Депутаттар "қыз алып қашқандарды" қылмыстық жауапқа тартуды ұсынды

Көрнекі сурет.

Сәрсенбі күні пленарлық отырыста мәжіліс депутаттары "қыз алып қашқандарды" қылмыстық жауапқа тарту қажеттігін айтты.

“Қыз балалар маған ролик көрсетті. Қыз баланы алып қашқан, қасындағы біреу оны “өз еркіммен келдім” деп жаз деп көндіріп отыр. Сонда TikTok-та бәрі мазақ қылып, жазып жатыр. Құқықбұзушылық! Нағыз заңбұзушылық, бірақ оған ешқандай әрекет жасамаймыз.... Сонда студент қыздар “біздің құқығымызды осылай мазақ қыла ма?” дейді” деді 4 желтоқсанда мәжілістің жалпы отырысында депутат Мұрат Әбенов.

Депутаттардың сөзінше, 2023 жылы 13 қыз алып қашу оқиғасы тіркелген, ал 2024 жылы 8 айда бір ғана Түркістан облысында осындай 18 оқиға болған. Мұндай оқиғалардың көбеюіне адам ұрлағандардың жазасыз қалуы себеп болып отыр дейді олар.

“Маңғыстауда қызды алып қашқан. Видеосы бар. Қыз көнбеген, жолда машинадан секіреді, денсаулығына зиян келеді. Бір өзі үш жігіттен қашады. Екі рет қылмыстық іс жабылған. Осы уақытқа дейін ол қыз әлі жүр. Кімге айтамын дейді” дейді Мұрат Әбенов.

Оның сөзінше, қыз алып қашу бойынша қылмыстық істердің басым бөлігі сотқа да жетпейді. Үш жылда қылмыстық іс қозғауға 214 ұсыныс берілген, 10-ы ғана сотқа барған.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекске тиісті түзету енгізуді талқылау туралы ұсынды.

Депутаттың сөзінше, бұған дейін Қылмыстық кодекске 125-1 қыз алып қашу туралы арнайы бап енгізуді бас прокуратура қолдаған. Қазіргі кезде мәселе тиісті мемлекеттік органдардың қарауында.

Қазақстанда қыз алып қашуға қатысты оқиғалар "Адам ұрлау" бабымен тергеледі. Бұл бап топпен жасалған қылмыс үшін 12 жылға дейін бас бостандықтан айыруды, егер осы әрекеттің нәтижесінде кездейсоқ адам өлсе, 15 жылға дейін түрме жазасын қарастырады.

4 желтоқсан күнгі мәжіліс отырысында депутаттар "іс жүзінде үш-төрт күннен кейін қызды босатып жіберсе, ешкім жазаланбайтынын", ал бұл кезде жүйке жүйесі әбден жұқарып, қорланған қыздың жағдайын ешкім ойламайтынын жеткізді.

Қазақстанда "қыз алып қашуға" қатысты ресми түрде статистика жүргізілмейді. Мамандар қыз алып қашудан зардап шеккендер шын мәнінде көп болуы мүмкін, себебі ұрланған "қалыңдықтар" полицияға бара бермейтінін, істердің сотқа жетуі өте сирек екенін айтады.