"МЕШІТКЕ БАРАСЫҢ БА? НАМАЗ ОҚИМЫСЫҢ?"
Ербақыт Отарбайұлы қазір Англияда тұрады. Ол Қытайда отбасын құрып, 2016 жылы Қазақстанға көшкен. Бірақ әке-шешесі өзі туып өскен Шыңжаңдағы Тарбағатай аймағында қалған.
"2017 жылы мамырдың 23-і әкемді жоқтайын деп Қазақстаннан Қытайға бардым. Сол кезде шекарада паспортымды алды да, бөлек бөлмеге апарды. Ол жақта "Қазақстанға не үшін бардың? Не себеп болды?" деп сұрады. "Қазақстанға барғанда, мешітке кіресің бе, намаз оқисың ба?" деген сұрақтар қойды", – деді ол.
Ербақыт Қытайға өтпей тұрғанда Қазақстан азаматтығын алуға өтініш беріп қойған. Тек паспортын ауыстырмай тұрып, Қытайда ауырып жатқан әкесімен жүздесуге үлгергісі келген. Ол Қытайдың шекара қызметіне ұлты қазақ болғаны үшін Қазақстанға көшкенін, мешітке бармайтынын айтқан.
Ербақыттың сөзінше, оны Қытайдың шекара қызметі басына қара қап кигізіп, түрмеге алып кеткен. Ол Қытайда жазықсыз 98 күн түрмеде, бір жарым жылдай саяси лагерьде болғанын айтты. Оның басынан өткен жайтты Азаттық бұған дейін де жазған.
ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚУҒЫН МЕН ҚЫСЫМ
Америкалық Council on Foreign Relations зерттеу орталығының жазуынша, Қытайдың Шыңжаң аймағында "қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" 2014 жылдан тоғыта бастаған.
Адам құқықтарын қорғайтын Human Rights Watch ұйымы 2017-21 жылдар аралығында Шыңжаңда 540 мыңнан астам адам сотталған деп жазды.
БҰҰ-ның 2018 жылғы есебінде Қытай үкіметі Шыңжаңда бір миллиондай ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек және басқа да мұсылман адамдарды "қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" жапқанын айтқан. Сарапшылар лагерьге қамалуға хиджаб кию, сақал қою, араб және түрік тілін оқу, арақсыз той өткізу, мұсылманша неке қию, балаларға мұсылманша ат қою себеп болған дейді.
Ал Қытай үкіметі бұл айыптауға келіспейтінін айтып, "Шыңжаңда лагерь жоқ" деп мәлімдеген. 2018 жылдың тамыз айында Швейцарияның Женева қаласында өткен БҰҰ-дың нәсілдік кемсітуді жою жөніндегі комитетінің отырысында Қытай коммунистік партиясының өкілі Ху Льянхе Қытайдың "терроризм құрбаны" екенін айтып, Шыңжаңда "қауіпті террористік белсенділікті жоюға бағытталған заң аясындағы әрекет" жүзеге асырылып жатыр деген.
Льянхе Қытай билігі "діни радикализмді жою" үшін заң бұзғандарды "білім беру және кәсіп үйрету орталықтарына" жіберіп жатқанын айтқан.
2021 жылы Қытай коммунистік партиясының өкілі Ху Льянхе АҚШ үкіметінің Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуы жайлы жариялаған санкциялар тізіміне ілінді.
"ҚЫТАЙДЫҢ ІШКІ ШАРУАСЫ"
2017 жылдан бастап Шыңжаңда хабарсыз кеткен туысын іздеген Қазақстан азаматтары көбейді. Олар Қазақстан үкіметінен мәселеге назар аударуын сұрап, хат та жазды, митингтер де ұйымдастырды.
Бірақ Қазақстан үкіметі "Қытайдың ішкі мәселесіне" араласа алмайтынын алға тартқан.
"Бұл – Қытайдың ішкі мәселесі. Олардың ішкі мәселесіне араласуға құқығымыз жоқ. Бірақ СІМ бұл мәселеге назар аударып отыр", – деген 2018 жылы сол кездегі Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Азаттыққа.
Ербақыт өзі қамалған түрменің нақты қай жерде екенін білмейді. Оны басына қап кигізіп апарған. Таңғы 6-да оятып, күнде коммунистік партияны үгіттейтін ән айтқызған. Сосын лагерь ішіндегі оқу ғимаратына апарып, қытай тілін үйреткен.
"Түрмеге барғанда 9-бөлмеге кіргізді. Оның ішінде 20-дан астам адам бар, ал бөлме жеті орындық екен. Тік тұрғандарға жататын орын жоқ, солай тік тұрады екен", – деді ол.
Ербақыт түрмеде көрген адамдардың бәрі Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдері болғанын айтады. Кереуетке екі сағат сайын ауысып жатып демалып отырған. Сөзінше, түрмедегілерге күніне бір рет "шөп-шалаңы бар сорпа" мен буға піскен нан берген. Ербақыт нанды үшке бөліп, таңда, түсте және кешке жегенін айтты.
"Түрмедегі мұсылмандардың бәрінің қол-аяғында шынжыр болды. Онда 98 күн жаттым. Ол жерден [2017 жылы] қарашаның 23-і күні [шықтым]. Лагерьге апаратын болыпты, тізім бойынша шақырады екен. "Түрмеде тәртібің жақсы болды. Сол үшін сені біз лагерьге апарамыз" деді. Лагерьге менімен бірге 27 адам апарды", – деді ол.
ҚАМАУДАҒЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІН ҚАНАУ
2020 жылы Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) ғарыштан ғарыштан түсірілген фотолар мен Қытай үкіметі жариялаған құрылыс тендерлерін салыстырып, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында 2017 жылдан бері 380 "қайта тәрбиелеу лагері" пайда болғанын анықтаған.
Your browser doesn’t support HTML5
Институттың зерттеуінше, қамалған аз ұлт өкілдерінің еңбегін пайдалану үшін лагерьлер көбіне өндіріс орындарына жақын маңда салынған. Зерттеушілер "83 шетелдік және қытайлық компания Шыңжаңдағы еңбек күшін қанаудан табыс тапты" деп жазды.
Ербақыттың сөзінше, лагерьге дейін қытайша білген адамдарды тіл мектебіне емес, бірден зауытқа апарыпты.
"Мен киім тігетін зауытқа түстім. Зауытқа кіргенде мен 197-екенімді білдім, маған берген тігін машинасының нөмірі сондай болды. Әрбір тігін машинасының төбесінде бір-бір камера тұрады. Зауытта дүнген, ұйғыр, қырғыз, өзбек ұлттарының өкілдері болды. Көбіне әйелдер, жас қыздар мен ұлдар болды", – деді ол.
Ербақыт тігін зауытынде кемінде 500 адам істегенін айтты. Оның сөзінше, бірі шалбардың белдігін, тағы бірі оның қалтасын тіккен. Ол әр азаматтың күнде атқаруға тиіс жұмыс ауқымы болғанын, оны орындамағандарды сақшылар жазалап отырғанын айтты.
"Тапсырма береді. Оны аяқтамасаң, зауыттан шықпайсың. Тапсырманы орындап ғана шығасың. Міндетіңді атқара алмасаң, сені апарып жазалайтын жер бар. Тамақ бермей, темір орындыққа отырғызып қояды. Мен де 15 күн отырдым. Қазір ол туралы ойлағым да келмейді", – деді ол.
Ербақыт лагерьдегілер тігіннен бөлек көлік жөндейтін, нан пісіретін және тәтті өнімдер дайындайтын цехтарда жұмыс істегенін айтты. ASPI институтының зерттеуі шыққаннан кейін халықаралық құқық қорғаушылар мен саясаткерлер танымал брендтерден Шыңжаңмен бизнес қатынасын доғаруды талап ете бастады.
МӘЖБҮРЛІ ЕҢБЕКТІ ПАЙДАЛАНУҒА ҚАРСЫ КҮРЕС
Америкалық Center for Strategic and International Studies институты Шыңжаңдағы лагерьлерде болған адамдардың мәжбүрлі еңбегімен дайындалған өнімдер АҚШ нарығында сатылып жатыр деген қорытындыға келгеннен кейін алып өндірістік компаниялар Қытайдағы серіктестеріне қатысты ішкі тергеу жұмыстарын жүргізе бастады.
Мәселен тізімге енген Apple, Nike, BMW, H&M, Samsung Electronics, Puma, Adidas, Marks&Spencers, GAP, Uniqlo, PVH, Abercrombie&Fitch сияқты танымал брендтер өнімдерін дайындауға Шыңжаңда лагерге қамалғандардың қатысы бары не жоғын анықтауға кіріскенін айтып ақталды.
2020 жылы мамырда АҚШ үкіметі Шыңжаңдағы қамалған адамдардың еңбегін пайдаланды деген күдікке ілінген Қытайдың 20-дан астам компаниясына санкция салды. Олардың басым бөлігі танымал америкалық өндіріс компанияларының Қытайдағы серіктестері болған.
Шыңжаң аймағынан әлемдегі мақтаның 20 пайызы өндіріледі. Сондықтан киім және аяқ киім шығаратын компаниялардың барлығы бірден Шыңжаңмен байланысын үзіп тастай алмады. Мәселен, киім саудасын жүргізетін әлемдегі ең үлкен екінші H&M бренді аустралиялық институт зерттеуінен кейін Шыңжаңнан мақта сатып алуды доғаратынын айтқаннан кейін компанияның Қытайдағы саудасы құлдырап кетті. Себебі қытайлық тұтынушылар H&M шешімін Қытайға жасалған шабуыл деп қабылдап, оған бойкот жариялай бастады.
The New York Times басылымының жазуынша, әлемдік брендтер не Еуропа мен Солтүстік Америкадағы табысын қорғауы керек, не Қытай нарығын таңдауы керек, екеуінен де айрылмаймын деу қиынға түседі.
Қытай үкіметі әлемдік брендтердің Шыңжаңмен бизнес қатынасын тоқтатуын "кемсіту әрекеті" деп бағалап, бұған төзе айлмайтынын білдірді.
АҚШ Конгресі 2022 жылы Шыңжаң лагерьлеріндегі қамалғандар дайындаған өнімдерді елге кіргізбеуді көздейтін Uyghur Forced Labor Prevention актін бекітті. Содан кейін АҚШ-тың шекара қызметі Шыңжаңнан келетін әрбір өнімді дайындау кезінде лагерьлерде қамауда отырған адамдардың жұмыс күші пайдаланылмағанын импорттаушы компания дәлелдемейінше, ел аумағына кіргізбейтін болды.
"СОЛАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛДЫ ЕКЕН?"
Қытай үкіметі Ербақытты 2019 жылы мамырда лагерьден шығарып, Қазақстанға өткізіп жіберген. Оның босап шығуына нақты не түрткі болғаны белгісіз. Оны Ербақыттың өзі де білмейді.
Ербақыт бостандыққа шығып, Қазақстанға оралғаннан кейін бір жыл бойы Шыңжаңдағы лагерьде көргенін ешкімге айта алмай жүрген. Тек 2021 жылы Ұлыбританияда өткен "ұйғыр трибуналына" қатысып, Шыңжаңда көрген азабын айтып, көпшілік алдында сөйлеген. Кейін Ербақыт Лондонда қалып қойды.
2022 жылы қазан айында Ербақыт Отарбайұлы Ұлыбританияның сауда министрлігін Шыңжаңнан келетін мақта өнімдерін нарыққа кіргізіп жатқаны үшін сотқа берді. Ол өнімдерді өндіруге Шыңжаңда лагерьде қамауда отырған адамдардың еңбегі пайдаланылғанын айтып, ағылшын үкіметін оған қарсы тұруға шақырған.
"Лагерьде қалған адамдардың тағдыры не болды екен деп жиі ойлаймын" деді Ербақыт.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытайға экстрадицияланған ұйғырлар ұшты-күйлі жоғалады"