Джон Рэтклифф: Украина армиясы бейбітшілік орнамаса, жалаң қол шайқасуға бар

АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф

АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф

АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының (Central Intelligence Agency, CIA) директоры Джон Рэтклифф Украинаның қарулы күштері егер бейбітшілік берік орнамаса, онда тіпті "жалаң қол шайқасудан" тайынбайды деп мәлімдеді. АҚШ сенатындағы тыңдауда оның сөйлеген сәтін CNN арнасы тікелей эфирде көрсетті.

CIA басшысы Ресейдің соғыс алаңында артықшылығы болуы мүмкін екенін және баяу алға жылжып жатқанын айтты, бірақ, оның пікірінше, Украина халқы мен армиясының қарсылық таныту қабілеті бірнеше жыл бойы лайықты бағаланбай келген.

Рэтклифф барлау қызметкері ретіндегі өз ой-тұжырымы мен бақылауына сүйеніп, Украина әскері егер қажет болса, ары қарай да соғысуға дайын деген пікір білдірген.

Бұған қоса ол АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты ұзақ мерзімді бейбітшілік орнайтындай жағдайда аяқтағысы келетінін және де онысын Орталық барлау басқармасы қолдайтынын айтқан. Сонымен бірге АҚШ лидері Ресей жеңіске жетсе қандай қауіп барын да жақсы түсінеді деген Рэтклифф.

Ол бейбітшілік туралы келіссөзде қарсылас екі тараптың ешқайсы да көздеген мақсатына жетпейтін жағдайда бітімге келуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Бұдан екі апта бұрын Джон Рэтклифф, АҚШ-та Дональд Трамп билікке келгелі бері алғаш рет, Ресейдің сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкинмен телефонмен сөйлескен еді. Ол екеуі 11 наурызда Сауд Арабиясында Украина мен АҚШ өкілдерінің кездесуі барысында Киев Вашингтонның 30 күнге атысты тоқтату туралы ұсынысымен келіскен кезде әңгімелескен.

Рэтклифф жаңа мәлімдемесін 24 наурызда Эр-Риядта өткен америкалық және ресейлік делегациялардың келіссөзінің қорытындысы жарияланған күні жасады. Ол келіссөздің басты нәтижесі – Вашингтон мен Мәскеу Қара теңізде кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күш қолдануға жол бермеу және коммерциялық кемелерді әскери мақсатта пайдалануды тоқтату туралы келісімге келді.

Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде сондай-ақ, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің Украина мен Ресейдің энергетика нысандарына шабуыл жасауға тыйым салу жөніндегі келісімін жүзеге асыру шараларын әзірлеу ниеті жайлы да айтылған.

Ақ үй америкалық және украиналық делегациялар арасындағы кездесу қорытындысы бойынша да осыған ұқсас мәлімдеме жасады, ол кездесу де Эр-Риядта өткен. Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров Ресей мен Украина өзара энергетика нысандарына шабуылдан бас тартқан жағдайда Киев Қара теңізде атысты тоқтатуға келісім беретінін растады. Кремль ондай мораторий 18 наурыздан бастап күшінде дейді. Ал Украина болса Ресей күштері одан бері бірнеше рет шабуыл жасады деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бітім туралы келіссөз жүріп жатқанда Ресей зымыран атып, 100-дей адам жараланды