Әуежайдағы қарбалас, "Үлкен жетіліктің" "Талибанға" шарты. Ауғанстанда не болып жатыр?

Кабул әуежайының сыртындағы көрініс. 23 тамыз, 2021 жыл.

Ауғанстаннан кетуге асыққан мыңдаған адам Кабул әуежайына ағылып жатыр. 31 тамызға дейін Ауғанстандағы барлық азаматын эвакуациялап бітуге ниетті АҚШ бастаған халықаралық күштер операцияны үздіксіз жүргізуде.

25 тамыз таңдағы мәлімет бойынша, Ауғанстаннан 75 мың адам эвакуацияланған. Дегенмен халықаралық әскери күштермен әріптес болғаны үшін "Талибан" режимінің қаһарына ұшыраймыз деп қорыққан жүздеген адам елден алып кететін ұшақ күтіп, Кабул әуежайының сыртында жүр. Кей жұрт 1996-2001 жылдары билік құрған тұсында "Талибан" аса қатаң режим енгізіп, әйел құқықтарын шектеді деп, елден кетуге асық.

Канада әуе күштерінің C-177 ұшағы Кабулдан азаматтарды алып кеткелі тұр. Ауғанстан, 23 тамыз, 2021 жыл.

БАЙДЕН ТЕРРОР ҚАУПІ ЖАЙЛЫ АЙТТЫ

АҚШ президенті Джо Байден 24 тамызда эвакуация операциясы белгіленген мерзім – 31 тамызға дейін бітеді деді, бірақ бұл "Талибанның" ықпалдасуына және әуежайға өтуге жол беруіне" байланысты деді ол.

Билікті басып алған "Талибан" эвакуация процесін 31 тамызға дейін бітіруді талап етті және Вашингтонды жоғары білікті мамандарды елден кетуге үндемеуге шақырды.

"Талибан" АҚШ қолдауына сүйенген үкіметке жұмыс істегендердің барлығына амнистия жариялайтынын айтты. Бірақ содырлардың журналистерді, бұрынғы ауған әскері мен үкімет өкілдерін қудалағаны туралы ақпарлар болды.

Кабулдағы ішкі істер министрлігі ғимаратын қорғап тұрған "Талибан" өкілі. 17 тамыз, 2021 жыл.

Бұған қоса Байден "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымына жақын топ әрі "Талибанның" қас жауы ISIS-K немесе "Ислам мемлекеті – Хорасан" террорлық шабуыл жасауы ықтимал деп ескертті.

Әуежай сыртында аласапыран болып жатқандықтан, мемлекеттер өз азаматтарын басқа жерде жинап, дайын тұрған ұшаққа бірден жеткізу әдісіне көшті. Ал елден кеткісі келген ауғандар әуежай қоршауының сыртында тұр.

Австралия елшілігін күзеткен жүздеген ауған азаматы мен олардың отбасы мүшелері Кабул әуежайының сыртындағы кәріз суын кешіп бірнеше сағат кезекте тұрған. Әуежай күзеті "визасы жоқ" болғандықтан, оларды ішке кіргізуден бас тартты.


25 тамызда Британия сыртқы істер министрі Доминик Рааб қос азаматтығы жоқ Ұлыбритания азаматтарының барлығы дерлік Ауғанстаннан әкетілгенін айтты. Оның айтуынша, кейінгі 24 сағат ішінде 2 мың британ азаматы еліне жеткізілген.

25 тамызда Ресей Ауғанстаннан Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Украинаның 500 азаматын эвакуациялау үшін төрт әскери ұшақ жөнелтіп жатқанын хабарлады.

Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, жолаушыларға қажет көмек көрсету мақсатында ұшақтар медициналық құралдармен жабдықталған әрі онда медицина қызметкерлері бар.

"ҮЛКЕН ЖЕТІЛІК" "ТАЛИБАНДЫ" СӨЗІНЕ ЕМЕС, ІСІНЕ ҚАРАП БАҒАЛАЙДЫ

24 тамызда әлемнің өнеркәсібі дамыған жеті елінің (G7 – "Үлкен жетілік") басшылары виртуал кездесу өткізіп, Ауғанстандағы азаматтарды эвакуциялау және "Талибанмен" әріптестік орнату жайын пысықтады.

G7 басшылары Ауғанстанға көмек көрсетуге әзір екенін және Біріккен ұлттар ұйымының елге шұғыл гуманитарлық жәрдем жасау өтінішін қолдайтынын мәлімдеді.

Канада әскері эвакуацияға көмектесіп жатыр. Кабул әуежайы, Ауғанстан. 24 тамыз, 2021 жыл.


Британия премьер-министрі Борис Джонсон "Үлкен жетілік" эвакуацияны ұйымдастыруда ғана емес, "Талибанмен" әріптестік бойынша жол картасын жасауда бірлесіп әрекет етуге уағдаласқан.

Джонсонның айтуынша, "Үлкен жетіліктің" басты шарты – содырлар елден кеткісі келген ауғандардың 31 тамыздан кейін де қауіпсіз жағдайда ұшып кетуіне мүмкіндік беруі тиіс.

Бұған қоса ол "Үлкен жетілік" "Талибанға" экономикалық, дипломатиялық және саяси қысым тетіктерін қолдана алатынын, соның ішінде қаржылай көмектің көп бөлігін тоқтату мүмкіндігі бар екенін айтты.

Джо Байден "Үлкен жетілік" "Талибанның" сөзіне сенбейтінін ескертті. "Біз оларды ісіне қарай бағалаймыз" деді ол.

Әуежай сыртында тұрған ауғандар. Кабул, Ауғанстан. 25 тамыз, 2021 жыл.

Сәуірде АҚШ президенті Джо Байден 11 қыркүйек оқиғасының 20 жылдығы қарсаңында Ауғанстандағы Америка күштерін түгел шығару ойы бар екенін айтқан. Кейін 31 тамызға дейін АҚШ әскерін түгел алып кету туралы ақтық шешім шығарған. 2001 жылғы 11 қыркүйекте "әл-Қайда" терроршыл тобы АҚШ-қа жойқын шабуыл жасап, мыңдаған адам көз жұмған соң, Америка бастаған халықаралық күштер "Талибан" режимі астындағы Ауғанстанды паналаған терроршыларға қарсы әскери операция бастаған. 2011 жылы "әл-Қайда" басшысы Осама бен Ладен өлтірілді.

"Талибан" Ауғанстан аймақтарын біртіндеп өзіне қаратып келді де, 15 тамызда күтпеген жерден ел астанасы – Кабулға басып кірді. Елдің заңды сайланған президенті шетелге қашып, "Талибан" билікті қолына алғанын мәлімдеді.