Алматыдағы Франция күні
Таңертеңнен Шымбұлаққа Франция қонаққа келгендей болды – француз тулары желбіреп, әр тұстан французша сөйлегендер, француз әндері естіліп жатты.
Алматыдағы француз дәмін әзірлейтін бірнеше кафе келген жұртқа өздері бүгінгі шараға арнайы әкелген тағам түрлерін ұсынды. Суретте: «Поль» кафесі пісірген круассандар.
Көкөніс пен жемістен көркем сурет жонудан Франция мен Еуропаның чемпионы Фредерик Жоно (Frédéric Jaunault) өнерімен жұртты тәнті етті. Бұл жолы ол қауындардан өрнек жасады.
Парижді көріп қайтуды жас бала да, жасына жеткен кәрі де армандайды. Сондықтан екі адамға Парижге тегін барып қайтуға ұшақ билеті бәйгеге тігілген ойынға жұрт жапа-тармағай қатысты.
Көпшілікті қызықтырған билетке жүгіргеннің емес, бұйырғанның қолы жетті. Екі адамға арналған билет Шымбұлақтағы кафелердің бірінде даяшы болып жұмыс істейтін Ильдарға бұйырды. Францияда ешқашан болып көрмегенін айтқан жас жігіт, енді жолы түскен әйгілі қалаға қалыңдығымен бірге бару туралы ойымен Азаттықпен бөлісті.
Кешке қарай мерекелік думан «Медеу» мұз айдынына қарай ойысты. Жұрт әдеттегідей коньки теуіп жүрген мұз айдыны ортасында арнайы шоу бағдарламасы үшін орын дайындалған, шет жағында музыканттар өнер көрсететін сахна орнатылған. Көшкінге қарсы бөгетте пиротехниктер отшашу заттарын әзірлеп қойыпты.
Францияның Алматыдағы бас консулы Патрик Ренар құттықтау сөзін қазақ тілінде бастап, артынан орысшаға көшті.
Мұз айдынында өткен шоуда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жасөспірім қыздар өнер көрсетті. Негізінен француз әндері әуенімен мұз үстінде билеген қыздардың бірінің үстіндегі киімі Франция туының түсінде тігілгені байқалады.
Көрермендер алдына мұз айдынына аттары әйгілі спорт жұлдыздары да шықты. Суретте солдан оңға қарай: Александр Любченко (мұзда өнер көрсетуші акробат, Украина), Денис Тен (Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, Қазақстан), Бриан Жубер (әлем және Еуропа чемпионы, Франция), Жан-Дени Санчис (мұзда өнер көрсететін акробат, Франция). Сондай-ақ, Швейцария чемпионы, Ресей чемпионатының жүлдегері Анна Овчарова да көпшілікке өз өнерін көрсетті.
Кейбіреулерге франциялық белгілі мәнерлеп сырғанаушы Бриан Жубермен селфиге түсудің орайы келді.
Отыз жылдан бері Францияда тұрып жатқан испан актрисасы Виктория Абриль Алматыдағы Франция күні мерекесіне құрметті қонақ ретінде қатысты. 1991 жылы Берлин кинофестивалінің «Күміс аю» сыйлығын алған актриса Алматы базарында сатып алған заттарын жиналғандарға мақтанышпен көрсетті. Виктория Абрильді қадір тұтатын адамның актрисаның құрметіне күтпеген жерден отшашу ұйымдастыруы тосын сый болды.
Әуелі Шымбұлақта, кейін Медеуде француз музыканттары өнерімен жұртты жалықтырмады. Люсьен Альфонсо мен Андони Агир дуэті шығармаларды сыған шансоны жанрында орындады.
Франция күні мерекесіне жиналғандар түрлі-түсті отшашуды тамашалады. Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз мерекесінің қарсаңы болғандықтан ба, отшашудың ұзақтығы сегіз минутқа жалғасты.