«Ұлы дала жаңғырығы» көрмесі
«Ұлы дала жаңғырығы» көрмесі өтіп жатқан залға кірген сәтте Бақытхан Мырзахметовтің «Абылайханды ақ киізге көтеру» (ортада), Талғат Тілеужановтың «Жекпе-жек» (сол жақта) және «Ұрыс алдында» (оң жақта) картиналары мен Тілеуберді Бинаштың «Қаратау» мүсіндер топтамасы назарға бірден ілігеді.
«Ұлы дала жаңғырығы» көрмесіне келгендер қазіргі заманғы суретші Нұрлан Қилыбаев 2015 жылы жазған «Хан» суретін тамашалап тұр.
Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған көркемөнер шығармалары көрмесін Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы жетекшісі Санжар Боқаев (сол жақта) және Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы директоры Гүлмира Шалабаева ашты.
Көрмеге қойылған туындылар арасында тарихи тұлғалар бейнелері аз емес. Мысалы, солардың бірі – Талғат Тілеужанов жазған Райымбек батырдың портретін көрмеге келген адам фотосуретке тартып жатыр.
Көрмедегі майдан даласы бейнеленген суретті тамашалап тұрған балалар.
«Ұлы дала жаңғырығы» көрмесіне мүсін қойылған Әділет Жұмабайдың қоладан соққан «Үш қылыш» скульптурасы (ортада). Қабырғаға Табылды Мұқатовтың «Даладағы әңгіме» (сол жақта) және Жеңісбек Әбдіраманның «Қобланды батыр» атты суреттері ілінген.
Көрмеге графикалық туындылар да қойылған.
Көрмедегі Өмірбек Жұбаниязовтың 2014 жылы жазылған «Бозторғай. Уақыт» атты картинасында өткен тарих пен бүгінгі заман тоғысы бейнеленген.
Талғат Тілеужановтың «Баян» шығармасы сүйгенінен айрылғанына қайғырып өзін өзі шыңырауға тастамақ болған сұлу мен оны ажалға жібермей ұстап тұрған адамды суреттеген.
«Ұлы дала жаңғырығы» көрмесіне қойылған туындылардың бірі – Ерболат Төлепбаевтың «Көкпар» суреті. 1988 жылы жазылған суретке ұлттық ойын арқау болған.
Қазақстандық белгілі суретші Сергей Анарбеков (оң жақта) Азаттық тілшісімен әңгімеде бұл көрмені өткенге оралу деп сипаттады. Оның пікірінше, бұл көрме совет дәуіріндегі 1950-жылдарды еске салады. «Ал мен тарихқа 21 ғасырдың көзқарасын көрсем деймін» деген ойымен бөлісті суретші.
«Ұлы дала жаңғырығы» көрмесіне совет дәуіріндегі кейбір жұмыстар қойылған. Солардың бірі – Әубәкір Ысмайылов 1941 жылы жазған Кенесары ханның портреті. Ол кезде Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысы советтік тарихнамада патшалық отарлауға қарсы, прогрессивтік мақсаттағы көтеріліс ретінде сипатталған. Сонымен бірге, көрмеде Кенесары ханның совет кезеңінен кейін салынған тағы екі суреті бар.
Суретші Талғат Тілеужанов «Ұлы дала жаңғырығы» көрмесіне қойылған өзінің «Қоштасу» картинасының алдында тұр.