Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағында болған жарылыс пен өрттен кемінде кемі 66 адам зардап шекті. Бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қорғаныс министрлігі дерегінше, қоймада инженерлік оқ дәрі сақталады, бірақ олар алыс қашыққа ұша алмайды. Сонда да жақын маңдағы ауылдардың тұрғынын қауіпсіз жаққа көшіру туралы шешім шыққан.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметі бойынша, 250 тұрғыны бар Қайнар ауылы оқиға орнынан 1 километрге жетпейтін қашықтықта орналасқан. Халықты эвакуациялау басталды.
"Жақын маңдағы Базарбай, Үш-Бұлақ, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрғындары эвакуацияланып жатыр" делінген әкімдіктің баспасөз хабарламасында.
26 тамызда кешкі сағат жеті шамасында Тараз қаласының маңындағы әскери қойма жанында жарылыс болды. Бұл жөнінде Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл бөлім Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласынан 18 километр қашықтықта орналасқан.
"Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі қоймалардың бірінің жанында сағат 19:00 шамасында өрт шықты. Өрт кесірінен белгісіз заттар жарылды" делінген қорғаныс министрлігінің сайтында.
Мекеме ақпараты бойынша, әскери бөлімнің өрт сөндіру командасы отты сөндіруге тырысып жатыр, оларға Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері көмекке келген.
"Өрт сөндіріліп жатыр. Оттың тұтану себебі анықталу үстінде. Оқиға орнына министрдің орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев басқарған комиссия жіберілді" делінген министрлік хабарламасында.
Әлеуметтік желідегі хабарларға қарағанда, қоймада кемінде сегіз жарылыс болған, өрт тоқтаған жоқ. Оқиға орнына жедел жәрдем және полиция көліктері өтіп жатыр, журналистер жарылысты алыстан бақылап тұр.
Әуесқой видеокадрларға қарағанда, жарылыстардың жойқын болғаны және әлі қайталанып жатқаны байқалады.
Әлеуметтік желіде тараған видеоларда куәгерлер жолдардың жабылғанын айтып, оқиғаны былтыр Түркістан облысы Арыс қаласында әскери қоймада болған жарылыспен салыстырып жатыр.
Ақпарат толықтырылады.