Еуроодақтың сыртқы істер министрлері Украинаға көмек бойынша келісімге келе алмады

Еуроодақтың сыртқы саясат мекемесінің басшысы Кая Каллас

Еуроодақтың сыртқы саясат мекемесінің басшысы Кая Каллас

Еуропа одағына мүше елдердің сыртқы істер министрлері Украинаға 40 миллиард еуро көлеміндегі көмек пакеті бойынша келісімге келе алмады. Бұл туралы дүйсенбі күні Брюссельде өткен Еуроодақ кеңесінің отырысынан кейін баспасөз мәслихатында Еуроодақтың сыртқы саясат мекемесінің басшысы Кая Каллас мәлімдеді. Ол жақын арада прогресс болады деген үміті барын айтты.

Украинаға жаңа көмек траншын бөлу бастамасын Каллас көтерген еді. Наурыз айында ол Украинаға 20 миллиард еуро бөлуді ұсынған. Бірақ Венгрия қарсы болғандықтан ол жоба 6 наурыздағы Еуроодақ саммитінің қорытынды мәлімдемесіне енгізілмеді. Euractiv ақпарат агенттігінің мәліметінше, осы жағдайдан кейін Еуроодақта Украинаға көмек көрсетуге кедергілерді болдырмау мақсатында ерікті әскери көмек қорын құру жайлы ұсыныс айылған.

Дегенмен кейбір еуропалық саясаткерлер бұл жоспарға күмәнмен қарайды. Словакияның премьер-министрі Роберт Фицо Брюссель саммиті қарсаңында өз елі Украинаға көмекті Еуроодақ бюджеті есебінен қаржыландыруды қолдамайтынын мәлімдеген. Италияның сыртқы істер министрі Антонио Таяни La Stampa басылымына берген сұхбатында ұсынылған жоспарға қатысты көптеген елдердің сұрақтары барын айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Еурокомиссия 150 миллиард еуро көлемінде қорғаныс қорын құруды ұсынады