Қырым татарларының 1944 жылғы депортацияға дейінгі өмірі
Қырым татарларының ұлттық киімін киіп, әшекей бұйымдарын таққан қыздар. Сурет 1920 жылдары Бақшасарайда түсірілген.
Тері илеуші Қырым татары, Бақшасарайда 1920 жылдары түсірілген сурет. Қырым татарлары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысқан. Малдың еті, сүтін пайдаланып, жүні мен терісінен түрлі бұйымдар жасаған. 1920 жылдары Бақшасарай мен Қарасубазарда 40 шақты тері өңдейтін кәсіпорын жұмыс істеген.
Бақшасарайда үрмебұршақ сатып тұрған ер адам. Қырымда бұршақтың осы түрінен әзірленген тағам түрлері көп болған. Оны сорпаға, айранға, кеспе көжеге және өзге де тамақтарға қосып пайдаланған.
Қырымның әйгілі "атма" матасы мақта мен зығырдан дайындалған. Матаға жіпті қолдан иірген, әр үйде ұршық болған. Осы матадан киім, жамылғы, орамал дайындаған. Жіп иірумен - әйелдер, мата тоқумен ер адамдар айналысқан.
Қырым татарлары үйді әртүрлі материалдардан салған. Мына суретте Бақшасарайдағы бір қабатты үйлер бейнеленген. Тау етегіне екі қабатты үйлер тұрғызса, далалы жерде үйді лай балшық, саман кірпіштен салған. Теңіз жағалауындағы бір қабатты үйлерді тастан қалаған.
Қырымның ауа райының ерекшелігіне байланысты бау-бақша егу аса дамымаған. Бірақ тұрғындар өздері пайдалану үшін көкөніс еккен. Қырым татарлары ас мәзірінде капуста, қияр мен сәбіз салатын жиі пайдаланады. Сонымен бірге капуста жапырағына орап бұқтырылған ет немесе қой етінен сорпа (лағман деп атайды) тәрізді тағам түрлері бар.
Қырым даласындағы ауыл тұрғындары. Өлке жұрты мал өсірумен қатар жер өңдеумен де айналысқан. Қай кезде егін егіп, астық жинауды ақсақалдар белгілейтін. Қырым татарларында егін шаруашылығы мал өсіруге қарағанда күш-қайрат пен еңбекті қажет ететін ауыр жұмыс саналған.
Бақшасарайдағы тері илеуші, 1920 жылдары түсірілген сурет. Аяқ киімді теріден әзірлеген. Ер адамдар нәлісі бар аяқ киім киген. Әйелдер қыста үйде кебіс, жазда - тұмсығы үшкір, өкшесі ашық жеңіл аяқ киім киген.
Кофе дайындап отырған әйел, Бақшасарай, 1920-жылдар. Қырым татарларының салт-тұрмысында кофе ерекше орын алған. Кофеге арналған ыдыс әр үйдің дастарханында болған. 19-ғасырдың соңында Бақшасарайда 62 кофехана болған.
Бақшасарай көшесіндегі саудгер. 1920-жылдар. Қолөнершілердің көбі өз тауарын дүкенде сатқан, алайда қалада базарлар да болған. Көше саудагерлері түрлі әшекей бұйымдар, көйлектер мен темекі тартуға арналған түтік (чубук) сататын.
Қырымның оңтүстік-батысындағы үй, 1920-жылдар. Үйдегі үлкен бөлмеде тік мұржалы ашық пеште (камин) шынжырмен ілінген қазан, қабырғаның бойында үстінде қалың көрпе мен көпшіктері бар аласа диван тұратын. Қабырғаға неше түрлі орамал ілініп, жерге кілем төселетін.
Бақшасарай, 1920-жылдары түсірілген сурет. Ер адамдар басына қой терісінен тігілген аласа бөрік, тақия немесе қалпақ (феска) киетін. Жеңі кең жейденің етегін кең шалбардың ышқырына салып, беліне жалпақ матадан тігілген белбеу орап байлап жүретін. Жейденің сыртынан түймелі қысқа желетке, оның сыртынан ұзын шекпен киген.
Жүн иіріп отырған әйел, 1920-жылдары түсірілген фото. Әйелдер етек-жеңі кең, тізеден төмен түсетін ұзын көйлек пен түрлі-түсті матадан тігілген шалбар, кеудесіне жеңіл шекпен немесе жеңі тар шапан, оның сыртынан қысқа тон киген.
Бақшасарайдағы аттың ерін жасайтын шеберхана, 1920-жылдар. Қырым татарларының күнделікті тұрмысында жылқының маңызы зор болғандықтан, ер-тұрман, ат әбзелдерін дайындауға көп көңіл бөлінген. Қырым хандығы тұсында (1441-1783 жж.) Қарасубазар (қазіргі Белогорск) қаласы әбзелшілер астанасы саналатын.
Бақшасарайдағы шеберханада жұмыс істеп отырған мыс шебері. Олар түрлі-түсті металдан әртүрлі заттар дайындаған. Мысалы, қалайыланған мыстан тұрмыста пайдаланылатын ыдыс-аяқ, жезден мешітке арналған шамдар мен өзге де бұйымдар жасаған. Кофе ұнтақтағышты темір мен жез бөлшектерден құрастырған.
Кесте тоқып отырған әйел, Бақшасарай. Қырым татарларының қолынан шыққан киім, аяқ киім мен кездеменің барлығында кестелі ою-өрнек бар. Әр өңірдің өзіне тән ою-өрнегі мен түсі болған. Қырымның шығыс бөлігінде балық пен қайық бейнеленген өрнектер жасаса, далалы аймақта кестешілер күрең түске көбірек мән берген. Шығыс жағалауда балдыр өрнегі жиі кездеседі, ол жақтағылар ақшыл көк, күлгін және ақ түсті таңдайтын.
Қырымдағы әйгілі Зынжырлы медресесіне кіреберісте тұрған ер адам, Салашық, 1920 жылдары түсірілген сурет. Депортация кесірінен қала қаңырап қалған қала қазір Бақшасарайдың бір бөлігіне айналған. 1500 жылдары салынған Зынжырлы медресесі Қырымдағы алғашқы және ең ірі мұсылман оқу орындарының бірі болған. Қазір Қырым түбегіндегі көнеден қалған жалғыз медресе осы.