Еуроодақ АҚШ-қа қарымта ретінде баж салығын енгізу жоспарын әзірлеп жатыр

Еуропа одағының туы

Еуропа одағының туы

Еуропа одағы елдері АҚШ-тың баж алымын көтеруіне қарымта ретінде америкалық тауарларға 28 миллиард доллар көлемінде салық енгізуді көздейтін алғашқы шараларды жақын күндері мақұлдамақ. Reuters агенттігі осындай ақпарат таратты.

Дүйсенбі, 7 сәуір күні кешке Еурокомиссия Еуроодақ елдеріне қосымша баж салығы салынатын америкалық тауарлар тізімін ұсынбақ. Reuters мәліметі бойынша, ол тізімде ет, дақылдар, шарап, ағаш өнімдері мен киім-кешек, сағыз, тіс тазалайтын жіп, шаңсорғыш, әжетхана қағазы сияқты тауарлар бар.

Еуроодақтың АҚШ-қа қарымта шарасы осы аптаның сәрсенбісінде дауысқа салынады. Егер шара мақұлданса, баж салығына қатысты өзгерістер екі кезеңде: бірінші бөлігі 15 сәуірде, қалғаны бір айдан кейін күшіне енеді.

Еуроодақтың Вашингтонмен баж салығы мәселесі бойынша жүргізген келіссөздері әзірше нәтиже бермеген, деп жазды Reuters. ЕО сауда өкілі Марош Шефчович америкалық әріптестерімен екі сағат "бүкпесіз" әңгімелескенін айтқан. Өз сөзінше, әңгіме барысында ол АҚШ-тың жаңа тарифтерін "жойқын әрі негізсіз" деп атаған.

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент 50-ден астам ел Ақ үйге сауда баж алымдары туралы келіссөздер бастауды ұсынды деп мәлімдеді. Бірақ Бессент пен басқа да шенеуніктер нақты қай елдер ұсыныс жасағанын және келіссөздердің егжей-тегжейін ашып айтпады.

  • 2 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Американың сауда серіктерінің басым көпшілігінен елге келетін тауарларға баж алымын көтеретінін мәлімдеді. Мысалы, Еуроодақ елдерінен АҚШ алатын импорт тауарларға 20 пайыздық баж салығы салынады. Ұлыбритания тауарларына – 10 пайыз, ал кейбір елдер үшін бұл салық 40 пайызға дейін жетеді немесе одан да көп болады.
  • Қытайдың қаржы министрлігі АҚШ үкіметінің әрекетіне қарымта ретінде барлық америкалық тауарларға 34 пайыздық қосымша баж салығын енгізіп, кейбір сирек жер металдарын экспорттауға шектеу қойды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп АҚШ-қа 185 елден баратын тауарларға баж салығын енгізді, тізімде Қазақстан да бар