Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген баж салықтарына "Еуропа жауап беруге дайын" деп мәлімдеді. Өз кезегінде Қытай да "қатаң шара" қолдануға уәде берді.
2 сәуірде Трамп АҚШ-тан импортталатын тауарларға баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Оған сәйкес, Қытайдан келетін импорттық тауарларға – 34%, Еуроодақтан – 20%, Жапониядан – 24%, Үндістан тауарларына — 26% баж салығы салынбақ. Қазақстаннан келетін тауарларға 27% баж салығы енгізілмек.
Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен аталған баж салығы Еуропаға "соққы болып тиетенін" айтып, біз бұған "жауап беруге дайынбыз" деді.
"АҚШ жариялаған ауқымды тарифтер бүкіл әлемдегі бизнес пен тұтынушыларға ауыр соққы болады. Еуропа жауап беруге дайын. Біз әрқашан өз мүддеміз бен құндылықтарымызды қорғаймыз. Біз сонымен бірге ынтымақтастыққа да дайынбыз. Текетірестен келіссөздерге көшуге ынталымыз" деп жазды ол X желісінде.
Фон дер Ляйеннің айтуынша, ол Трамптың кейбірі ғаламдық сауда жүйесіндегі кемшіліктерден «әділетсіз» пайда көреді деген пікірмен келісетіндігін жеткізді. Дегенмен оның ойынша, жаңа тариф жағдайды түзей алмайды.
Оның айтуынша, Еуроодақ болат пен алюминийге енгізілген тарифтерге байланысты АҚШ-қа қарсы жауап шараларын әзірлеп болды және «келіссөз сәтсіз болған жағдайда өз мүдделері мен бизнесін қорғау» үшін қарсы шараларды әзірлеуді жалғастырмақ.
Қытай да АҚШ енгізген салыққа жауап ретінде «қатаң шара» қабылдауға дайындалып жатыр деп мәлімдеді Қытайдың сауда министрлігінің баспасөз қызметі.
Қытайдың сауда министрлігі АҚШ-тың «субъективті және біржақты бағалауға негізделген» тарифтері халықаралық сауда ережелеріне қайшы және тиісті тараптардың заңды құқықтары мен мүдделеріне елеулі зиян келтіреді деп, АҚШ әдетіне басып «біржақты түрде сес көрсетіп отыр» деп мәлімдеді.
Қытай АҚШ-ты тарифті «тез арада алып тастауға» және «сауда серіктестерімен келіспеушіліктерді тең диалог арқылы дұрыс шешуге» шақырды.