"ЗИРАТҚА БАРҒАНДАРДАН АНЫҚТАМА СҰРАЙДЫ"
Түркіменстанның шығыс өлкесінде жергілікті билік зиратқа адам жерлеудің жаңа талабын енгізді, бұған қоса жұрттың зират басына баруын шектеді деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлык радиосы.
Ашғабатта құқық қорғау және денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлеріне коронавирусқа қарсы вакцина салып жатыр. Бірақ елдегі негізгі карантин аймағы саналатын Лебап уәлаятында мұндай шараны әлі бастамады, билік киім-кешек пен құрылыс материалдарын сатуға рұқсат берді.
Ал адам қазасы көбейген шығыс аймақта жергілікті билік азаматтардың зиратқа баруына шектеу енгізген.
"Түркіменабадта, сонымен бірге Чарджоу және Фарап аудандарында да адам қазасы көбейіп барады. Енді жергілікті зиратқа бару үшін өлім туралы куәлікпен бірге медицина мекемесі берген анықтама сұрайды" деп хабарлады Азатлыкқа Фарап тұрғыны (Түркменстанда авторитар биліктің қудалауынан жасқанған адамдар аты-жөнін атамауды қалайды – ред.).
Ол жергілікті ауруханаларда адамдар анықтама алу үшін ұзын-сонар кезекте тұратынын айтады.
"Егер науқас ауруханада қайтыс болса, оны туған-туысына бермейді, тек қайда жерленетінін ғана хабарлайды. Зиратқа кіре алмайсың. Оның алдында ерекше бір топ тұрады. Зиратқа кіру үшін соларға 1200 манат төлеу керек. осылайша қайтыс болған адамның жақын-жуығы оны ақтық сапарға аттандырған кезде басына барып, құран оқи алмайтын болды" дейді Фарап тұрғыны.
Зират қызметкерлері қабір басына баруға рұқсат екі айдан кейін ғана берілетінін хабарлады дейді Азатлык дереккөзі.
Жергілікті шенеуніктер бұл жағдай жөнінде ешқандай ресми түсініктеме бермей отыр.
Ал бұл уақытта Түркменабадта билік киім-кешек пен құрылыс материалдарын сатуға рұқсат берді деп хабарлайды Азатлык тілшілері. Олардың жұмысы карантин кезінде тоқтап қалған болатын.
COVID-19 "ЖОҚ" ЕЛДЕ ОҒАН ҚАРСЫ ВАКЦИНА ЕГУДІ БАСТАДЫ
Қытайдың Ухань қаласында алғаш рет тіркелген коронавирус індеті кейін дүниежүзіне тарап, әлем елдерінің түгелге дерлігі, соның ішінде көрші мемлекеттерде вирусты жұқтырғандар мен оның салдарынан қайтыс болғандар туралы мәлімет тұрақты түрде жарияланып жатса да, Түркіменстан билігі елде Covid-19 коронавирусы тіркелген жоқ деуден танбай отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей мен Қытай вакцинасына сұраныстың артуына не себеп?Әйткенмен елде тұрғындарға Ресейдің коронавирусқа қарсы шығарған "Спутник-V" вакцинасын егу қолға алынған.
Ашғабатта коронавирусқа қарсы екпе науқаны ақпанда басталған.
22 ақпанда "Хроника Туркменистана" интернет сайты жұқпалы аурулардың алдын алу орталығы мен Сапармұрат Ниязов атындағы консультация орталығында жұмыс істейтін қызметкерлердің түгелге дерлігі вакцина салдырды деп хабарлады.
Өз дереккөзінің ақпаратына сүйенген басылымның жазуынша, қалған азаматтарға вакцина салу наурызда басталмақ. Оның алғашқы кезеңінде екпе тегін болады, ал екінші кезеңінде жұмыс істейтін азаматтар ғана тегін алады деп хабарлайды сайт.
Алайда су ресурстары министрлігі, сонымен бірге энергетика, көлік және ат спорты саласы қызметкерлері вакцинаға 200 манаттан жинап жатыр деген ақпарат та тарады.
Ал елдің негізгі карантин аймағына айналған Лебап уәлаятында билік азаматтарға, соның ішінде медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге вакцина салу қашан басталатынын әлі хабарлаған жоқ. 15 ақпанда дәрігерлер мен мұғалімдерді бірінші кезектегі қатер тобына енгізген болатын.
"17 ақпанда Ресейден Түркменабад әуежайына жеткізілген вакцинаның түгелге дерлігін осыған дейінгідей, тағы да Ашғабатқа жөнелтті. Вакцинаның азғантай бөлігін Түркіменабад денсаулық сақтау қызметкері қол қойып, әуежайдан алып кетті. Бірақ оны не істейтіні дәл қазір белгісіз. Мүмкін жергілікті жоғары лауазымды шенеуніктерге алған шығар. Егер [вакцинаны] медицина қызметкерлеріне немесе қарапайым адамдарға салатын болса, ол жайлы бізге белгілі болар еді ғой" деді Түркіменабадтағы денсаулық сақтау мекемелерінің бірінің қызметкері Азатлык тілшісіне.
Азаттықтың Түркімен қызметінің материалынан аударылды.