"ТУЫСТАРЫН ПАНАЛАП ЖҮР"
2019 жылдың қазанында Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі қуғыннан қашып, Қазақстанды паналадық деп жариялап, артынша заң бұзғаны үшін сотталып, тіпті депортация қаупі төнген Қытай азаматтары, этникалық қазақтар Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы босқын мәртебесін алғанда қатты қуанды. Бірақ одан соң күйбең тіршілік басталды. Еңбек жасындағы азаматтар жұмыс істеп, тіршілік етуі керек. Қазір Алматыдағы туыстары мен жекжат-жұратын уақытша паналап жүрген екеуінің де отбасы, бала-шағасы Шыңжаңның Дөрбілжін ауданында қалып қойған.
Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы 16 қазан күні Ақмола облысы Көкшетау қаласында өткен босқын мәртебесін беру туралы комиссияның отырысына қаражаттың жоқтығынан бара алмаған. Комиссия отырысына олардың қорғаушысы Абдолла Бақберген қатысты.
– Екі азаматтың қалтасында бір тиын жоқ. Мен Көкшетау қаласына өз қаражатыммен барып қайттым. Оларға шетел азаматы ретінде бір жылға ғана босқын мәртебесін берді. Құжаттарын өздеріне әкеліп табыстадым. Ары қарай не істейтінімізді әлі ақылдаспадық, – деді адвокат Бақберген Азаттыққа.
Қытай қысымынан қашып келген этникалық қазақтардың құқықтық мәселесімен айналысып жүрген "Нағыз Атажұрт" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан да екі азаматқа қалай көмектесерін білмейді. Қытайда тек мал етін сатумен ғана айналысқан Қастер мен Мұрагерге жұмыс табу қиын дейді ол.
ОЛАР "ҚАЗАҚ" ДЕП ЕМЕС, "БОСҚЫН" ДЕП ҚАРАСТЫРЫЛАДЫ
Көші-қон саласында ұзақ жыл жұмыс істеген сарапшы маман Төлеужан Жүндібаев Қазақстаннан пана іздеп келген Қастер мен Мұрагердің азаматтық алуына бірден-бір кедергі – "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңның 17-бабының 9-тармағы дейді. Себебі онда "Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның шегінен тыс жерлерде қасақана қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен солай (қылмыскер – ред.) деп танылған, соттылығы алынбаған немесе өтелмеген болса... азаматтық беруден бас тартады" деп жазылған. Биыл 21 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты оларды "мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті" деп танып, бір жылға бас бостандығынан айырған. Маманның айтуынша, олардың соттылығы үш жылға дейін алынбайды.
Алматыдағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның заңгері Гүлмира Қуатбекова Қазақстан заңында Қастер мен Мұрагердің азаматтық алуына кедергі жасайтын тағы бір түйткіл бар дейді.
– Қастер мен Мұрагер азаматтыққа тапсыру үшін алдымен Қытай азаматтығынан шығуы керек. Өйткені оларға босқын мәртебесі шетел азаматы ретінде берілді. Азаматтыққа да осы есеппен қабылдайды. Ал Қытай билігі қашып кеткен адамдардың азаматтықтан шығуына ешқашан рұқсат бермейді, – дейді заңгер.
Қуатбекованың сөзінше, босқын мәртебесі екеуіне этникалық қазақ ретінде емес, өзі тұрған елде қысым көрген шетел азаматы есебінде берілді. Яғни Қазақстан заңындағы "азаматтықты этникалық қазақтарға жеңілдетілген тәртіппен беру" нормасы ол екеуіне қолданылмайды. Олар тек шетел азаматы ретінде қарастырылады.
"Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңның 16-бабында "Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар [азаматтыққа] қабылданады" делінген. Яғни Қастер мен Мұрагер соттылығы аяқталғаннан кейін тағы екі жыл күтуі керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Оралманды" "қандасқа" өзгерткеннен азаматтық алу жеңілдемедіТөлеужан Жүндібаев та "этникалық қазақтар ғана өзі келген елдің азаматтығынан бас тарту туралы арызбен Қазақстан азаматтығына құжат тапсыра алады" дейді, бірақ бұл норма шетел азаматтарына (басқа этнос өкілдеріне) қолданылмайды.
– Егер олар (Мұсаханұлы мен Әлімұлы – ред.) өздерінің Қытай азаматы екенін және қазақ екенін растаса, соттылығы аяқталғаннан кейін қандас куәлігін алып, этникалық қазақ ретінде жеңілдетілген тәртіппен азаматтыққа қол жеткізеді. Бірақ ол үшін ең алдымен соттылығы жойылуы керек, – деді маман.
ҚҰЖАТТАРЫ ЖОҚ ҚАЙША МЕН БАҒАШАР
29 қазанда Алматы қалалық көші-қон полициясы жанынан құрылған комиссия этникалық қазақ Қайша Ақанға да көп күттіріп барып босқын мәртебесін бір жылға берді. Қайша 2018 жылы Қытайдың Шыңжаң аймағынан кеден бекеті арқылы Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен. Ол екі жылдан бері Қазақстан азаматымен Алматыда тұрып жатыр. Бірақ некені куәландыратын құжаты жоқ.
Қайша Ақанның жеке басын айғақтайтын құжаттарының жарамдылық мерзімі 2018 жылы, өзі Қытайдан қашып өткен кезде аяқталған.
– Төлқұжатымның да, куәлігімнің де мерзімі екі жыл бұрын бітіп кеткен. Ұзартуға бірнеше рет талпынып көрдім. Қытайдың Қазақстандағы консулдығына, елшілігіне бардым, жолатпады. Енді мүлде ұзартпайды. Қазір құжатсыз адамдардың қатарындамын, – дейді ол.
Мұның алдында ол заңды құжаты жоқ болғандықтан мемлекеттік медицина мекемелерінен ем алуға, жұмысқа тұруға мүмкіндігі жоғын айтып шағымданған. Енді босқын мәртебесіне қол жеткізген Қайша Қазақстанда тұру ықтиярхатын алса, тұрмыстық мәселелері шешілуі тиіс.
Гүлмира Қуатбекованың айтуынша, 2019 жылғы 23 желтоқсанда Алматы облысы Панфилов аудандық сотының шешімімен 6 айға бас бостандығы шектелген Қайша Ақанның соттылығы жойылған.
– Қайша Ақан бостандығынан айрылған жоқ. Тек алты айға шартты жаза алып, пробациялық бақылауда болды. Яғни оның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тағайындалған соттылығы да алты айдан кейін автоматты түрде жойылады, – дейді заңгер Қуатбекова.
Босқын мәртебесі берілген төртінші қазақ – Бағашар Мәлікұлының оқиғасы мүлде басқа. Ол Қазақстанға 2015 жылы келіп, тұрақты түрде тұрып жатқан. Бір жылдан кейін Қытайдағы ата-анасына қыдырып барып, кері қайта алмай қалған. Айтуынша, Қытайдың құқық қорғау органында жұмыс істейтін танысы оған "жақында саяси лагерьге қамалатынын" ескерткен соң, 2017 жылы қаңтар айында Қытайдан жаяу қашып шығып, үш күн жүріп, Қазақстанның Алматы облысындағы Нарынқол ауылына жеткен.
2019 жылы 23 қарашада Қазақстан билігі Бағашар Мәлікұлының үстінен "шекараны заңсыз кесіп өту" бабы бойынша іс қозғаған, алайда 23 желтоқсанда іс қысқарған.
Шыңжаңдағы түркі тілдес халықтарға қысым
Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінде негізінен ұйғыр және қазақ секілді түркі тілдес халықтар тұрады. Қытай билігі 2017 жылы экстремизммен күрес саясаты аясында Шыңжаңдағы осы түркі тілдес ұлттарға қысым көрсете бастады. Ұлты мен діні үшін қудалау күшейіп, саяси лагерьлердің пайда болғаны туралы ақпарат тарады. Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, осы саяси лагерьлерден бір миллионға жуық адам өткен. Ресми Пекин басында мұның бәрін жоққа шығарып, кейіннен лагерьлердің "қайта тәрбиелеу" мақсатында құрылғанын, онда нарыққа қажет кәсіптер үйретілетінін айтқан. Бірақ Қазақстанға бас сауғалап қашқан этникалық қазақтар лагерьлердің түрме іспетті екенін, ондағы адамдар азаптауға душар болатынын мәлімдеп, азаптаудың қандай сипатта болатынын айтқан.
Қазір Бағашар Мәлікұлының қолында ешқандай құжаты жоқ. Қытай паспортын да, Қазақстанға келгенде алған ықтиярхатын да Қытай билігі алып қойған. Бірақ үш баласы мен әйелі Қазақстан азаматы. Сонымен қатар оның соттылығы да жоқ.
Заңгер Гүлмира Қуатбекова Қайша Ақан мен Бағашар Мәлікұлының Қазақстан азаматтығына құжат тапсыру мүмкіндігі Қастер мен Мұрагерге қарағанда әлдеқайда жоғары дейді. Себебі, Бағашардың соттылығы жоқ және әйелі мен үш баласы да Қазақстан азаматы. Ал Қайшаның соттылығы жойылған. Ол да Қазақстан азаматымен некеде.
Қуатбекова босқын мәртебесін алған этникалық қазақтарға қолындағы құжаттардың (босқын мәртебесі туралы куәлік пен жол жүру құжаты) негізінде "Қазақстанда тұру ықтиярхатын" алып, Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде өмір сүруге болатынын айтады.
БОСҚЫНДАРДЫҢ ҚАНДАЙ ҚҰҚЫҚТАРЫ БАР?
Қазақстан 1998 жылғы 15 желтоқсанда Босқындардың жағдайы туралы Женева конвенциясына және Босқындар мәртебесі туралы хаттамаға қосылған. Ал 2009 жылғы 4 желтоқсандағы "Босқындар туралы" заң олардың құқықтары мен міндеттерін айқындаған.
Осы заң бойынша, олар уәкілетті орган арқылы өзі шыққан еліндегі туыстары жайлы ақпарат сұратуға, босқын мәртебесін ұзартудан бас тарту туралы шешім шықса, сотқа жүгінуге, кез-келген үшінші елге қоныс аударуға, Қазақстанда жұмыс істеуге, кәсіпкерлікпен айналысуға, өзінің жинаған немесе алып келген мүлкін үшінші елге алып кетуге және медициналық көмек алуға құқылы. Бұл үшін олар ең алдымен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат (ықтиярхат) алуы керек.
Заң бойынша ықтиярхатты босқын мәртебесі туралы куәлік пен жол жүру құжатын алғаннан кейін ғана ала алады.