"Бұлыңғыр бағыт". Қытай Қырғызстанның медиа кеңістігіне ықпалын күшейте бастады

Қытайдың Қырғызстандағы елшісі Ду Дэвэннің (сол жақтан екінші) Қырғызстандағы қоғамдық арна редакциясына келген сәті. 24 тамыз 2022 жыл.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бішкектегі академиясы екі жыл бойы зерттеу жүргізіп, Қытайдың Қырғызстан ақпарат кеңістігіне ықпалы мен Пекин үшін маңызды саяси мәселелерді қамтуға күш салатынын анықтаған.

Жаңа зерттеуде айтылғандай, Қытай Қырғызстан медиасына едәуір қаржы салып жатыр: Пекин Қырғызстанда ақпараттық ландшафт қалыптастыру үшін қытай ақпарат құралдарының үлесін көбейтіп, жергілікті компаниялармен әріптестігін нығайтқан.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бішкектегі академиясы жүргізген зерттеу 25 тамызда жарияланды. Онда зерттеушілер Қытайдың Қырғызстандағы баспасөз құралдарына ықпалын қарастырған. Бұл – Қытай туралы жағымды ақпарат тарату, АҚШ пен Батыс туралы жағымсыз саяси деректер жариялау, Қытайдың Орталық Азиядағы мүддесі мен Шыңжаңдағы мұсылмандарға арналған лагерьлер туралы әңгімелерді бәсеңдету үшін қолданылатын тактиканы зерттеу жобасының бір бөлігі.

Бішкектегі ЕҚЫҰ академиясының зерттеушісі Нива Яу.

«Ақша көп нәрсені шешеді. [Қырғызстанның] медиа-секторында қаржы жетіспейтіндіктен, бұл проблема» деді Азаттыққа ЕҚЫҰ академиясының бас ғылыми қызметкері, зерттеу авторы Нива Яу. «[Қытайдың] инвестициялайтын және жұмсайтын ақшасы көп. Ол оны Қытай туралы жағымсыз хабарламаларды азайтып, ақпарат кеңістігін Қытай туралы [жағымды ақпараттармен] толтыру үшін пайдалана алады».

Яу Қытайдың жергілікті жердегі ақпаратқа ықпал етуінің негізгі стратегияларын құжаттаған. Оның ішінде Қырғызстан баспасөз құралдарында ақылы материал жариялау, қаржыландыру жөніндегі серіктестік байланыс, Қырғызстандағы қытай баспасөз құралдарының үлесін арттыру, хабарламаларды тарату үшін әлеуметтік желілер мен онлайн инфлюенсерлерді пайдалану секілді шаралар бар.

Баяндамада Қытайдың Бішкектегі елшілігінің жергілікті контентті үйлестіруде маңызды рөл атқаратыны, журналистерге арналған тегін сапар ұйымдастырып, қаржы мен консультация ұсынатыны айтылған. Жергілікті журналистер сауалнама кезінде мұның бәрін жақсы материал жариялап, теріс пікірді айтпауға ықпал ететін фактор деп атаған.

«Бұл өте бұлыңғыр бағыт» деді Яу. «Қытай тарапынан көп олақтық көруге болады, бірақ ол дамып, бейімделіп жатыр. Әсіресе, бақылау қиынға соғатын мақсатты контент пен жарнамасы бар әртүрлі платформалар мен әлеуметтік желілерге [бейімделіп келеді]».

ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ МҮДДЕ

Қытай батысымен шектесетін Орталық Азия кейінгі ондаған жылда Пекин үшін стратегиялық маңызы бар аймаққа айналды. Қытай аймаққа саяси және экономикалық ықпалын күшейтуге тырысты. Сол үшін жергілікті элита мен қарулы күштермен тығыз байланыс орнатып, «Бір белдеу – бір жол» инфрақұрылым жобасы аясында миллиардтаған инвестиция салды.

Зерттеу Қытайдың Орталық Азиядағы, әсіресе, Қырғызстандағы ықпалы енді бұл салалармен шектелмейтінін және қоғамның кең ауқымды бөлігін қамтуға бағытталғанын көрсетті дейді Яу.

Ақпарат кеңістігін бақылау – Қытай билігінің ел ішіндегі негізгі тетігі болды. Пекиннің шетелдегі ықпалы артқан сайын, бұл саясат сол жақтарға да тарады. Қытай билігі бұл мақсаттарды ресми құжаттарда ашық айтып, көрші аймақ пен дамушы елдерді мүмкіндіктер саласы ретінде атаған.

Қытай басшысы Си Цзиньпин және Қырғызстан президенті Садыр Жапаров. Ақпан айы 2022 жыл.

Қытай Қырғызстанның медиа компанияларымен 2000 жылдардың басында әріптестік орната бастаған. Бұл келісімдер аясында Пекин қалауынша жергілікті баспасөз құралдарында қытай контентін қайта жариялап қана қоймай, Қытай және әлем жаңалықтарының, өмір салты, технология, қаржы және саяхат туралы арнайы контенттің мазмұнына қатысты қатаң талаптарын айтып отырған.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі 2022 жылы жариялаған тізімнен елде Қытайдың үш мемлекеттік баспасөз құралы тіркелгенін көруге болады. Тағы екеуі жекеменшік медиа компания ретінде тіркелген.

Қытай баспасөз құралдары стратегиясының тиімділігін анықтау қиын, бірақ ЕҚЫҰ академиясы жүргізген зерттеу мен телефон арқылы алынған кең ауқымды сауалнама бұл шаралардың Шыңжаң лагерьлеріне қатысты ақпаратта сәтті жүзеге асқанын анықтады, дейді Яу.

Халықаралық зерттеушілер мен Батыс елдері Қытайдың бір миллионнан астам қазақ, ұйғыр, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамағанын айтып жүр. Біршама дәлел барына қарамастан, Пекин мұны экстремизммен күрес амалы деп атап, адам құқықтарын бұзып жатпағанын мәлімдеп келеді.

Зерттеуде қырғыз журналистерінің Шыңжаңға жиі барғаны, оларға гүлденген ауыл мен дамыған жобаларды көрсеткені айтылған. Олар көргенін жергілікті баспасөз құралдарында жариялаған. Яу бұл аудиторияны адастырып, лагерь туралы басқа ақпараттарға күмән туғызған дейді.

«Шыңжаң туралы ақпарат жариялау стратегиясының екі мәселесі бар: бірінші тактика – баспасөз құралдарының назарын барынша азайту, ал екіншісі – аудиторияны адастыратын басқа оқиғалар ойлап табу, себебі бұл қолжетімді басқа ақпараттарға қарағанда [поляризациялайды]» деді ол. «Ақыр соңында, дәл осы жерде бұл тиімді болады деп ойлаймын. Бәлкім, бұл ешкімді сендірмейтін шығар, бірақ Қытай билігіне қарсы [айыптауларға] күмән туғызуы мүмкін».

ҚАНДАЙ КЕДЕРГІ БАР?

Зерттеу Пекиннің медиа стратегиясының Қырғызстанда сәтті жүзеге асып жатқанын көрсеткенімен, Яу Қытайдың жергілікті жағдайға бейімделуге келгенде қиындықтарға тап болып жатқанын айтады.

«[Қытай] жаһандық баспасөз құралдарына келгенде ебедейсіз. Олар шетелге шыққанда [еліндегі] модельді алады да, көшіре салады. Көп жағдайда олармен жұмыс істейтін жергілікті тұрғындарды естуден бас тартып жатады» дейді Яу.

Қытай экспансиясына қарсы митинг. Бішкек, 17 қаңтар 2019 жыл.

Оған бір қырғыз продюсер Қытай делегациясының бірігіп фильм түсірмек болғанын айтып берген. Олар фильмде Қырғызстанға жұмыс істеуге келіп, қырғыз әйелге ғашық болып қалған қытайдың оқиғасын баяндағысы келген. Продюсер мұны халық қабылдамайтынын айтқан. Олар аралас неке елдегі синофобияның пайда болуына әсер еткенін білмейтін болып шыққан.

Қытай бетпе-бет келген тағы бір кедергі – жергілікті тұрғындардың Қытай жобаларында жұмыс істеуге ниетінің болмауы. Зерттеушілер Қырғызстандағы Қытай басылымдарында жұмыс істеген және қазір жұмыс істеп жатқан адамдардан сауалнама алған. Олар жоғары жалақығы қызыққанымен, Қытайдың пропаганда мен жалған ақпарат таратуға үндейтінін білген.

«Көп адамның бұған ниеті жоқ. Басқа амал жоқ болғандықтан, бұл прагматикалық [дүние]» деді Яу. «Кез келген басқа мүмкіндік болса, олар серіктес ретінде Қытайды таңдамас еді. Бұл Қытайды осы елде кең қабылдаудың [ бір түрі] деп ойлаймын».