Google мен Facebook Тәжікстанда салық төлеуші ретінде тіркелді, бірақ бұдан "желіні бұғаттау тоқтамайды"

Көрнекі сурет

Америкалық Google корпорациясы мен Facebook Ireland Ltd. компаниясы Тәжікстанда электронды қызмет көрсететін салық төлеуші ретінде тіркеуге тұрды. Әлемдік дәрежедегі медиа алпауыттар Тәжікстан үкіметіне қарасты арнайы сайт көмегімен тіркелген.

Тәжікстан Салық кодексіне енгізілген "Google салығы" деген жаңа өзгеріс 16 қаңтарда күшіне енді. Ол бойынша, шетелдік компаниялар көрсеткен электрондық қызметі үшін Тәжікстанға салық төлеуге міндетті.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, Google мен Facebook-тың салық төлеуші ретінде тіркеуге тұруы елдегі қарапайым интернет қолданушыға еш әсер етпейді. Мәселен, Facebook-тегі жарнама үшін ақша төлеген тәжікстандық қолданушыға бұл үшін салық салынбайды. Ал шетелдік компаниялар Тәжікстан азаматтарынан түскен табысы үшін салық төлеуі тиіс. Олармен қоса блогерлер де салық төлеуге міндеттеледі. Ал Тәжікстандағы заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге не шетелдік компаниялардың өкілдіктеріне қызмет көрсетілсе, олар "салық агенттері" деп танылады.

Тәжікстан үкіметінің жанындағы байланыс қызметінің басшысы Бек Сабуров 2015 жылы Facebook-ты бұғаттау кезінде бұл әлеуметтік желі иесіне елдегі қызметі үшін салық төлету жайын талқылау мақсатында компания басшысы, америкалық миллиардер Марк Цукербергпен кездесуге әзір екенін мәлімдеген. Ол тұста тәжік шенеунігінің бұл пікірі әзіл-оспақ тақырыбына айналған.

Google, YouTube, Facebook және басқа да әлеуметтік желілер мен қызметтерді бұғаттайтыны үшін Тәжікстан басшылығы жиі сыналады. Көбіне оппозициялық топтардың әрекеттері мен түрлі қоғамдық-саяси оқиғалар кезінде елде әлеуметтік желілер ашылмай қалады.

"Тәжікстан медиа альянсы" қауымдастығының басшысы Әбдумәлік Қадыровтың айтуынша, Google и Facebook-тың салық төлеуші ретінде тіркеуге тұруы биліктің оларды бұғаттау саясатына еш әсер етпейді. "Әлеуметтік желіге шек қою – саяси шешім. Тәжікстанда саясат экономикаға үстемдік етеді. Тәжікстанда бөтен пікірмен күрес бірінші орында тұр. Бөтен пікірге жол бермес үшін билік кез келген кірістен бас тартуға әзір" деді Қадыров Азаттыққа.