Египетте қақтығыстан 20 адам қаза болды

Каирдің Тахрир алаңына жиналған шерушілер. Египет, 20 қараша 2011 жыл.

Үш күннен бері Каирдің Тахрир алаңында билікке қарсы шеру өтіп жатыр. Қауіпсіздік күштерінің қуғанына қарамастан шерушілер алаңға шатыр тігіп алған.

Демалыс күндері полиция мен әскерилер шерушілерге қарсы резеңке оқ атып, көзден жас ағызатын газ қолданған. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, үш күннің ішінде жиырма адам қаза тапты, 1700-ге жуық адам жараланды.

Ақпанның 11-інде 18 күнге созылған халық толқуынан кейін Египетті отыз жыл басқарған Хосни Мүбәрәк биліктен айырылған еді. Бұл толқу кезінде Мүбәрәкті жақтаушылар мен оған қарсылар қақтығысып, мыңға тарта адам жараланып, ондаған шеруші қаза тапқан.

Қарашаның 28-інде Египетте жалпыхалықтық сайлау өтуі керек. Бұл Хосни Мүбәрәк елден қуылғаннан бергі алғашқы сайлау болмақ. Сол кезде ел билігін қолдарына алған әскерилер басқаруды азаматтық билікке таяу арада өткізіп беретіндерін мәлімдеген.

Cоңғы кездері Египеттегі қоғамдық күштер билікті иеленген әскерилерге сенімсіздік танытып, "олар парламент пен президентті қайтадан сайлаған күннің өзінде ықпалға ие болып қалады" деп күдіктенеді.

Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік мәселесі бойынша өкілі Кэтрин Эштон биліктен шерушілерге қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатуды және елді демократияландыруды талап етті.

Your browser doesn’t support HTML5

Каирде шерушілер мен полиция қақтығысып қалды