Депутат ҚХП "шетел агенті туралы" заң жобасын әзірлейтінін айтты

Парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 26 ақпан, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 26 ақпан, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

"Қазақстан халық партиясы" шетел агенті туралы заң жобасын әзірлейді. Осы партиядан мәжіліске сайланған депутат Ирина Смирнова сәрсенбі күні журналистерге осылай деді. Оның сөзінен "Власть" үзінді келтіреді.

"Шетел агенті туралы" заңды әзірлеуге ынта білдірдік. Бұл – Қазақстан халық партиясы" деді Смирнова.

Оның сөзінше, заң жобасының концепциясы талқыланып жатыр және құжатты парламентке енгізу мерзімі әзірге белгіленбеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Басқалар айта алмағанды айтты". Азаттық жайлы хабарды Қазақстан қоғамы қалай қабылдады?

Осыдан шамамен бір ай бұрын Ирина Смирнова "шетел агенті" туралы заң қабылдауды ұсынған еді. Ол Қазақстан ұлттық мүддесін "USAID (АҚШ-тың даму агенттігі) сияқты шетелдік ұйымдар қызметінен қорғауы қажет" деп санайды. Ол Азаттық радиосына шүйлігіп, Азаттықты "тек жағымсыз хабар береді" деп айыптай сөйлеген еді.

"Власть" жазуынша, наурыз айының басында әділет министрлігі мұндай заң жобасын әзірлеу үкіметтің жоспарында жоқ деген. "Қазақстан халық партиясы" өкілдері болашақта мұндай заң жобасы әзірленуі мүмкін деп "барлығы жағдайға байланысты" деп айтқан.

Былтыр Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік БАҚ-ты аккредиттеу талабын күшейтетін "Масс-медиа" заңына қол қойған. Құқық қорғаушылар мен медиа сарапшылар жаңа заңның нормалары Азаттық жұмысын шектеу үшін қолданылуы мүмкін деген ой-пікір айтқан.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы – негізгі кеңесі Чехияның Прага қаласында орналасқан медиа компания. Сөз бостандығы шектелген 23 елде 27 тілде хабар таратады. Медиакорпорация АҚШ Конргесінің грантымен қаржыландырылады. Бюджеті USAGM арқылы бөлінеді.

Ресейде шетелден қаржы алатын ұйымдар мен ақпарат құралдарын "шетел агенті" деп танып, оларды жүйелі түрде есеп беруге міндеттейтін заң бар. Құқық қорғаушылар мен медиасарапшылар аталған заң Кремльді сынайтын журналистер мен белсенділерді, ұйымдарды қудалау тетігі ретінде жиі пайдаланылатынын айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресей журналистикасы өлген жоқ". Шетелге кеткен ресейлік журналистер қалай жұмыс істеп жатыр?