келіссөз жүргізіп, Үндістан мен тағы бірнеше елге санкция шарттарын орындамауға рұқсат бере тұруы мүмкін екенін айтады.

Үндістан Ираннан күніне 500 мың баррель мұнай сатып алып отыр. Бірақ соңғы күндері импорттауды күрт азайтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ-тың Қытайға жариялаған "сауда соғысы"

Reuters-тің хабарлауынша, Иран мұнайының төртінші ең ірі сатып алушысы саналатын Түркия да АҚШ санкцияларын елең етпеуге бейіл. Президент Тайып Ердоған бұл шектеуді ашық сынаған. Түркия Ираннан тасымалдап отырған мұнайды екі есе азайтқанмен біржола тоқтата қоймауы мүмкін. Анкара да АҚШ санкциясын айналып өтуге тырысып жатқанымен Вашингтонмен келіссөзінен нәтиже шыға қоюы неғайбыл.

Пекин Ираннан мұнай алуын және сауда-саттық жасауын тоқтатпайтынын мәлімдегенімен жекелеген қытайлық компаниялар АҚШ санкцияларына қарсы шығудан тартынып тұр.

Sinopec Group және China National Petroleum Corp (CNPC) компаниялары қараша айында Ираннан мұнай сатып алмайтындарын жариялады.

Reliance атты Үндістанның ірі компаниясы да санкцияға сәйкес Иран мұнайынан бас тартты.

Иранның Таяу Шығыстағы бәсекелесі, АҚШ-тың одақтасы ретінде Сауд Арабиясы Тегеранның Азиядағы ірі сауда әріптестерін мұнай сатып алмауға шақырып жатыр.

Мұнайдың әлем бойынша бағасы қазан айында 87 АҚШ долларына жетті, бұл - төрт жыл болмаған жоғары көрсеткіш.

Reuters-тің хабарлауынша, бағаның өсуі АҚШ пен оның одақтастарына зиян шектіреді деген қауіп туған шақта Вашингтон 2019 жылы Сауд Арабиясы мен Ресей мұнай өндіруін көбейте түскенше кейбір елдерге жеңілдік ұсынбақ. АҚШ-тың қаржы министрі Стивен Мнучин агенттікке мұндай жеңілдікке қол жеткізгісі келетін елдер әуелі Ираннан мұнай импорттауды 20 пайыздан астам азайтуы тиіс деген.