"Журналисті өлтіріп, жазасыз қалу дағдылы жайтқа айналды"

Пәкістанның Лахор қаласында 2016 жылы жанкешті шабуылынан қаза тапқан тілшінің суретінің қасына шырақ қойып жатқан адам. Көрнекі сурет.

"Журналистерді қорғау комитетінің" (CPJ) жаңа есебінде әлемде Ауғанстан, Пәкістан, Ресей мен тағы 10 елде журналистерді өлтірген қылмыскерлердің жазасыз қалуы дағдылы жайтқа айналғаны айтылған.

Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) қазанның 29-ы күні әлем елдерінде тілшілерді өлтірген қылмыскерлердің жазасыз қалатыны жайлы есебін жариялады. Құқық қорғау ұйымының есебі жыл сайын қарашаның 2-іне халықаралық деңгейде атап өтілетін Журналистерге қарсы қылмыстың жазасыз қалуына тойтарыс беру күні қарсаңында шықты.

ЕҢ АУЫР ЖАҒДАЙ ҚАЛЫПТАСҚАН 13 ЕЛ

Халықаралық ұйым түзген әлемдік индексте 2019 жылы журналисті қасақана өлтіргендер қылмысы үшін жазаланбайтын ең нашар ахуал қалыптасқан 13 ел: Сомали, Сирия, Ирак, Оңтүстік Судан, Филиппин, Ауғанстан, Мексика, Пәкістан, Бразилия, Бангладеш, Ресей, Нигерия және Үндістан аталған. Бұлардың арасында "қарулы жанжал болып жатқан елдермен бірге жағдайы тұрақты саналатын мемлекеттер де бар" деп жазады "Журналистерді қорғау комитеті".

Ұйымның мәліметінше, әлемде соңғы он жылда тіркелген 318 адам өлтіру қылмысының 222-сі осы елдерде жасалып, ашылмай қалған. "Олардың көбі соғыс және тәртіпсіздіктер барысында мерт болған... Соңғы он жылда журналистерді қудалайтын "әл-Шабаб", "Боко Харам" және "Ислам мемлекеті" тәрізді қарулы (экстремистік) топтар көбіне жазасыз қалады" дейді CJP.

Әлемдегі БАҚ еркіндігінің жағдайын бақылайтын халықаралық ұйым тізімдегі 13 мемлекетті "қылмыстық топтар, саясаткерлер, үкімет шенеуніктері мен өзге де ықпалды тұлғалар баспасөз бетінде сын айтып, журналистік зерттеу жүргізгендердің үнін өшіру үшін зорлық-зомбылыққа жүгінетін" елдер деп сипаттайды.

ҚЫЛМЫСКЕРДІҢ ЖАЗАСЫЗ ҚАЛУЫНА СЕБЕП ФАКТОРЛАР

"Журналистерді қорғау комитеті" қылмыскерлердің жазасыз қалуына себеп болатын факторлар ретінде "жемқорлықтың жазаланбауын, институттардың тиімсіздігін және белсенді тергеу жүргізетін саяси ерік-жігердің жоқтығын" атаған.

Африканың шығыс бөлігінде орналасқан Сомали CPJ әлемдік индексін осымен бесінші жыл қатарынан бастап тұр. Бұл елде соңғы он жылда 25 журналисті өлтірген қылмыскерлер жазаға тартылмаған.

Пәкістанда 16 адамның қазасына кінәлілер табылмады. Ауғанстанда 11 тілшіні өлтіргендер де жазасыз қалып отыр.

Ресейде 6 журналистің өліміне себеп болған қылмыстар әлі ашылған жоқ.

Қазіргі кезде журналистер үшін ең қауіпті ел саналатын Мексикада соңғы он жылдан бері жағдай жылдан жылға нашарлап келеді. Бұл елде ірі қылмыстық картельдер БАҚ өкілдерін аяусыз құрбандыққа шалуды әдетке айналдырған.

"Журналистерді өлтіруді жиілетіп, қылмыстық жауапкершіліктен үнемі сытылып кететін қылмыстық топтар кәдімгідей қауіп төндіріп отыр" деп жазады "Журналистерді қорғау комитеті".

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АХУАЛ

2019 жылы Қазақстанда кәсіби міндетін атқарып жүрген журналистерге шабуыл жасау оқиғалары тіркелген. Шілденің 22-і күні Алматыдағы қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюродағы баспасөз жиынына барған БАҚ өкілдеріне, соның ішінде Азаттық тілшілеріне шабуыл жасағандар журналистердің техникасын сындырып, жоспарлы шараны өткіздірмей тастады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Баспасөз жиынына қарсылар журналистерге шабуылдады

Журналистер шабуылға ұшырағаны туралы полиция мен прокуратураға арыз түсіргенімен кінәлілер әлі күнге дейін жауапқа тартылған жоқ.

"Журналистерді қорғау комитеті" мен тағы бірнеше халықаралық ұйым және қазақстандық қоғам өкілдері Қазақстан билігін "мұндай қауіпті арандатулар мен зорлық-зомбылық іс-әрекеттеріне жол бермеуге, әр оқиғаны мұқият тексеруге" шақырған. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының баспасөз еркіндігі бойынша өкілі Арлем Дезир де журналистерге жасалған шабуылға байланысты алаңдаушылық білдірген.

Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев шабуылды "екі тараптың жанжалы" деп атады.

Қазақстан Қылмыстық кодексінде журналистер жұмысына кедергі келтіргені үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. "Әділ сөз" қоғамдық қорының мәліметінше, соңғы 19 жылда елде журналистер жұмысына кедергі жасаған 820 оқиға тіркелген. Мемлекеттік органдарға ондаған өтініш берілгенімен, кінәлілерден тек санаулы адам ғана жауапқа тартылған. Тек бір ғана іс бойынша сот БАҚ пайдасына шешім шығарған деп хабарлайды "Әділ сөз".

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы 2018 жылдың қорытындысы бойынша түзген баспасөз бостандығы тізімінде Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында 158-орында тұр.