Робот аутизмді анықтауға көмектеседі

Хорватиялық төрт жасар Лука досы - Рене есімді роботпен бірге. Загреб, 13 қаңтар 2014 жыл.

Хорватияның білім және технология мамандары аутизмге шалдыққан балаларға арналған инновациялық жобаны қолға алды. Диагноз қою үшін олар робот қолданбақ.
Төрт жасар Лука жаңа досына масаттана қарап: «Ол жазу жаза алады. Отырады. Су іше алады» дейді. Екеуі тіпті бірігіп би де билейді. Бірақ бұл достықтың жайы басқа. Лука аутизм (ASD) дертіне шалдыққан бала, оның әлеуметтік, мінез-құлық, байланыс жасау қабілеттері жеткілікті дамымаған. Ал досы Рене – робот.

"РОБОТ ДОСҚА АЙНАЛАДЫ"

Олар Загреб университетінің білім және оңалту ғылымдары факультеті мен электроника және компьютер ғылымдары факультетінің біріккен жобасы нәтижесінде табысты. Зерттеушілер осы жобаның арқасында дамуы кенжелеп қалған балаларға уақтылы диагноз қоюды көздейді. Бұл өте күрделі, қиын процесс саналады.

Робот дәрігерді алмастырмайды, тек көмек көрсетеді. Зерттеуші Ясмина Стосич (Jasmina Stosic) Рененің бұл үдеріске қандай үлес қосатынын былай сипаттайды:

Сәбилердің аутизм дертіне шалдыққанын ертерек анықтауға көмектесетін робот жасап шығарған хорватиялық мамандар. Загреб, 13 қаңтар 2014 жыл.

«Аутизмге шалдыққан балалар үшін қарапайым әрекетті орындайтын робот жақсы ынталандырушы деуге болады. Оның көздері үнемі бір жерге қарап тұрады. Аузы да қозғалмайды. Ал науқас балалар үшін адамдар күрделі құбылыс саналады, біз сөйлеген кезде әртүрлі қимыл-қозғалыс, ишара жасаймыз. Бір күні қызыл жейде киіп жүрсек, келесі күні көгін киеміз. Ал роботтың қасында бала бұндай көп ақпарат алмайды, тек бір маңызды мәселеге ғана назар аударады».

Алдын ала тексеру, бағалау қиын болғандықтан, балалар аутизмі көбіне кеш анықталып жатады. Хорватияда дамуында ақауы бар балалар қажетті ем-шара мен білімді тек 5-6 жасында алады.

Төрт жасар ұлы Филипті роботпен емдейтін жобаға қатыстырған Мария Кукели (Cukelj) де осындай жағдайды бастан өткерген.

«14-15 айынан бастап Филипп тұйықтала бастады, тіпті біздің, ата-анасының көзіне қарауды қойды. Екі айдай көмек іздеп жүгірдік. Бірақ ол бірден енді ғана асқандықтан «бала өте кішкентай, әлі бәрі өзгеруі мүмкін, күте тұрыңдар» деген жауапты ғана естідік. Дәрігерлер бала дамуында ауытқу бар екенін анықтағанда бір жыл кетті. Сол уақытты босқа жоғалттық» дейді ол.

Робот Рененің жаттығу жасаған сәтінен түсірілген видео:



БОЛАШАҒЫ ЗОР ЖОБА

Анасының айтуынша, Филипп Ренемен кездесуді жаңалық ретінде қабылдаған.

«Алғаш роботпен кездескенінде ол орындықта отырып, бұған қараумен болды. Өте шапшаң, көп қозғалатын, көп нәрсеге алданбайтын Филипп үшін қозғалмай отырып, әлденеге қараған роботты көрудің өзі үлкен жетістік еді» дейді Мария Кукели.

Зерттеуші Мая Сепанечтің (Maja Cepanec) айтуынша, Ренемен кездескен балалар оң нәтиже көрсеткен.

«Адамның көзіне тура қарамайтын, әлденеге көз тоқтатып, назар аударып қарауы қиын балаларға робот оң әсер етті. Олар оған қарап сүйсінеді. Бұның өзі біздің тәжірибенің сәтті болатынын көрсетеді» деді маман.

Хорватиялық жас мамандар жасап шығарған Рене есімді робот. Загреб, 13 қаңтар 2014 жыл.

Ренені Францияда жасап шығарған. Әлемдегі бірнеше ғылыми-зерттеу институттары аутизмге шалдыққан балаларға осындай роботтарды қолдана бастады.

Хорватиялық мамандар роботтарды стандартты диагностикалық хаттаманы дамыту үшін қолдануды мақсат етеді.

Сепанечтің айтуынша, жобаның мақсаты – робот сырқат туралы дерек жинауға тиіс, мысалы, әрекеттердің қайталануын тіркеп, ыдыстан су ішу, роботты атын атап шақыру сияқты әрекеттерін сынақтан өткізуі керек.

«Жетілген мінез-құлық және әлеуметтік белгілерді өңдеу арқылы аутизмді бағалау мүмкіндігі туады деп сенеміз. Роботтың денесіне камералар мен микрофондар, дауыс күшейткіштер орнатылған, олар біз байқамаған құбылыстарды жазып алады. Ол баланың дауысын, ата-анасына жақындығын, байланысқа түсу жиілігін, көз тоқтатып қарауын, т.б. жазып отырады» дейді Сепанеч.

Болашағы зор саналатын жобаны іске асыру үшін зерттеушілер Хорватия ұлттық ғылыми қоры мен еуропалық қорлармен бірге жұмыс істеп жатыр. Олар жобаға қатысатын балалардың санын арттырамыз деп үміттенеді.

Анкича Барбир-Младиновичтің мақаласын аударған – Динара Әлімжан