Қырғыз үкіметінің басшысы Қазақстан жағының шешімін Еуразия экономикалық одағы ұйымының нормаларын бұзу деп танып, Нұр-Сұлтанды ЕАЭО аясында бекітілген келісімдерді сақтауға шақырды.
Қырғызстан үкіметі мұндай мәлімдемені Шу облысы Ыстық-Ата ауданындағы "Ақ-Тілек автодорожный" өткізу бекетінде жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі пайда болып, шекарадан өткізу қиындағаннан кейін жасады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс комитеті есепке алынбаған тауар мен контрабандаға қарсы күрес жүргізу мақсатында тұтыну тауарларын таситын жүк көліктерінде электронды пломбалар болуы керегін растады.
ҚЫРҒЫЗ ПРЕМЬЕРІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Қырғызстан үкіметінің хабарлауынша, премьер-министр Мухаммедкалый Абылгазиев Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында қалыптасқан күрделі жағдайды шешу үшін қажет шаралар қабылдауды тапсырған.
Ол Қазақстан тарапының Қырғызстанмен шекарасы арқылы өтетін тауар мен жүкке қосымша тексеру енгізуі Еуразия экономикалық одағы нормаларын бұзатынын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ЕАЭО-дағы бес жыл нені аңғартты?Мәлімдемеде "Қазақстан тарапы қабылдаған біржақты шаралардың салдарынан Шу облысы Ыстық-Ата ауданындағы "Ақ-Тілек автодорожный" өткізу бекеті маңында үлкен жүк көліктері жиналып қалды. Қырғыз Республикасының үкіметі қалыптасқан жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан Республикасын интеграциялық бірлестік аясында қабылданған, тауарды еркін өткізу жөніндегі міндеттемесін сақтауға шақырады" делінген.
Сонымен бірге Қырғызстан үкіметі өкілдері екі тараптың осыған дейін навигациялық пломбалар енгізуге уағдаласқанын, бірақ әуелі оны қолдану механизмдерін келісу қажетін мойындады.
ҚАЗАҚСТАН ЖАУАБЫ
Қазақстан мемлекеттік кіріс комитетінің ресми өкілі Олжас Отар тиісті құжаттары мен электронды пломбалары бар үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері шекарадан кедергісіз өтіп жатқанын айтады.
Ол мұндай шара арқылы Қазақстан өз мүддесін қорғап отырғанын мәлімдеді.
"Соңғы 3 айда 601 заңбұзушылық фактісі тіркелді. Құжатта жүк көлігі Қазақстан арқылы Ресейге бара жатыр деп көрсетілгенімен, іс жүзінде тауар Қазақстан аумағында сатылады. 5 млрд теңгенің тауарынан мемлекетке 600 млн теңге көлемінде салық түсуі керек еді. Дәл осындай фактілерге жол бермеу үшін транзиттік жүктердің әлгіндей электронды пломбалары болуы керек. Ондай пломбаның көмегімен жүк тиелген көліктің қайда тұрғанын анықтап, тауар Қазақстанда қалған жағдайда тиісті шаралар қабылдауға болады" дейді ол.
Бұл талап қырғыз-қазақ шекарасындағы "Ақ-Тілек" өткізу бекетінде жүк көліктерінің жиналып қалуына себеп болған. Жүк көлігі жүргізушілері 2019 жылдың соңынан бері кезекте тұрғандарын, ал Қазақстан тарапы жүкті тексеріп, электронды пломба болуын талап етіп жатқанын айтып шағынды.
Қазақстан-Ресей шекарасындағы кезек, 18 маусым 2019 ж.
Your browser doesn’t support HTML5
ЕАЭО ЕРЕЖЕЛЕРІ
Қырғыз Республикасының Еуразия экономикалық одағы істері бойынша ресми өкілі Алмаз Сазбаков экспорттық бақылау одақ нормаларына қайшы келетінін айтады. Ол бұл мәселені реттеуді сұрап, Еуразия экономикалық комиссиясына хат жолдағандарын хабарлады.
"Экспорттық бақылауды енгізу ЕАЭО аумағында тауардың еркін қозғалуына кедергі келтіреді деп санаймыз. Біз аталған нормаларға қарсымыз. Еуразия экономикалық одағы аясында бірнеше рет осыған ұқсас мәлімдеме жасадық. Қазіргі жағдайда одақтың басты принципі – тауардың еркін қозғалысы бұзылады" деді ол.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев кезінде Қырғызстанның кеден органдарын сынға алып, оларды "контрабанданың шекара асуына жол беріп отыр" деп айыптаған.
Осыған байланысты 2017 жылдың соңында қырғыз-қазақ шекарасы бірнеше күнге жабылып қалған. Ол кезде Қырғызстан мұны экономикалық қысым көрсетуге талпыныс деп атап, күдік туған жағдайда үш реттік кеден бақылауын енгізуді ұсынған.
Қырғызстан мен Қазақстан құрамына Ресей де кіретін Еуразия экономикалық одағына мүше. ЕАЭО ережесінде одақтас мемлекеттер аумағында капитал, тауар мен еңбек ресурстары еркін қозғалады деп көрсетілген.