Еуропа одағына мүше елдердің сыртқы істер министрлері Брюссельде 17 наурызда өтетін жиында Украинадағы соғыстан басқа, Таяу Шығыстағы жағдай мен басқа да мәселелерді, соның ішінде Азат Еуропа/Азаттық радиосының (АЕР/АР) қызметін қаржыландыруға АҚШ Конгресі мақұлдаған гранттың күшін жоюға байланысты мәселені талқылайтын болады. Бұл туралы АЕР/АР тілшісі хабарлады.
Мәлімдеменің жобасы
Азат Еуропа/Азаттық радиокорпорациясының штаб-пәтері Чехияның астанасы Прага қаласында орналасқан. Чехияның сыртқы істер министрі Ян Липавский жексенбіде жасаған мәлімдемесінде АЕР/АР және "Америка дауысы" медиалары қызметінің маңызын айта келе, оларды авторитаризм жағдайында өмір сүріп жатқан халықтарға "шамшырақ" іспеттес деп атады.
Чехия өкілдері Еуроодақтағы әріптестеріне АЕР/АР-ды қаржыландыру мәселесіне байланысты алаңдап отырғаны туралы мәлімдеменің жобасын таратты (құжат редакцияда бар). Онда аталған медианың кезінде "темір шымылдықтың" қоршауында қалған елдерде тұратын халыққа ондаған жылдар бойы объективті ақпарат жеткізгені және "бүгінгі күні еркін баспасөзі жоқ немесе қызметі шектелген аймақтарда тұрып жатқан жүздеген миллион адамға тәуелсіз, нақты ақпарат таратуды жалғастырып келе жатқаны" айтылған. Бұған қоса, АЕР/АР өз қызметімен Еуропаның қауіпсіздігін нығайтып отырғанын, ал оның жұмысы тоқтаса, бұл "Еуропаға қарсы күштерге сыйлық болатынын" атап көрсеткен. Жобада АЕР/АР-ға қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретін қаржы іздеп табуға ниетті екені жазылған, бірақ оның егжей-тегжейі келтірілмеген. Бұл мәлімдемені қанша ел қолдап, қосылатыны да әзірге белгісіз.
АЕР/АР және "Америка дауысы" медиаларын қолдау
АЕР/АР және "Америка дауысы" медиаұйымдарына қолдау білдіріп жатқандар арасында көптеген америкалық және халықаралық журналистік ұйымдар, соның ішінде Ұлттық баспасөз клубы, "Шекарасыз тілшілер" ұйымы, Журналистерді қорғау комитеті, т.с.с. бар. Сол сияқты, шетелде жұмыс істейтін ресейлік тәуелсіз медиалар да Азаттық радиосына қолдау танытқан.
Қазақстандық саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт "Азаттық радиосы қызметін тоқтатса, Қазақстанның жоғалтатыны өте көп" дейді. "Азаттық радиосы қызметін тоқтатса, елімізде "Заң мен тәртіп диктатурасының" көкесі сонда болады. Ол отызға жуық саяси тұтқынның қазіргі шарасыз күйін алда бүкіл қазақ қоғамы кешеді деген сөз", – деп жазды ол telegram-каналында.
"Новая Газета – Европа" басылымы Азаттық радиосын қолдайтынын мәлімдеп, "қазіргі уақытта бұл Ресей аймақтарындағы оқиғалар туралы цензурадан ада маңызды ақпарат көзі, ол тек Ресей тұрғындары үшін ғана емес, сонымен бірге соғыстың аяқталуын қалайтын бүкіл демократиялық әлем үшін маңызды" деп жазған. "Дождь" телеарнасының бас редакторы Тихон Дзядко Азаттық радиосы мен "Настоящее Время" арнасы тек Ресей емес, Беларусь сияқты елдерде де азаматтық қоғам үшін маңызды рөл атқарып отырғанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Журналистерді қорғау комитеті Конгресс жетекшілерін USAGM-ді қорғауға шақырдыТрамптың шешімі және АЕР/АР-ны қаржыландыру
АҚШ президенті Дональд Трамп 14 наурызда жеті федералдық агенттікте қысқарту жүргізуді көздейтін "Федералдық бюрократияны қысқартуды жалғастыру туралы" жарлыққа қол қойды. Қысқарту ұсынылған мекемелер арасында Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясына және өзге де ақпарат таратушыларға жетекшілік жасайтын АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі де (USAGM) бар.
Жарлық жарияланғаннан кейін бірнеше сағаттан соң USAGM-нен жолданған хатта АЕР/АР қызметін қаржыландыруға деп бөлінген, АҚШ Конгресі мақұлдаған гранттың тоқтатылғаны жазылған. Хатқа өз лауазымын "USAGM бас директоры міндетін уақытша атқарушы аға кеңесші" деп көрсеткен Кэри Лейк қол қойған. Бұған қоса, "Америка дауысы" іс жүзінде жұмысын тоқтатқаны және қызметкерлерінің көбі әкімшілік демалысқа жіберілгені белгілі болды.
USAGM сайтында Лейктің атынан жарияланған мәлімдемеде Трамп әкімшілігі қабылдаған шешімдер америкалық салық төлеушілердің ақшасы тиімсіз жұмсалғаны, USAGM агенттігі жұмысындағы қауіпсіздік хаттамалары бұзылғаны, агенттікте жемқорлық болуы мүмкін деген күдік және нақтыланбаған әрі саяси бұрмаланған ақпараттың тарауы себеп болды деп түсіндірілген. Бұрын Трампқа жақын кәсіпкер Илон Маск USAGM-ді "радикалды солшыл" насихат таратады деп айыптап, мұндай ұйымның өзін тарату қажет деп айтқан.
Лейктың мәлімдемесінде жаңа әкімшіліктің USAGM-ді толығымен тарату жоспары жоқ екені айтылған. Қабылданған шаралар "АҚШ-тың ұлылығын қалпына келтіру және еркіндік пен демократияны ілгерілету", агенттіктің "негізгі миссиясын жетілдіру" мақсатын көздейді деп түсіндірілген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп жеті агенттікте қысқарту жүргізу туралы жарлыққа қол қойды. Арасында USAGM де барАЕР/АР басшылығының мәлімдемесі
Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа корпорациясының президенті әрі бас атқарушы директоры Стивен Капус сенбі күні кешке жасаған мәлімдемесінде грантты тоқтату "Американың жауларына үлкен сыйлық болатын болды" деген.
"Ирандағы аятоллалар, қытайлық коммунистік басшылар және Мәскеу мен Минскідегі автократтар 75 жылдан кейін Азат Еуропа/Азаттық радиосының таратылғанын тойлайтын болды. Қарсыластарымыздың қолына жеңісті тапсыру оларды күшті етіп, Американы әлсіретеді", – деді Стивен Капус.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы директорлар кеңесінің жетекшісі Лиза Кертис USAGM-нің грантты тоқтату жөніндегі хаты АҚШ заңдарына қайшы екенін айтып, заңгерлер тобы Азаттық жұмысын үзбеу үшін қажетті жұмыстарды атқарып жатқанын мәлімдеді.
USAGM туралы ақпарат
USAGM – апта сайын 360 миллионнан астам адамға 50-ге жуық тілде жаңалық хабар тарататын ұйымдарды қадағалайтын АҚШ-тың тәуелсіз мемлекеттік агенттігі. USAGM-нің 2025 жылға арналған бюджеттік өтінімі – 950 миллион доллар. Бұл оның барлық операциялары мен инвестицияларын қаржыландыру үшін қажет.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы – АҚШ Конгресі бөлген грант есебінен USAGM арқылы қаржыландырылатын тәуелсіз медиакорпорация. Азаттық радиосы жұмысын 1953 жылғы 1 наурызда бастаған. Орталық Азия елдері тілдерінде (арасында қазақ тілі де бар) хабар тарататын Түркістан редакциясы 1953 жылғы 18 наурызда алғаш рет эфирге шығып, жұмысын бастаған еді. Қазіргі таңда оның әлеуметтік желілердегі, телевизиялық және радио эфирлеріндегі аудиториясы ондаған елде миллиондаған адамды қамтиды.
Азаттық радиосы. 70 жыл