Кабулдағы «Обама базар» құлдырап барады

«Обама базардағы» америкалық әскери аяқ киімдер.

Ауғанстан астанасында жұрт «Обама базар» деп атап кеткен базар бар. Батыс әскері елден шыға басталғалы жылдар бойы қанат жайып келген бұл сауда орнының кетеуі кете бастады.

АҚШ сарбаздарынан ұрланған әскери жарақ пен азық-түлік сатылатын Кабулдағы базардың қазір қиюы қашқан. Халық «Обама базар» деп атап кеткен бұл сауда орнында пайдалануда болған электроника тауарларынан бастап солдат бәтеңкесі, далада ұйықтауға арналған төсек, әскери киім мен Welch шырыны, Kraft ірімшігі, Heinz тұздығы сияқты Америкадан әкелінген азық-түліктің сан түрі сатылып жататын.

Осы күні бұл шаңдауыт базардың ұзын-сонар сауда қатарлары мен дүңгіршектері қаңырап бос қалған. Керегін іздеген жұрт көзіне арагідік америкалық тауарлар шалынуы мүмкін, бірақ қазір оны жеткізуші де, алушы да азайған.

Халықаралық әскери күштер кететін болып, әскери базалар жабыла бастаған былтырдан бері Кабулдың орталығында орналасқан бұл базардан да береке кетті. Себебі мұнда сатылатын заттың көбі сол әскери базалардан әкелінетін.

«Обама базардағы» сатушылардың бірі.

– Қазір бұрынғы сатылатын тауардың тек 10 пайызын ғана сатамыз. Көбіне тіпті орынға төлейтін күндік ақыны да шығара алмаймыз. Жыл басынан бері сауда мүлде тоқтады. Таңнан кешке дейін осындамыз, бірақ көбіне уақытты әңгімелесумен өткіземіз, себебі мүлде сауда жоқ, - деді үш жылдан бері осы базарда жұмыс істеп келе жатқан Шуяб есімді саудагер.

Шуяб былтыр күніне 2 мың ауғани (35 АҚШ доллары) табатын. Ал қазір бір-екі жүз ауғани тапса, соның өзін дәтке қуат етеді. «Егер сауда көлемі артпаса, онда бір-екі айда бұл кәсіпті қоямын» дейді ол.

Америка тауарлары азайып, қазір көршілес Қытай, Иран және Пәкістаннан келген жалған көшірмелерді сата бастадық дейді саудагерлер.

ЕРТЕҢГЕ ДЕГЕН СЕНІМ АЗАЙҒАН

Ауғанстандағы шетел әскерінің саны көбейген 2011 жылы мұнда НАТО-ның 130 мыңға жуық сарбазы болған. Бүкіл ел аумағында 800-ге тарта әскери база орналасты. Ал өткен жылдың соңына қарай солардың тек 80-і ғана қалды. Одан бері де бірталай әскери база жабылды, жыл соңына дейін соның оншақтысы ғана қалмақ.

Базалардың жабылуы ел экономикасына үлкен зардап әкелді. Жұмыссыздық көлемі күрт артты, ал бизнесмендер қаражаттарын қайтадан сыртқа таси бастады.

Ауғанстаннан шетел әскерін шығарудың тұрғындарға әсері (фотогалерея)

Ауғанстаннан шетел әскерін шығарудың тұрғындарға әсері

Алты жылдан бері осы базарда сауда жасап келе жатқан Шахгаши есімді қарт кісінің айтуынша, шетел әскерінің кетуі және президент сайлауындағы итжығыс елдің ертеңге деген сенімін азайтып жіберді. «Қазір халық ақша жұмсаудың орнына, оны ертеңгі қиын күнге сақтауды жөн санайды» дейді ол.

– Экономика жақсы болып, қауіпсіздік сақталып тұрған кезде инвестиция да болды, жұрт та ойланбай ақша жұмсай беретін. Жұрт ақша ұстаса, біздің де жұмысымыз жүреді. Қазір осындай бір-біріне жалғасқан проблемаларды бастан кешіп отырмыз, - дейді Шахгаши.

Елдегі өзгеріс Шахгашидің өміріне де тікелей әсер етіп отыр. Осыдан оншақты жыл бұрын сегіз үйлі жан күнкөріс қамымен оңтүсіктегі Лагман уәләятынан Кабулға көшіп келген. Былтырғы дейін бәрі жап-жақсы жүріп жатқан. Ал қазір отбасын асырай алмай қалған Шахгаши шарасыз күйде күйзеліп отыр.

АТАУЫ САН ӨЗГЕРГЕН БАЗАР

Саясат құбылған сайын бұл базардың аты да өзгеріп отырады. 1979 жылы совет әскері Ауғанстанға басып кіргеннен соң бұл базар Совет одағы компартиясы бірінші хатшысының құрметіне «Брежнев базары» деп аталған. Кейіннен 2001 жылы АҚШ Ауғанстанға әскер жіберген соң халық оны Американың сол кездегі президентінің құрметіне «Буш базары» деп атап кеткен.

Кабулдың «Обама базарындағы» сауда қатарлары.

Саудагерлер базардың келесі атына қатысты әзіл-шыны аралас пікір айтады. Бірі бұл базар президент сайлауында жеңген Абдулла Абдулланың атымен аталады десе, енді бірі базарға жеңіске жеттім деп отырған келесі кандидат Ашраф Ғанидің аты беріледі дейді. Саудагерлердің бірі елді ұзақ жыл басқарған президенттің құрметіне «Карзай базары» деген атты ұсынды.

Жамал Хан есімді тағы бір саудагердің айтуынша, базар қазіргі атын сақтап қалуы керек. «Елімізге басып кіргенімен, америкалықтар біздің экономикамызды дамытты. Біз мұны ұмытпауымыз керек» деді ол.

Фруд Бежанның материалын ағылшын тілінен аударған –Мұхтар Екей.