Қытай Ауғанстанға салынған санкциялардың күшін жоюға шақырды. Пекин "Талибан" (Қазақстанда және басқа да елдерде террористік ұйым деп танылған) билігін мойындату үшін науқан жүргізіп жатқандай.
23 қыркүйекте "Үлкен жиырмалық" (G20) елдері сыртқы істер министрлерінің саммиті өтіп, онда Қытай сыртқы істер министрі Ван И Ауғанстанның шетелдік активтерін бұғаттан шығарып, тәліптерге "саяси қысым" көрсетуді тоқтатуға шақырды.
"Ауғанстанға қарсы экономикалық санкцияны тоқтату керек" деді Ван И. "Ауғанстанға қатысты әртүрлі біржақты санкциялар немесе шектеулерді мүмкіндігінше тезірек алып тастау қажет".
28 қыркүйек күні Қытай министрі Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррельмен видео арқылы сөйлесіп, Ауғанстан мәселесін сол жерде де қозғады. Пекин мен Брюссель тәліптермен қарым-қатынасты қалай құру қажетін, Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты қалай реттеуге болатынын талқылады.
АҚШ пен НАТО әскері Ауғанстаннан шығарылып жатқан тұста, елді өз бақылауына алған "Талибан" уақытша үкімет құрып, оған қатаң бағытты ұстанатын тәліптерді кіргізді. Халықаралық қауымдастық бұл үкіметті ауғандарға, әсіресе, әйелдерге қатысты ұстанымы мен лаңкестік топтармен байланысы үшін қатты сынға алды.
Бірақ Қытай тәліптердің жаңа үкіметін қолдап шықты. Пекиннің қозғалыспен Қытай қауіпсіздігін қорғау және контрлаңкестік қамқорлыққа бағытталған аралас-құраластығы бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытай тәліптерден не күтеді?Тәліптер билікті басып алған соң Пекин Ауғанстан экономикасына инвестиция құйып, гуманитарлық көмек жіберетінін мәлімдеді. Оған жауап ретінде "Талибан" өкілі Забиулла Мужахид Қытайды қозғалыстың ең жақын серіктесі деп атады.
Пекин басқа елдерді де тәліптермен байланыс орнатуға итермелей бастады. Бұл стратегия нәтиже бере бастағандай.
Қырғызстан Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші болып "Талибан" өкілімен кездесу үшін Кабулға делегат жіберді. 23 қыркүйекте Қырғызстан қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Талантбек Масадықов пен тағы бір шенеунік қозғалыс өкілдерімен кездесті.
Ал 26 қыркүйекте Кабулда Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгелдиев "Талибан" құрған үкіметте сыртқы істер министрі міндетін атқаратын Әмір Хан Муттақимен кездесті.
ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙДІҢ ҰСТАНЫМЫ
Кейінгі апталарда Пекиннің "Талибанмен" байланыс орнатуға шақыруы күшейе бастады. Бұл 16-17 қыркүйекте Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитінде де байқалды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) – Қытай басқаратын саясат және қауіпсіздік одағы. Оған Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді.
ШЫҰ елдері Тәжікстанда өткен саммитте Ауғанстан мәселесін талқылады. Оған Ресей басқаратын әскери одақ – Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) да қатысты. Бұл екі ұйымның алғашқы бірлескен кездесуі болды.
Саммитке видеобайланыс арқылы қатысқан Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Ауғанстандағы тұрақсыздық пен зорлық-зомбылықтың шекарадан шығып, басқа елдерге тарап кетпеуі үшін бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Сондай-ақ барлау деректерін алмасуға, Ауғанстандағы жағдайды талқылау үшін келіссөздер өткізіп тұруға уағдаласты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытай мен Ресей әскери жаттығу бастады. Бұл нені білдіреді?"ШЫҰ мен ҰҚШҰ мүшелерінің бәрі – Ауғанстанмен шекаралас елдер. Бұл қауымдастықтардың ортақ мүддесі, ортақ қауіпсіздік мәселесі бар" деді Си Цзиньпин саммиттегі сөзінде. "Бұл қиын-қыстау кезеңде бірлесіп жұмыс істеу, бірлесіп бейбітшілік пен тұрақтылықты ұстап тұру маңызды. Осы ұсыныстар аймақтағы ортақ қауіпсіздік мақсатына жетуге септеседі деген үміттемін".
Владимир Путин де Кремльдің "Талибанға" қатысты саясаты жұмсаратындай сыңай танытты. Ол қозғалысты Кабулдағы ресми үкімет ретінде мойындату үшін бүкіл аймақты үйлесімді әрекет етуге шақырды.
Владимир Путин тәліптер Кабул үкіметі мен БҰҰ жақтастарына қарсы 20 жылдық соғыстан соң билікке "қантөгіссіз" келді деп мақтап, басқа елдер қоғалыспен жұмыс істеу амалын табуы керек деді.
"Мойындауға келсек, ұстанымымызды нақтылап, диалогты бастауымыз керек" деді Путин.
Кремль "Талибан" делегациясының Мәскеуге келуін талқылап жатыр деп хабарлады РИА Новости агенттігі.
"Талибан" қамқоршыларының бірі, аймақтағы басқа елдерді қоғалыспен байланыс орнатуға итермелеген Пәкістанның да ұстанымы осыған ұқсайды.
"Балама таңдау бар ма? Қандай нұсқалар бар? Жағдай қандай? Одан бас тарта ала ма? Халықаралық қауымдастық осы мәселелерді түсінуі керек" деді Пәкістан сыртқы істер министрі Шах Махмуд Куреши 24 қыркүйекте Assoсiated Press агенттігіне берген сұхбатында.
"САЯСИ МОЙЫНДАЛУҒА" ҰМТЫЛЫС
"Талибан" үкіметін Ауғанстанның кей көршілері қолдай бастағанына қарамастан, қозғалыс халықаралық мойындау жолында әлі де қиындықтарға тап болып жатыр.
Ауғанстанмен 1357 шақырым шекарасы бар Тәжікстан "Талибан" билігіне әлі де қарсылық танытып отыр. Душанбе бас сауғалаған ауған саясаткерлері мен шенеуніктерін паналатуға келісім берді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Талибанға" Тәжікстан ғана ашық қарсы шықты. Рахмонға бұл не үшін қажет?Душанбедегі лауазымды тұлғалар Ауғанстандағы "тәжік тәліптері" Тәжікстанға шабуыл жасауға дайындалып жатыр деп дабыл қағып отыр деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметіне Тәжікстан шекара қызметінің өкілі.
"Талибан" уақытша үкіметі басшысының міндетін атқарушы Абдул Ғани Барадар бұл қадамды айыптады. Ол 26 қыркүйекте Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында Тәжікстаннан Ауғанстанның ішкі ісіне араласпауын талап етті.
Батыс елдерінің көбі қозғалысқа қарсы шығып отыр. Қытайға қозғалыстың Ауғанстанды басқаруға қажет құралдарға қол жеткізуі үшін "Талибанның" атынан әлі де лобби жүргізуіне тура келеді.
Ауғанстан көп жыл бойы халықаралық көмекке тәуелді болды. Дүниежүзілік банк дерегінше, шетелден келетін көмек Ауғанстан жалпыұлттық ішкі өнімінің 43 пайызын құрайды.
Алайда "Талибан" билікке келген соң көмек тоқтады. Халықаралық валюта қоры тәліптер режимі заңды үкімет ретінде мойындалмағандықтан, 440 миллион доллар көлеміндегі көмекті бұғаттап тастады. Дүниежүзілік банк пен Еуроодақ та көмек беруді тоқтатты.
Ауғанстанға экономикалық және гуманитарлық дағдарыс қаупі төніп, "Талибан" ресми билік ретінде мойындалуға тырысып бағып жатыр.
АҚШ пен Еуропа елдері 1 миллиард доллар көлемінде төтенше көмек жіберетінін айтқан. Бірақ Вашингтон да Ауғанстан орталық банкінің АҚШ-та сақтаулы тұрған 9,5 миллиард доллар қорын бұғаттап тастады.
Бұл Вашингтонды Ауғанстанның экономикалық болашағына әсер ететін маңызды тетік етіп тұр. Бұл басқа елдерді Кабулдағы "Талибан" билігін мойындауға шақырып жүрген Пекиннің көңіліне батса керек.
"Ауғанстанның валюта қоры – ұлттың активі. Ол халыққа тиесілі болуы керек, оны халық пайдалануы керек. Ол Ауғанстанға саяси қысым көрсету құралы болмауы керек" деді Ван И G20 елдері министрлерінің жиынында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кабул тәліптер қолында, Қазақстан неге дайын болуы керек?