Оралман құқығын қорғаушы қазақстандық ұйымдар

"Атажұрт ерікті жастары" тіркелмеген қоғамдық ұйымының жетекшісі Қыдырәлі Оразұлы (оң жақтан екінші) Қытайда "қамалаған" туыстарының дерегін білуге жәрдем сұрап келген адамдармен бірге Қазақстан Сыртқы істер министрлігі өкілдігі алдында тұр. Алматы, 24 қазан 2017 жыл.

Қытайдағы этникалық қазақтарға араша сұраған жекелеген азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың Қазақстан билігі мен халықаралық қауымдастыққа мәлімдеме жасауы жиіледі. Азаттық оралман құқығын қорғайтын кей қоғамдық ұйымдар өкілдерімен сөйлесті.

Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық аймағында этникалық қазақтарға "жергілікті биліктің қысымы" туралы әңгіме 2017 жылы сәуір айынан бастап ашық айтыла бастады. Шыңжаңда этникалық қазақтардың бір бөлігін билік пәрменімен "cаяси үйрену орталығы" деп аталатын арнайы оқшауланған аймаққа жөнелтіп, Қазақстаннан сапарлап барған кейбірі Қытай билік орындарының пәрменімен ол елден шыға алмай қалғаны туралы бұған дейін Азаттық бірнеше рет жазған. Олардың Қазақстанда қалған туыстары Шыңжаңда "қамалғандарға" араша сұрап, Қазақстан билігі мен халықаралық қауымдастыққа мәлімдемелер жасап жүр. Қытай ресми өкілдері Шыңжаңдағы қазақтарға "қысым жасалатыны" туралы ақпаратты терістеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайда туыстары қамалғандар Германия консулдығынан араша сұрады

Қазақстанда оралмандар мәселесімен айналысатын, ал соңғы жылдары Қытайдағы қазақтар мәселесін тұрақты көтеріп жүрген бірнеше қоғамдық ұйым бар. Азаттық солардың кейбірінің өкілдеріне жолығып, қызметі туралы жайлы білді.

"АТАЖҰРТ ЕРІКТІ ЖАСТАРЫ" ҰЙЫМЫ

"Атажұрт ерікті жастары" тіркелмеген қоғамдық ұйымының жетекшісі Қыдырәлі Оразұлы Қазақстанда 2017 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істеп келе жатқандарын айтады.

​- Біздің ұйымда елу адам тек осы Қытайдағы қазақтар мәселесімен айналысады. Нақтылап айтқанда, шекараның екі жағында қалған отбасылардың Қазақстандағы бала-шағасына қаржылық тұрғыдан қамқорлық көрсетіп, құжаттарын реттеу мәселелерімен айналысамыз, - дейді ол.

"Атажұрт ерікті жастары" ұйымының жетекшісі Қыдырәлі Оразұлы (оң жақта) оралмандар мәселесі туралы сөйлесіп отыр. Алматы, 25 қыркүйек 2018 жыл.

Қыдырәлі Оразұлының сөзінше, "Атажұрт ерікті жастары" тіркелмеген ұйымы 2017 жылы сәуір айында арнайы баспасөз жиынын өткізіп, Қытайдағы этникалық қазақтардың мәселесін алғашқылардың бірі болып көпшілікке жария еткен.

- Біз тек арыз-өтініштер жазып қана қойған жоқпыз. Сол арыздарды Қазақстан билігіне, президентке дейін жеткіздік. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі біздің арызымыздың негізінде жұмыс істей бастады. 2017 жылдың желтоқсан айына дейін елді аралап, 162 адамның арызын алып, тиісті органға тапсырдық. Ол кезде адамдар арыз жазудан да қорқатын. Қазір бізге түскен арыздың саны мыңға таяп қалды. Бұл арыздардың бір-бір данасы Сыртқы істер министрлігіне тапсырылған, - дейді ол.

Қыдырәлі Оразұлы "Атажұрт жастары еріктілері" ұйымы негізгі мақсаты - Қытайдағы қазақтардың жағдайы жөнделгенше жұмысын жалғастырады деп түсіндірді. Оның сөзінше, ұйым жекелеген адамдардың қаржысына мұқтаж адамдарға жәрдем көрсетумен де айналысады. Ұйым биыл жазғы каникул кезінде туған ауылдарына (Қытайға – ред.) қайтудан қорыққан 80 студент жасқа Алматы қаласынан жатақхана жалдап, олардың демалыс кезінде жұмыс істеуіне қолғабыс жасаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Каникулда Шыңжаңдағы үйіне баруға жүрексінеді

"ЕЛ-АМАНАТ" ҰЙЫМЫ

"Ел-аманат" қоғамдық бірлестігі 2007 жылы құрылып, Қазақстанның Әділет министрлігінен тіркеуден өткен. Ұйым жетекшісі Ырысбек Тоқтасынның айтуынша, бірлестік Қытайдан келген азаматтарға жәрдем көрсету мақсатымен құрылған.

- Сырттан келген ағайындардың ең қиналатыны - құжат мәселесі болды. Сол тұста біз олардың орналасуына, құжат рәсімдеуіне заңдық тұрғыдан көмектессек деген мақсатпен осы ұйымды құрғанбыз. Оған қоса сол тұста Қазақстанға ағылған жастар көп болды. Олардың кейбірі оқуға түсе алмай қалды. Солардың атамекенде орнығуына көмектескіміз келді, - дейді Ырысбек Тоқтасын.

Бастапқы бірнеше жыл қалыпты жұмыс істеген бірлестік кейін өз жұмысын тоқтатқан. Тоқтасынның айтуынша, оған, біріншіден, көші-қон мәселесінің тұрақталғаны әсер етсе, екіншіден, заңдық кеңесті қажет еткендер саны азайғаны себеп болған. Бірақ, 2017 жылы көктемде Қытайдағы этникалық қазақтар мәселесі жария болып, арыз-шағымдар көбейгеннен кейін бірлестіктің тоқтап тұрған жұмысы қайта жанданған. Тоқтасынның сөзінше, қазір бірлестікте сегіз адам жұмыс істейді. Негізгі жетекшілері - Ырысбек Тоқтасын мен Жұмабек Әлімхан.

"Ел-аманат" бірлестігінің оралмандар мәселесі туралы жазған хаттарына Қазақстан билік орындарының жауабы. Алматы, 25 қыркүйек 2018 жыл.

Жұмабек Әлімханның айтуынша, олар тек өз қаржылары негізінде жұмыс істеп жатыр.

- 2018 жылдың мамыр-маусым айларында елді аралап, туыс-туғандары Қытайдағы "саяси үйрену орталығына" жіберілгендердің Қазақстанда қалған отбасыларына бардық, кейбіріне қолымыздан келгенше қаржылай көмек көрсеттік, көпшілігінің арызын алып, Астанаға жеткіздік. Біз өткізген арыздардың негізінде бір емес, бірнеше азамат отбасына оралды, - дейді Жұмабек Әлімхан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қарулы күзет, темір төсек және партия туралы өлең жаттау

"Ел-аманат" ұйымының жетекшілері әу баста "Атажұрт ерікті жастары" қозғалысымен бірігіп жұмыс бастаған. Сол кезде Алматы қаласында жүзге жуық адамның басып қосып, қоғамдық тыңдау өткізген. Кейін Сайрагүл Сауытбайдың ісіне қатысты Алматыда баспасөз маслихатын өткізіп, қоғамдық резонанс туғызды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сот Сайрагүл Сауытбайды Қазақстанда қалдырды

АЛМАТЫ ӘКІМДІГІ ҚАРЖЫЛАНДЫРАТЫН ЖОБА

"Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігінің аясында жұмыс істеп жатқан "Отан - оттан да ыстық" жобасының үйлестірушісі Құрметолла Мұқаметханұлының айтуынша, 2018 жылдың мамыр айында жұмысын бастаған жобаны Алматы қалалық әкімдігі қаржыландырып отыр. Жоба негізі шетелден көшіп келіп, Алматы қаласына қоныстанған оралмандар мәселесімен айналысады деп жоспарланған. Бірақ, Алматы қаласында орналасқан оралмандар тым аз болғандықтан, жобаға Алматы облысын қоса қамтуға тура келді дейді ол.

"Адырна" бірлестігінің жетекшісі Құрметолла Мұхаметқанұлы.

- Бұл жоба бес жылдан бері жалғасып келе жатыр екен. Биыл "Адырна" бірлестігі қала әкімдігі өткізген тендерді жеңіп алғаннан кейін жобаға араласа бастадық. Жобаның әуелгі мақсаты – оралмандарды Қазақстанға бейімдеу болған. Біз Қытайдағы қазақ мәселесіне тікелей араласа алмаймыз. Бірақ соған қатысты туындап жатқан құжаттармен айналысамыз. Мәселен, қазір оралман куәлігінің уақыты өтіп кеткен, енді қайтадан Қытайға барып қайтуға арғы беттегі жағдайдың бөгет болуына байланысты екі ортада қалып, әрі-сәрі күй кешіп отырған азаматтардың саны бірнеше мыңға жетті, - дейді Құрметолла Мұқаметханұлы.

"Отан - оттан да ыстық" жобасы аясында заңгер мамандар Қытайдан келген қазақтарға құжат рәсімдеуге қатысты құқықтық кеңестер береді. Өзге ұйымдар тәрізді бұл жоба да Қазақстан билігіне тікелей хат жолдап, оралмандардың құжат мәселесін шешуге көмек сұраған. Құрметолла Мұқаметханұлының айтуынша, олар шетелден атамекенге оралған қазақтарға көмек беру мақсатында Алматы облыстық көші-қон полициясымен, облыс әкімдігінің ішкі-саясат бөлімімен және басқа да құқықтық органдармен тікелей келісімшарт жасап, тиісті меморандумға қол қою туралы ұсыныс жасаған.

- Өкінішке қарай, заңды жолмен шеше алмаған кейбір құжатқа қатысты мәселелерді "делдалдар" арқылы шешу жолға қойылған. Мәселен, оралман куәлігінің уақыты өтіп кеткенімен, "делдал" арқылы азаматтық алып алған адамдар болды. Сондықтан біз барлығын заңды жолмен шешу мәселесін ұсынып отырмыз, -дейді Құрметолла Мұқаметханұлы.

"ҚЫТАЙ КОНСУЛДЫҒЫМЕН ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТАМЫЗ"

Шетелден келген қазақтар мәселесімен айналысып жүрген ұйымдардың тағы бірі – "Жебеу" республикалық қоғамдық бірлестігі. 2007 жылы құрылған бірлестіктің негізгі құрылтайшылары Қытайдан көшіп келген кәсіпкер азаматтар. Бірлестік жетекшісі Омарәлі Әділбек "Қытайдағы қазақтарға жасалған қысымға қатысты өткен жылдың басында Қытайдың Қазақстандағы консулдығына хат жібергендерін, 2017 жылдың сәуір айында Қытай билігінен арнайы делегаттар келгенін" айтты.

"Жебеу" республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Омарәлі Әділбек. Алматы, 27 қыркүйек 2018 жыл.

- 2017 жылы қаңтар айында жазған хатымызға Қытай консулдығы жауап бермеді. Сол тұста Азаттық радиосы, "Жас Алаш" газеті хабарласып, Қытайдағы жағдайға қатысты пікір сұрады. Бұл Қытай президенті Қазақстанға келеді деген кез болатын. Осы мәселеге, яғни "Қытайдағы қазақтарға қысым" туралы хабарларға халықаралық ақпарат құралдары да назар аударып жатқанын, ертерек қолға алмаса, президенттер кездесуі кезінде сауал ретінде қойылатынын айтып қайта хат жолдадық. Сонан кейін іле-шала Қытайдан арнайы делегация келді, - дейді Омарәлі Әділбек.

Оның айтуынша, Қытайдан делегация келіп кеткеннен кейін қытай билігі әу баста жинап алынған қазақтардың құжаттарын кері қайтарған. Бірақ кейін кейін "қысым" туралы шағымдар қайта көбейген. "Жебеу" қоғамдық бірлестігінің өкілдері бастаған бір топ адам биыл шілде айында Қытайға барып қайтқан. Омарәлі Әділбектің айтуынша, бұл сапарларында олар түрлі мекемелердегі ресми өкілдермен кездескен. Содан кейін "саяси үйрену орталығынан" бірнеше қазақ босап шыққан.

- Біз Қытай қазақтарының мәселесін қытай билігі өкілдерімен тікелей кездесіп, бетпе-бет отырып келіссөз арқылы шешуді қалаймыз. Өзге ұйымдардан артықшылығымыз да сол – Қытайдың Қазақстандағы консулдығымен тікелей байланыса аламыз және жұмысымыз үшін ешкімге қол жайып, ақша сұрамаймыз, - дейді Омарәлі Әділбек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайдан келіп құжатсыз жүрген қазақ балалары

"Жебеу" қоғамдық бірлестігінің "Қытай билігімен жақындығы" туралы әлеуметтік желілерде айтылып жүрген пікірге байланысты Омарәлі Әділбек: "Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынас үзілген жоқ. "Жебеу" тек Қазақстанда ғана тіркелген ұйым" деген уәж айтты.

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуын халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз назарда ұстап келеді. Тамызда The Financial Times газеті Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың хикаясын баяндап, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы мақалаға жазған. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин мақалаға жазған жауап хатында басылым дерегін "жұртты шатастыратын ақпарат" деп, Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.